Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялап, еліміздегі жағдайдың оңай болып тұрмағанын, әр азаматтың қазасы жүрегіне қатты бататынын, алапат індеттің арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатқанына қайғыратынын айтып, қара жамылған отбасыларына көңіл айтты. Соған орай 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Президент бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймайтынын, алайда уайым мен қайғыға батып, еңсені түсіруге болмайтынын да атап өтті.
Иә, «от ішінде мақтаны сақтайды» деген сөз бар қазақта. Ұлтымыздың басына түскен нәубет көп. Бабаларымыз бүгінгі заманға дейін қаншама қиындықты еңсерді. Талай от кешулерден, тайғақ жолдардан өтті. Ғасырларға жалғасқан алашапқын жаугершілік, азаматтық соғыс, ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс және басқа да ақтаңдақтар жетерлік. Соның бәрінде құрбандықсыз болған жоқ.
Әсілі, жазмыштан озмыш жоқ десек те халықтың жартысынан астамына дейін қырылған қасіретті жылдардың қайғылы жасы тарих парақтарына талай тамды. Егер осы жастан әр адамның өмірін жеке көрер болсақ, шын мәнінде аза бойың қаза болады.
Қамыққан жұбанып, тарыққан қуанып, арманға дәрмен демеу болып ХХІ ғасырға жеткен ұлт жаһанды жайлаған жойқын індетті де жеңуі тиіс. Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады. Өмір үйі желде, үміт үйі сағымда. Ыға бермей, лайықты қарекетке көшу қажет. Қоғамдағы ортақ ой осыған саяды. Қазір мемлекет бастап, кәсіпкерлер қоштап, қолында қаржысы барлар үстеп, адам өміріне араша түсетін қат та қымбат медициналық аппараттарды сатып алуға бір кісідей жұмылып жатыр. Елдік, кісілік деген – осы.
«Кемедегінің жаны бір» деген, күллі еліміз ғана емес, жер-жаһан бұл індетке тосқауыл қоя алмай дағдарып отыр. Әрине, бірен-саран елдер коронавирусты жеңіп шыққанын жариялап, емханадан емделіп шыққан ең соңғы пациентіне ілтипат көрсетіп жатыр. Бірақ ауызы-басыңызды қанша тұмшаласаңыз да бір мәрте тыныстау керек қой, алыс-беріссіз өмір сүре алмайтын интеграциялық кеңістікте шекаралық кеденнен қандай кедергі қойсаңыз да, көзге көрінбейтін індет өтіп кеткенде кімге кінә артарыңызды да білмейсіз. «Жазым болса, быламыққа да тіс сынады» деген осы шығар, бәлкім. Десе де қол қусырып отырудың қажеті шамалы. Осы бір оймен бойды бекітсек, барлық ауыртпалықты жеңіп шығарымыз анық.
Әлбетте, Президент айтқандай, отандық медицина бұл сынаққа төтеп бере алмады. Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты орындардағы тұлғаларына сын айтылды, қызметтерінен шеттетілді. Бұл қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесінің кемшіліктерін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Иә, кемшілік түзелер, кінәлілер жазаланар... Қазіргі міндет – әр уақытты тиімді пайдаланып, барынша қол ұшын созуға жұмылу. Өйткені уақыт – адам өмірінің өлшемі.
Ал бүгін – Ұлттық аза тұту күні. Еліміздің дамуына үлес қосқан, тосыннан келген індет жаз өмірін қиып түспегенде әлі де жұрт кәдесіне жарайтын жақсыларымызды, қапыда өмірден өтіп кете барған азаматтарымызды аза тұтатын, жоқтайтын күн. Жалпы, «әр қазақ – менің жалғызым» деген ұлы сөзді айтқан біз қазір жоқтай аламыз ба? Лайықты, байыпты жоқтау бар ма? Әлбетте, қазақ халқының ғұрыптық танымында жоқтаудың өзі айрықша бағаланатын алабөтен кепиетті дүние еді ғой. Айталық, өмірден өтер алдында тірі адам әуелі арыздасады, бақұлдасады. «Қияметте жүздесейік, маһшарда кездесейік» деп көзіне жас алады. Жан тәсілім етер алдында кейінгі ұрпағына өсиет қалдырады, әлдебір жақынына өтініш, кеңес немесе тапсырмасын айтады. Иманын үйіріп, тілін кәлимаға келтіреді. Міне, қазіргі індет осының бәріне үлгертпей жатыр. Бұл жағдайды испан суретшісі Хуан Лусеннің «Қоштаса алмай кеткендер» тақырыбындағы полотносы дәл бейнелеген.
Қазір естірту, көңіл айту, жоқтау түгелімен әлеуметтік желіге көшкендей. Өкінішке қарай, бүгінгі жоқтауымыз алыстан «ой, бауырымдап», бір-бірімізді қапсыра құшақтап, өксігімізді баса алмай, көп болып бөлісе жеңілдететін бейбіт күннің жоқтауы болмай тұр. Оған жақындап кеткенді жалмайтын жаман ауру мұрша бермей тұрғаны да белгілі. Әйтпесе қазақта ақтай жоқтау, шашын жаю, қара тігу сықылды жоқтаудың да адамның қоғамдағы орнына, жасына қарай сан алуан түрі бар. Міне, осының бәрі жақынынан айырылған жанның көңіліне демеу еді ғой. Қазір осы ғұрып, сүйекке кіру, арулау, топырақ салу, бата оқырдың бәрі тіршілігімізден сырт қалып отыр. Жаназаға жиылып, қайғыға ортақтасып жатқан жұрт қарасы артса «бұл қалай?» дейтін күнге кез болдық. Өйткені ең басты құндылық – адам өмірі. Ал жері мен халқының саны арасында айтарлықтай алшақтық бар біздің елге қазіргі ең басты мұрат – адам ресурсын сақтау болуы тиіс.
Жалпы, аза тұтуды әр халық әрқалай рәсімдермен өткізеді. Киім киісіне, тіпті шаш қиысына дейін мән берілетін халықтық ғұрыптар бар. Қайбір елдер азалы пошта маркасына дейін шығарады. Бүгінгі заманда көбінесе Фредерик Шопеннің «Жерлеу маршы» ойналады. Ал елімізде көк байрақ төмен түсіріледі. Бір минут үнсіздік жарияланады. Бұдан басқа қандай сабақ алатын дәстүрлер енгізілуі қажет?
Қазақ халқының домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптарында орындалатын күйлерінің ішінде жоқтау туралы күй жетерлік. Міне, осы бір байырғы жоқтауларды осындай қаралы күнде қазіргі көрерменге аңыз-әпсанасымен бірге жеткізудің жолдарын ойластыру қажет сияқты. Бұл күйлер қанымызда қалған ұлттық кодты тап басады. Өйткені күй қайғылы сарында болғанымен, оның өзегінде елдің тағдыры, адамның көрген теперіші бар. Яғни кез келген күйдің отансүйгіштік, оптимизмге толы рухы болады. Қиындықтарға мойымауға, күресуге шақырады. Осы бір асыл қазынаны еліміздің теле-радио арналары мүмкіндігінше халыққа жеткізуге күш салса, бұл да бір Ұлттық аза тұту күнінің қайғыға құлай бермей, қайта қайрат қосуға үндегеніндей тәлімі болар еді.
Сондай-ақ бұл індетпен күрестегі майданның алғы шебінде болып, індет жұқтырып қаза болған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және басқа да салалық мамандардың жақындарына марқұмның ұжымы мен мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсететін күнге айналғаны жөн.
Ізгілікте шек жоқ. Атанды да жығатын ауруға атойлап қарсы шыққан еріктілердің еңбегін лайықты бағалауды да ойластыру керек шығар. Әрине қоғам болып ой қосып, азалы күннің мән-маңызын арттыратын тағылымды дүние аясын кеңейте түсуге болады.
Ең бастысы, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келген Ұлттық аза тұту күнінде денсаулық саласының ең басты қауіпсіздік мәселесіне айналғанына көзіміз жете түскендей.