Руханият • 14 Шілде, 2020

«Білеулі» һәм «Анаға тағзым»

899 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында «Білеулі» деп аталатын керуен сарайдың қақпасы мен «Анаға тағзым» ескерткіштері бой көтерді.

«Білеулі» һәм «Анаға тағзым»

Білеулі керуен сарайы – XIV ға­сырдан бері сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. Жібек жолының бір тармағы, Ноғайлы жолының бойында, Үстірттің Қарақалпақ бөлігінде орналасқан. Сол­түстік пен оңтүстікті жалғастыратын ке­руен жолы болғандықтан, оның бойына әрбір 25 км сайын керуен сарайлар салғызған. Құлаған ғимараттың 8 метрге жуық екі бағанасы мен қақпасы сақталған. Білеулі кер­уен сарайының екі қабаты батыс пен шығыс қабырғаларының өн бойында жеті-жетіден 14 бөлме бар. Керуен сарайдың ішкі ауласында терең шыңырау құдық болған. Ескерткіштің өн бойында Маңғыстау өңіріне тән айшықтар бейнеленген. Жаңа сәулет ны­санының бой көтеруіне аудан кәсіп­керлері Тәжмағамбет Жұбанов, Сұңғат Бөрібайұлы мен Гүлмира Тәжмағамбетқызы ықпал етті.

 Сонымен қатар Маңғыстаудың төл перзенті, сәулетші Болатбек Салаев Бейнеу ауданына «Анаға тағзым» ескерткішін сыйға тартты. Жаңа туындыда ананың балаға деген мейірімі ерекше көрсетілген. Әйел бейнесі арқылы қазақ қызының инабаттылығын, биязылығын, қазақ­қа тән мінезін сипаттаған. Ана­ның оң қолына сәбиін ұстап, алға қа­рай бір қадам жасап тұрғанының мәні – түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолы­мен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиет­терге тәрбиелеген, ақ сүтімен адам­гершілік дарытқан аналарға тағзым ретінде бейнеленген. Ал киім-кешектегі әр ою-өрнек салт-дәс­түрі­міздің болмысын сипаттайды.

– Жас мүсінші ретінде осындай ауқымды тақырыпта үлкен мүсін жасау менің мақсаттарымның бірі болды. Жұмыс барысында аналарымыздың мейірімге толы бейнесін, ұлтымыздың бай дәстүрін жеткізгім келді, – дейді Болатбек Еркебайұлы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында әрбір азамат туған жерін көркейтуге ат салысу керектігі айтылған болатын. Бейнеу ауданында алғаш рет ашылған бұл стелланы қоғамдағы, отбасындағы ана мәртебесін көте­рудің үлкен үлгісі деуге болады.

Қос жоба індеттен қиналған тұр­­­ғындардың көңіліне қуаныш сый­лаған жаңалық болды.

 

Маңғыстау облысы,

Бейнеу ауданы