Аталған фабрикада күлі аз, жоғары сапалы көмір байытылатын болады. Инвесторлардың жоспары бойынша өндірістік нысан 2021 жылға қарай іске қосылуға тиіс екен.
Жалпы құны 12 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлер үшін «Қазақстанның даму банкі» АҚ тарапынан жеті жыл мерзімге деп 9 млрд 24 млн теңге мөлшерінде несие желісі ашылыпты. Яғни қарыз қаражаты компанияға Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылған. Қалған 3 млрд теңге шамасындағы қаржыны инвесторлар құрылысқа өз жанынан салады.
Жаңадан бой көтеретін кәсіпорын сапалы көмір өндіріп қоймай, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін нысан ретінде жақсы атқа ие болмақшы. Мысалы, фабрикадағы байыту үдерісі су тұндыратын бассейндер үшін сонша көп аумақты қажет етпейтін жабық бөлмеде іске асырылады. Автоматты және электронды жаңа технологиялар арқылы өндірістің барлық кезеңдерін кәсіпорынның басқару орталығынан оператор бақылайтын болады. Жобаның бүгінгі күнде қоршаған ортаға әсерді бағалау мемлекеттік экологиялық сараптамасынан өткенін де айта кеткен жөн.
Брифингте Qaz Carbon ЖШС-ның акционері Ерлан Нығматулин көмірді байыту үшін ылғалды байыту технологиясының қолданылатынын мәлім етті. Яғни ол пайдалы қазбаларды шикізаттың жалпы тау-кен массасынан барынша ажыратып алуға мүмкіндік береді.
– Байытудың барлық рәсімі химиялық реагенттерді қолданбай жабық циклде өтеді. Бұл қоршаған ортаға әсер етудің тазалығына алып келеді және жалпы жобаның экологиялық оң әсерін едәуір арттырады. Байыту фабрикасындағы өндірістік үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейі дайын өнімнің сапасы мен технологиясының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Фабриканың қуаттылығы сағатына 300 тонна немесе жылына 1 800 000 тонна болады, – деді ол.
Шикізат ретінде Қарағанды өңірінің көмірін пайдаланатын жаңа кәсіпорын дайын өнімді экспортқа шығаруды көздейді. Одан бөлек, Қарағанды ферроқорытпа зауытында – YDD Corporation компаниясында пайдалану да жоспарда бар екен.
Бұл жөнінде Qaz Carbon ЖШС-ның акционері Давид Кемертелидзе тарқатып айтып берді.
– Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мол тәжірибеміз бар. Сондықтан алыс және таяу шетел нарығының, сонымен қатар ішкі нарықтың қажетін зерттей отырып, жаңа жобаларды іске асыруды қолға алдық. Іс жүзінде Қазақстанда бірегей инвестициялық ахуалдың қалыптасқанына ғана емес, сонымен бірге қосылған құны жоғары өнім жасау үшін үлкен шикізат базасы бар екеніне көз жеткіздік, – деп атап өтті кәсіпкер.
Брифинг барысында «Қазақстанның даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі тікелей тапсырмаларының орындалуына игі әсерін тигізетінін айтты.
Заманауи кәсіпорын жұмыс істей бастағанда 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Ал нысан құрылысы кезінде 500-ден астам адам жұмысқа тартылмақ. Ал зауыт, жоғарыда айтқанымыздай, өз өнімдерін экспортқа шығаратын болады. Мұның өзі еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосады деген үмітке негіз береді.
Қаржыландырудың екінші бөлігі қазір жұмыс істеп тұрған құю өндірісімен айналысатын зауытты жаңғыртуға бағытталады. Ал бұл өз кезегінде болат және шойын өнімдерін шығару бойынша қолданыстағы қуаттарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Еске салар болсақ, аталған зауыт 2018 жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауқымды жаңғыртудан өткізілген болатын. Бұл кәсіпорын негізінен шойын және болат өнімдерін шығарумен, кокс және жартылай кокс өндірумен айналысады. Жылдық жобалық қуаты 120 мың тонна болатын зауыт 900-ден астам болат және шойын өнімдерін шығарады.
Зауытты жаңғырту бойынша инвесторлар екі жыл ішінде 8 млрд теңгеден астам жеке инвестиция салып, 1 216 жаңа жұмыс орнын ашқан. Компаниядағы қызметкерлердің орташа жалақысы 245 мың теңгені құрайды. Былтыр компания тарапынан мемлекетке 2,1 млрд теңге мөлшерінде салық төленген. Qaz Carbon ЖШС-ның жаңа жобаларын жүзеге асыру аймақ экономикасын әртараптандыруға серпін береді және соңғы буын технологияларының трансферті есебінен еңбек өнімділігін арттыруға сүбелі үлес қосады.
ҚАРАҒАНДЫ