Бүгінде жергілікті жұртшылық жедел жәрдем мен медициналық мекемелер жұмысының нашарлығына жиі шағымданатын болды. Сонымен қатар көпшілікті ауруханалардағы төсек-орындар мен дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі де алаңдатып отыр. Расында да, аталған мәселе облыс халқы үшін бүгінгі таңда күрделі болып тұр. Қауіпті індеттің құрығына ілініп қалудан қорыққан қарапайым тұрғындар аталған мәселелердің шешілуін сұрайды. Бұл орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов провизорлық стационардағы төсек қорының толтырылуы шамамен 50 пайызды құрайтынын атап өтті. Сондай-ақ «Дәрігерлер аз болғандықтан, науқастарды қабылдауға уақыттары жетпеуде», дейді ол. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бас дәрігерлер мен дәріхана басшыларымен кездесуінде адамдар ауруханаға келіп, қабылдау бөлімінде бірнеше сағат кезек күтіп отыратынын, науқастарға қолайлы жағдай жасаудың орнына ауруханалар оны одан сайын нашарлататынын айтқан болатын. Шынында да, қазіргі кезде жедел жәрдем көлігін үйге шақыру, жергілікті емханаға барып қаралу мәселелері қиын. Егер адам әл үстінде жатпаса, жедел жәрдем ешкімнің үйіне бармайды. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» адамға кеңес беретін дәрігерлердің өзі жетіспейді. Ал дәрігерлер бәзбір адамға кеңес берген күнде де ол дәрілердің дәріханалардан табылуы қиындық тудырады. Дәрігерлердің көмегінсіз тұрғындар тағы да өз бетімен еш емделе алмайды.
Жалпы, тұрғындар ауруханаға жатқызылған соң да тиісінше ем ала алмайтынына, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымдануда. Бұл ретте «СҚ-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Айжан Тортаева өңірде пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты жуырда 25,3 млн теңгеге дәрі-дәрмек шұғыл жеткізілгенін айтты. Ол медициналық ұйымдардың өтініші бойынша дәрі-дәрмектерді жеткізу жұмыстарының жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар дәрігерлерден туыстары туралы да ақпарат ала алмайтынын жиі айтады. Тіпті, мұндай шағым өңірдегі провизорлық стационар болып жабдықталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасы дәрігерлерінің де үстінен түскен. Алайда аталған аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов кемшіліктер бойынша жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда ауруханада жедел орталық жұмыс істейді. Шағымданған әр тұрғын аталған орталық арқылы өзінің шағымын жеткізе алады.
Тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе – жедел жәрдемді күту уақытының бірнеше сағатқа созылатыны. Бұл мәселені облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлпан Пыхыбаева диспетчерлік қызмет жүктемесінің екі есеге артқанымен байланыстырды. Бүгінде жедел жәрдем стансасында call-орталық және кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ қазір дәріханаларда вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілердің жетіспеушілігі байқалады. Бұл ретте дәріханалар желісінің өкілдері мұндай жағдайды тұрғындардың өздері қалыптастырып отырғанын айтты. Олар дәрі-дәрмектерді ауырмаған, сау адамдардың сатып алып жатқанын жеткізді. Шыны керек, бүгінгі таңда Тараз қаласындағы көптеген дәріхананың алдында дәрі алу үшін кезек күтіп сабылған көпшілікті аңғаруға болады. Мәселен, Әйтеке би көшесіндегі «Әмір және Д» дәріханасында кезекке тұрған тұтынушылардың қарасы қалың. Аталған дәріхана Тараз қаласының орталығында орналасқандықтан да бұл жерге жұртшылық көп келеді. Мұнда сатып алушылар нысанға бір-бірден кіріп, тауарларды терезе арқылы алуда. Мұндай жағдай Әйтеке би көшесінде ғана емес, «Әмір және Д» дәріханасы орналасқан «Мыңбұлақ» шағын ауданында да, Желтоқсан көшесінде де кездеседі. Сонымен қатар қаладағы «Садыхан», «Жасұлан» сияқты ірі дәріхана желілеріндегі де жағдай осындай. «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Әмір Нұрсейітовтің айтуынша, бүгінде дәріхана желісінің қоры қалыптасқанмен, бір айға ғана жетеді екен. Аталған дәріханалар желісінің Тараз қаласы бойынша 24 дәріханасы жұмыс істейтін болса, бүгінде олардың екеуі ғана сұранысқа сәйкес тәулік бойы жұмыс атқаруда. Дәріхананың қоймалардағы қорларын бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай компьютер жүйесі қалыптасқан. «Біз өзіміз глюкоза, аскорбин қышқылы, физерітінді шығарамыз. Егер қажетті препарат болмаса, онда сатып алушыларға оның аналогін ұсынамыз. Тұрғындар парацетамол, ыстықты төмендететін және вирусқа қарсы препараттарды жиі сұрайды», дейді Әмір Нұрсейітов. Дегенмен, дәріханада қарапайым сынап термометрлері таусылып, тек электронды түрлері ғана сатылуда. Дәл осындай көрініс «Қоныс Б» дәріханасында да кездеседі. Аталған дәріхана қызметкерлері тұтынушылар арасындағы және сатушымен ара қашықтықтың сақталып отырғанын жеткізді. Келушілер ішке біртіндеп кіргізіледі. «Бізде дәрі-дәрмектерді жеткізуде мәселе жоқ. Үнемі препараттардың үлкен қорын сақтап отырамыз. Тұтынушылардың қарасының біршама қалыңдағаны байқалады. Бірақ әзірге таңертең әкелінген дәрі-дәрмектерді кешке дейін сатудамыз. Тұрғындарға парацетамолдың аналогтерін ұсынып отырмыз», дейді «Қоныс Б» дәріханасының меңгерушісі Зағира Шаңлақбаева. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мұнда барлық заңнамалық нормаларға сәйкес сатылады. Оның бағасы соңғы үш айда бар болғаны 5 пайызға ғана өсіпті.
Дәріхана қызметкерлері дәрінің барлық түрінің жеткілікті, олардың бағасының тұрақты екенін айтуда. Дегенмен, күні бойы ұзын-сонар кезекте тұрған көпшіліктің сұрауындағы дәрі-дәрмектер табылмай жатыр. Мәселен, аскорбин қышқылы, парацетамол сияқты дәрілер қасқалдақтың қанындай қат. Қай дәріханаға барыңыз, таппайсыз. Керісінше, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев «Ауыл-Береке» базарын аралағанда, сондағы саудагерлер өзге дәрілерді бума-бума қылып сатып отырғанын әшкерелеген болатын. Бұл күнде қауіпті індеттің қырсығынан қорыққан тұрғындар дәрі іздеп сабылуда. Көпшіліктің көкейінде дәрі жетіспеушілігінен дерт асқынып жүрмесін деген қауіп бар.
Жамбыл облысы