Кәсіпқой бокс • 14 Шілде, 2020

GGG жоспарда жоқ

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Golden Boy промоутерлік компаниясы Мексиканың мақтанышына айналған орта салмақтағы әлем чемпионы Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасуы мүмкін болған боксшылардың есімін атады.

GGG жоспарда жоқ

Бірден айтайық, мексикалықтың қар­сы­ластары тізімінде отандасымыз Ген­надий Головкин жоқ. Boxingnews24.com басылымының ақпараты бойынша, «Канеломен» күз мезгілінде 36 жастағы Багам аралының өкілі Туреано Джонсон (21-2-1, 15 KO) мен 29 жастағы ирландиялық Джейсон Куигли (18-1-0, 14 KO) жұдырықтасуы бек мүмкін. Екеуі де орта салмақта өнер көрсететін боксшылар. Бір қызығы, екі бокс­шы былтыр шілде айында бір-бірімен жекпе-жек өткізген. Сол кезде Джонсон 10-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен-ді.

Қазақстандық бокс жанкүйерлеріне Джейсон Куиглидің есімі жақсы таныс. 2013 жылы Алматыда өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатының финалында қандасымыз Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасып, есе жіберген. Айта кетейік, бұған дейін «Канело» шаршы алаңға 16 қыркүйекте оралатынын мәлімдеген еді. Енді мексикалыққа жекпе-жектің қай қалада өтетінін анықтау ғана қалды.