Экономика • 14 Шілде, 2020

Экономиканы қолдаудың қосымша шаралары әзірленеді

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов экономика салаларын қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеу үшін Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспарын дайындайтынын мәлім етті, деп жазады Egemen.kz

Экономиканы қолдаудың қосымша шаралары әзірленеді

"Мемлекет басшысы экономика салаларын қолдаудың қосымша шаралар пакетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау үшін Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспары қалыптастырылады. Жоспар жобасын Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте қарастырып, кеңес мақұлдаған жағдайда бекіту ұсынылады", - деді Руслан Дәленов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, тікелей инвестициялар бойынша тұрақты ортаны қалыптастыру мақсатында стратегиялық инвесторлар үшін шарттарды сақтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Сол үшін заңнамаға тиісті өзгерістер Мәжілістің қарауына енгізілмек.

"Мемлекеттік компаниялардың бюджетке дивидендтерді төлеуді тұрақты негізде арттыру мәселесі зерделенеді. Жүргізілген талдау негізінде тиісті нормативтік құқықтық акт әзірленетін болады", - деді ол.

Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққанда халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырған болатын.