azbyka.com.ua
Жазушылыққа баулитын оқу орны керек
Елімізде кітап оқитындар санының төмендеуін бірқатар сарапшы сұранысқа ие кітаптардың аздығымен, сондай-ақ нарықтың Ресей өнімдерімен толыққандығымен тығыз байланыстырады.
Бүгінде кітап ісімен айналысатын белсенді баспалар Нұр-Сұлтан мен Алматыда шоғырланған болса, баспа өнімдерінің 40 пайызы оңтүстік шаһардың үлесінде. Деректер кітап өндірісінің жылына 10-15 пайызға өсіп отырғанын көрсетеді. Баспа өнімдерінің статистикасын жүргізетін орталық Кітап палатасының мәліметтеріне сүйенетін болсақ, өткен жылы 304 баспа тарапынан 4307 аталыммен 22 млн-нан астам кітап жарыққа шыққан. Кітап саны 2018 жылмен салыстырғанда шамамен 2 жарым миллионнан асып, 190 аталымға көбейген.
Бір қарағанда күретамыры бүлкілдеп жатқан салада тіршіліктің нышаны байқалады. Десек те, соңғы отыз жылда қоғамдық-саяси жүйеде орын алған өзгерістер еліміздің кітап шығару ісіне айтарлықтай әсер етті. Иә, заман өзгерді. Бірақ кітаптың рухани өнім, тәрбие құралы, ой-өрістің бастауы ретіндегі миссиясына қоғамдық формациядағы өзгерістер үстемдігін жүргізе алған жоқ. Десек те, отандық кітап шығару ісі өндіріс көзі һәм тауар ретіндегі нарықтық талаптар үдесінен шыға алмады. Қаладағы кітап дүкендеріне бара қалсаңыз, осынау рухани тауардың тұтынушысына қаншалықты қолжетімді екенін, ал оның себеп-салдары біз болжағаннан да әлдеқайда тереңде жатқанын аңғаруға болады. Осы орайда кітап шығарудың жай-жапсарына кеңестік дәуір мен дамыған елдер тәжірибесін байланыстыра отырып қозғаған баспагерлер пікірлері арқылы үңілген едік.
Қазіргі қоғамда жазушының еңбегі бағаланбай қалды деп алаңдаушылығын білдірген Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел: «Жазған еңбегіне орай алатын қаламақысы мардымсыз. Кезінде жазушылардың көпшілігі жазған кітабына бір көлік мінетін дәрежеде болған. Ол заманда кітаптар елу мың таралыммен шықса, бүгінде көрсеткіш 50 есеге дейін төмендеп кетті. Қазақ жазушыларының өз кітаптарын арқалап жүріп таратып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Осыдан-ақ қазақ қаламгерлеріне қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын бағамдай беруге болады», дейді. «Жазушы болу үшін де дарын керек, десек те жас жазушыларды оқытатын оқу орны қажет» деген пікірімен бөліскен ғалым-ұстаз жас қаламгерлердің еңбектерін шығарып, насихаттау қажеттігін алға тартады.
«Кітаптың салмағы жазушының иығына түсті. Бүгінде кітаптары балконында сарғайып жатқан қаламгерлер бар», деген пікірмен әңгімесін бастаған «Жібек жолы» баспасының директоры, ақын, жазушы Бақытжан Қанапиянов осы орайда Мәдениет және Спорт министрлігі, баспагерлер қауымдастығы мен кітапханалардың түйісу тетігін табу қажеттігін ұсына отырып, озық елдер тәжірибесіндегідей кітап шығару ісіне салықтық жеңілдіктер беру қажеттігін айтады. Баспагердің айтуынша, сапасы жағынан да, мазмұндық тұрғысынан да бәсекеге қабілетті, шетелдік баспагерлердің қызығушылығын туғызатын отандық өнімдер бар. Бүгінде әлем алдында цифрлы және баспа түріндегі басылымдарды таңдау мүмкіндігі тұр. Цифрлы кеңістік баспа, полиграфия саласындағы байланыстардың дамуына ықпал еткенімен, кітаптың жөні бір бөлек.
Тәжірибесіз баспалар тендерлерге қатысып жүр
Бүгінде отандық баспалардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп отырғаны белгілі. Жылына бірді-екілі кітабын шығарып жатса, соның өзі өндіріске демеу. Дегенмен аталған бағдарлама бойынша бөлінетін қаражат теңізге тамған тамшымен бірдей. Мемлекеттік тапсырысқа баспа нарығында тәжірибесі жоқ баспалардың қатысып жүргеніне алаңдаушылығын білдірген «Өлке» баспасының директоры, жазушы Мереке Құлкенов: «Тендер кезінде жаңадан ашылған, қызметкері жоқ, баспа жүйесі жолға қойылмаған баспалар ұтып кетіп жатады. Баспалардың тәжірибесі мен шығарған өнімдері неге қаперге алынбайды?» деп қынжылысын білдіре келе: «Тендерлерде зағиптар қоғамдарына да басымдық беріледі. Бұл да аса назар аударатын мәселе. Осы тұста мүгедектерді қолдаудың басқа да жан-жақты жолдарын қарастырған жөн», дейді. Баспагердің айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға мониторинг жасалмауы салдарынан бір атаулы кітап екі жыл қатарынан басылады, ал өңірдегі кітапханалар сол кітапты қайталап алуға мәжбүр. Ал «Кітапханаларға әлеуметтік кітаптарға бюджеттен бөлінетін қаржыға Солтүстік Қазақстан сияқты өңірлерде Т.Устинова, Д.Донцова сияқты ресейлік жазушылардың кітаптарына қолжетімді бола тұра тапсырыс беріп жататыны қаперге алатын жайт» деп өз тәжірибесіндегі деректерді негізге ала отырып, еліміздегі көптеген мектептердің кітапханаларына соңғы жиырма жылда көркем шығармалар жеткізілмегенін атап өтті. Осыдан барып жастар кітап оқымайды дейміз.
Иә, кітап дүкендеріндегі қазақ кітабының пұшайман күйі жиі айтылып жүрген мәселе. Баспагер атап өткендей, қазақ әдебиетіне бұл кітап дүкендерінің бір бұрышы ғана тиесілі. Онда фотоальбомдармен қатар қазақ қаламгерлерінің бірен-саран шығармалары бар. Мұнда Ресей және шетел әдебиетінің сан түрі жекелеген авторлар бойынша салтанат құрып тұр. Көркем шығармалар жазатын жас қаламгерлердің шығармалары сатылымда жоқтың қасы. Ал балалар әдебиеті бөлімінде бірді-екілі танымдық басылымдар мен оқулықтарды ғана көруге болады. «Қазақ кітабының қарапайым оқырманға қолжетімсіз екенінің тағы бір себебі – бағасының қымбаттығы. Өзіндік құнына елу-алпыс пайыз үстеме қосылатындықтан, сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Түптеп келгенде, қазақ кітабының насихаты төмен. Осылайша түйткілді мәселесі бір-бірімен сабақтасып жатқан салаға басқаша көзқарас қажет», дейді Мереке Құлкенов. Баспагер атап өткеніндей, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап атаулары жылдан-жылға азайып барады. Мұны бөлінетін қаржының аздығымен байланыстырған баспагер бүгінде қазақ кітабын қолдап отырған тек мемлекеттік кітапханалар екеніне тоқталды. Ал еліміздің «Мәдениет туралы» заңында кітап ісін қолдайтын бірде-бір бап жоқ. Кеңес өкіметі тұсында кітап тарату ісімен бүтіндей бір министрлік айналысатын, кейіннен департамент, комитет жұмыс істеді. Қазіргі кезде осы ауқымды саланың жұмысы бір бөлімге ғана қарап отыр. Кітаптың жанын түсінбей, қыр-сырына қанықпай отырып, алда шығатын кітаптың жоспарын қалай жасауға болады? Сондықтан да кітаптың табиғатын білетін баспаларды іріктеп алатын уақыт жетті. Ал қазақ кітабының тағдыры мемлекеттің қолында.
Мемлекеттік бағдарлама аясында кітап шығару мәселесіне қатысты сөз қозғаған «Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада Бәйкенова министрлік тақырыптық жоспарды қарастырғанда баспаның тарихына, тәжірибесіне назар аудару мәселесін құптады. Кітап шығару ісі ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар сала болғандықтан, тақырыптық жоспар ұсынған баспаның сертификаты қаперге алынуы тиіс. Көп жағдайда қаржы жоқ деген желеумен лайықты деген кітаптар өтпей қалып жатады. Сонымен қатар авторлық құқықты сатып алатын, қаламақыға берілетін қаражат бөлек қарастырылуы қажет.
«Мектеп» баспасының директоры Ерлан Сатыбалдиев нарықтық экономика жағдайында барлығы жекеменшік болып кеткендіктен, кеңестік кезеңдегі кітап тарату жүйесін қайта дамыту мүмкіндігінің жоқ екендігін алға тартады. Ал қазақ тіліндегі кітаптардың дамуы сұраныстың артуымен байланысты.
Өндіріс дамымай, менеджмент жолға қойылмайды
Отандық кітап шығару ісін мемлекеттік баспалар мен баспаханалардың дамуымен байланыстырған жазушы-ғалым, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес «Бүгінде елімізде бірде-бір мемлекеттік баспа да, баспахана да жоқ. Кітап шығарып жүрген 1300-дей жеке баспаның төрт-бесеуінде ғана баспахана бар», дейді. Кітап сауда жүйесін жолға қою мен дамыту соңғы отыз жылда баспа саласы өкілдерін толғандырып келе жатқан түйткілді мәселе десек, осы орайда шетел тәжірибесін негізге алған баспагер кемінде бір-екі баспа мемлекеттікі болуы тиіс немесе жекеменшік саланы дамытып, әрбір облыс орталығынан, қала берді аудандардан баспаханалар ашу қажеттігін айтады. Алайда көпшілік баспалардың екі жүз данамен кітап шығарып жүргенін тілге тиек етіп, мұндай өндірістік қарқынмен толыққанды нарықтың қалыптасуы неғайбыл әрі менеджмент туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз, деп атап өтті. Баспагердің айтуынша, кітап насихаты үшін баспасөз беттерінде кітапқа қатысты айдарларды көбейту керек.
Отандық нарықтағы Ресей кітап өнімдерінің көптігін елдегі кітап тапшылығымен байланыстыра отырып баспагер баспа ісін нарыққа бейімдеу мақсатында үш жыл қатарынан қазақстандық баспалардың қатысуымен Гёте институты өткізген семинар барысына тоқталды. Осы орайда Германияның Биржа одағының тәжірибесі маңызды. Бүгінде аталған биржа кітап саудасы және логистикасына қатысты 10 мыңға жуық компания мен 2 мыңнан астам баспаның басын біріктіріп отыр. Онда әр компания бизнестің ауқымына қарай мүшелік жарна төлеп отырады. Одақтың жұмысын қаржыландыру үшін Франкфурт кітап көрмесін ұйымдастыратын және баспаларға маркетингтік қызмет ұсынатын инвестициялық компания жұмыс істейді. Сонымен қатар әртүрлі сала бойынша қазақстандық баспа және полиграфия ісінде өзекті болып отырған мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Германияда кітаптың нақты бағасы да белгіленген. Оған сауда жүйесінің үстеме қосуға құқы жоқ әрі кітап өнімдеріне салық жеңілдіктері қарастырылған.
Дүние жүзінде ең үлкен бизнес көзіне айналған кітап саудасының тетіктерін игеріп, кітап шығару ісін көркем әдебиетпен шектемей, музыка, математика, медицина, т.б. салаларға қатысты өнім түрлерін шығаруды нарықтық талаптарға бейімдейтін кез келді, дейді баспагер.
Жекешелендірудің алғашқы жылдарында құрдымға кеткен мемлекеттік кітап саудасы жүйесін қайта қалпына келтіру жайындағы пікірімен бөліскен «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев: «Бүгінде «Атамұраның» кітап дүкендерінде болмаса, қазақ кітабы жетімнің күйін кешуде. Бұл жағдай стихиялы сипат алып барады», деген қынжылады. «Кітаптан пайда табу қиынның қиыны. Жекелеген кітап дүкендерінің шарттары авторлар үшін тиімсіз. Сондықтан да облыс орталықтарында мемлекеттік кітап сауда орындарын ашып, қаржыландыру керек» деген баспагер кітаптың өзіндік құнына қатысты мәселеге де тоқталып, менеджментті дамыту қажет, деп атап өтті. Ал «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызы, оқырман үшін пайдасы бар кітаптар жарық көруге тиіс. Мемлекеттік тапсырыспен бір аталым 5 мың данамен жарық көретін болса, оның 3 мыңы кітапханаларға үлестіріліп, 2 мың данасы кітап дүкендері арқылы сатылса игі» деген ұсынысымен бөлісті.
Баспагерлер айтса айтқандай-ақ, отандық кітап шығару ісінің бүгінгі беталысына қатысты пікірлер нарықтағы ахуалдың көңіл көншітпейтінін білдіреді. Қазақтілді кітаптар қолжетімсіз. Тың шығармалардың, авторлардың насихаты кемшін. Көптеген авторлар жеке қаржысына немесе демеушілердің қолдауымен кітап шығарып жүр. Қалай болғанда да отандық баспа нарығында қазақтілді кітаптардың көсегесінің көгеріп отырғаны сала жанашырларының арқасы. Дегенмен де нарық жағдайында экономикалық тұрғыдан мүмкіндігі мол саланы әрі ұлт руханиятының басты құндылығы қазақ тілді әдебиеттерді жарыққа шығарып, насихаттау мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге аспайтынын бүгінгі ахуалдан аңғарамыз. Ендігі кезекте қаламгерлер, баспагерлер мен полиграфистердің ашық алаңдағы тұшымды ой-пікірлері тиісті орындардың назарын аударса, салада қордаланған түйткілді жайттардың шешімін табуына мүмкіндік беретіні сөзсіз деп сенгіміз келеді.