Руханият • 15 Шілде, 2020

Қажығали Мұқамбетқалиұлы

705 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ елі қажырлы қаламгер, қас­терлі перзентімен қоштасты. Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Қа­жы­ғали Мұқамбетқалиұлының жет­піс сегіз жасында жер бетіндегі сапа­ры аяқталды. Ақтөбе өңірінің Қызыл­бұлақ ауылынан басталған жас­тық­тың жалғызаяқ соқпағы ерен еңбек­тің, елдік мұраттың, елге деген махаб­баттың, кеңдік пен кісіліктің, тазалық пен тұлға­лық болмыстың, толғамы толымды, жазғаны мол үлкен жүректі жазушының жолына айналды.

 

Қажығали Мұқамбетқалиұлы

Қазақ әдебиетіне қуатты қала­мымен қалтқысыз қызмет еткен, ел өмірінің елеулі кезеңдерін, туған өлкенің толғаулы тарихын, ілкі заманның, іргелес жылдардың іркес-тіркес оқиғаларын орамды ой, орнықты сөзбен бейнелеген суреткердің уақыт керуеніне артқан мұрасы да аз емес.

Жазушы қаламынан туған шығармалар өзегінен күрескер халықтық рухтың баянын, қоғам өмірінің жүлгесі үзілмеген жар­қын шежіресін көреміз. Әр жылдар бедерінде «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың сен, махаббат?», «Сынық терезе», «Жалғыз жиен» секілді әңгімелер мен повестер жинақтарын, әлем жазушылары шығармаларынан тәржімаларын ұсынса, «Тар кезең» тарихи романы үшін Мем­лекеттік сыйлықты алды.

Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде, облыстық газетте әдеби қызметкер, «Қазақ­стан» баспасында аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметтерін атқарды.

Көрнекті қаламгер қазасына қайғыра отырып, отбасына, ту­ған-туыстарына көңіл айтамыз.

 

Егеменқазақстандықтар