«Tek-imas» компаниясы Жамбыл облысына 5 оттегі концентраторын жіберді. Аталған құрылғылар Тараз қаласындағы көпсалалы клиникалық аурухананың пульмонология бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ «Orhun Medical» және «Yildiz Holding» компаниясындағы түрік инвесторлары қауіпті індетпен күрес кезінде еңбек етіп жүрген жамбылдық медицина қызметкерлеріне 450 қорғаныс киім жиынтығын алып берді. Оның қатарында қорғаныс жамылғылары, қолғаптар, медициналық маскалар, қалқандар және тағы да басқа заттар бар. Аталған гуманитарлық көмек «Air Astana» ұлттық әуе тасымалының тікелей қолдауымен елге жеткізіледі.
Қиын кезеңдегі шұғыл гуманитарлық көмегі үшін Тараз қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасының ұжымы түрік тарапына және Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне ризашылығын білдірді. «Жамбылдық дәрігерлер бауырлас халықтың көмегін ризашылықпен қабылдап, мұны коронавирус індетімен күрес кезінде ынтымақтастықтың айқын көрінісі деп санайды. Көмек тек шетелден ғана емес, сонымен қатар жергілікті ұйымдардан да, жанашыр тұлғалардан да келуде», дейді Тараз қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков. Әулиеаталық дәрігерлер Тараздағы «Эскулап» емдеу орталығының директоры Олег Ратниковқа NewPort HT-70 тыныс алу аппаратын тарту еткені үшін алғыс білдіреді. Сондай-ақ Тараз қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасының реанимация және пульмонология бөлімінің дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері Ақылбек Садырбаев пен Бахром Муминов сияқты жергілікті кәсіпкерлерге ыстық түскі ас ұйымдастырғаны үшін алғыс айтады.
– Сонымен қатар бүгінгі таңда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастар үшін қосымша төсек дайындап, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алуда. Бүгінде облыстың медициналық мекемелерінде 70 оттегі концентраторы бар. Ал осыдан бірер күн бұрын демеушілер есебінен қосымша 11, жергілікті бюджет арқылы тағы 4 оттегі концентраторы сатып алынды. Облыстың медициналық мекемелері барлығы 146 өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтылған. Енді жуырда жергілікті және республикалық бюджет есебінен сатып алынған 62 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі.
Жамбыл облысы