10 Сәуір, 2010

БАТЫР БАУКЕҢНІҢ КЕЙІПКЕРІ ҰМЫТЫЛМАС ДЕП СЕНЕМІЗ

696 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Биыл Ұлы Жеңіске 65 жыл тол­ғалы отыр. Осы бір от кешуге елімізден аттанған миллионнан ас­там жауынгерлердің тең жартысына жуығына топырақ жат жерден, майдан даласынан бұйыр­ды. Соғыс отында болған майдан­герлердің бар­лы­ғын да батыр десек қателес­пей­міз. Десекте отанымыз­ды жау­дан азат етуде ерен ерлік үлгісін көр­­­­сеткен отандастарымыз­­дың есім­­дері кейінгі кездері естен шығу­ға жақын тұрған сыңайлы. Солардың бірі Қызылорда облысы­ның тумасы Жолмұханмед Бозжанов. Батыр Баукең, Бауыржан Момыш­ұлының қандыкөйлек жол­да­сы болған ержүрек жауынгер ерлігі кейінгі буынға үлгі-өнеге. Жолмұхан­медтің, оның 1941 жылы Москва үшін айқаста көрсеткен ерліктері, кішіпейілділігі жайында Б.Момыш­ұлы өз еңбектерінде ерекше тоқталады. Баукең қаруласы Жолмұханмед Бозжановты Жолтай деп еркелет­кен екен. Бұл жайында батыр “Қанмен жазылған кітап” атты еңбегінде: “Барлаудан оралған жігіттер бізден 25 шақырым жерде Середа село­сында топталып жатқан немістерді айтып келді. Енді не істеу керек? Середаға тікелей шабуыл жасап немістерді соғып тоқтату керек деген шешімге келдік. Батальон сегіз шақырым шепті қорғауға алған болатын. Мен де, өзге жауынгерлер де ұрысқа тұңғыш қатысып отырмыз. Тек Жолмұханмед Боз­жанов қана Фин соғысына қатысқан кісі еді. Ақыры Середаға шабуыл жасау міндетін, отряд бастығы Хаби­бол­ла Рахимов­ке, саяси жетек­ші Жолмұханмед Боз­жановқа жүк­тедім. Сол күні лейтенант Рахимов, саяси жетекші Жолмұханмед Бозжановтың коман­далық етуімен біздің 1073-полкінің 1-ші атқыштар батальоны барлау­шы отряды дұшпан бекінген жерді басып алып, Середа ірі елді мекеніне шабуыл жасап жаудың жүздеген солдаттары мен офицер­лерін, 15 автомашинасын жойып жіберді. Шаховаға баратын жолдың көпірін жарды. Дор-Максимовқа апаратын жолды мина­лады, бір унтер-офицерді тұтқынға алды, қару-жарақтар мен бағалы доку­мент­терді қолға түсірді. Бұл полкіміздің тарихында бірінші рет біздің жауынгерлердің өздерінің алдында бас сауғалап қашқан неміс­терді өз көздерімен көріп, олардың дауыс шығара бақырғанын естіген алғашқы ұрысы еді”, – дейді. Сондай-ақ, Баукең қаруласы Бозжановқа жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” атты роман-диалогында да ақылды, алғыр, бауырмал әрі батыр деген баға береді. Роман-диалогта Баукең Жолмұханмедтің жан тапсырар алдында: “Шегінбей шабуылға шығып өлдім. Арманым жоқ аға”, деген сөздерін де айтады. Міне, бұл нағыз елін, жерін сүйген хас батырдың сөзі емес пе? ...1942 жылдың басында госпи­тальдан емделіп шыққан Бауыржан Момышұлы Алматыға демалысқа келгенде, Жолмұханмед­тің анасы мен ағасы Нұрмұханбет­ке көңіл айтуға Қазақстан Компар­тиясы Ор­та­лық комитетінің бірінші хат­шысы Скворцов және өзге де Үкі­мет мүшелерімен келген. Сон­дағы түсірілген кинохроника ара-тұра теледидардан көрсетіліп қалады. Маған жетпісінші жылдары Нұр­мұхан­беттің үйінде болудың сәті түскен еді. Сонда ол кісі осы деректі кино­лентаны көрсеткен. Бауыржан­ның Жолмұханмедтей батырды дүниеге әкелген анасына айтқан жүрек­жарды сөзі, ел басына күн туған шақта, Отан қорғауда хас батырларша ерлікпен қаза тапқаны, өз қолымен жер қойнына қойғаны жайында айтқан сөзінен көп нәрсені аңғаруға бола­ды. Аталған кино­хроника Нұрмұхан­бет­тің кенже ұлы Серіктің үйінде сақтаулы. Кешегі кеңестік тота­ли­тарлық жүйенің зардабы Отанын қорғауда қатерге бас тіккен батырлары­мызға өз салқынын тигіз­бей қой­мады. Баукең өз қолынан жоғары коман­дованиеге сүйікті, ержүрек политругі­не лайықты батыр атағын беруге жаз­ған ұсынысы өтпей, ақыры марқұм Ленин орденімен марапат­талған екен. Төрт жылға созыл­ған Ұлы Отан соғы­сы­ның біз біле бермейтін көлең­келі жақтарының да аз болмаған­дығынан, мұн­дай боздақтар туралы тарихи деректерге сүйе­ніп, көсіл­те жаза алмай келеміз. Бұл күндері ұлы Абай айт­­қан­дай “қолымды мезгілі­­нен кеш серме­дім” дегеннің күйін кешу­деміз. Сол бір сұрапыл соғыс­қа қатысқан ардагерлер саусақпен санарлықтай, ал майдангер әкенің тәрбиесін көріп, соғыс хақында айтқандарын өз аузынан естігендер бүгінде пайғам­бар жасынан асқан қария­лар. Олардың да қатары сиреп келеді. Ұлы Отан соғысының тарихы – біздің халқымыздың даңқты тарихы. Аты аңызға айналған қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100, Ұлы Жеңіске 65 жыл болмақ. Ал қатерді серпіп тастап, айтулы оқиғаға бетбұрыс жасаған Москва үшін шайқасқа алдағы жылы 70 жыл! Осы даталы мерекелер құрметіне орай батыр деп Баукең баға берген Жолмұханмед Бозжановқа лайықты атақ берілсе, халқымыздың ештен кеш жақсы деген мақалын алға тартып, ел қуанышы шексіз болар еді. Сонымен бірге мұндай құрмет Отан үшін жанын пида еткен миллиондаған боздақтар мен Баукең рухына деген тағзым болары айқын. Рысбай КӘРІМОВ, еңбек ардагері. Қызылорда облысы, Жалағаш кенті. Р.ҚОШҚАРБАЕВТЫ ҰЛЫҚТАЙ АЛАМЫЗ БА? “Егемен Қазақстан” газетінің үстіміздегі жылғы 27 қаңтарындағы санында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қондыбай Жексенбаев пен Әскен Нәбиев­тің мақаласы жарияланып, онда Халық қаһарманы, Астана қаласының төл тумасы Рақымжан Қошқар­баевқа елордада әлі күнге дейін ескерткіш орнатылмай, оның атына дені дұрыс көше бұйырмай отырғаны жөнінде орынды ұсыныстар айтылған еді. Қаладағы барша ардагерлер пікірі де осыған саяды. Бәрі де нақты нәтиже күтіп, елеңдеулі күйде. Содан бері біраз уақыт өтті. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы болса, қыр астында тұр. Дегенмен, Астана қалалық әкімдігі тарапынан соғыс ардагерлері мен жалпы тілек білдіруші азаматтардың пікіріне қатысты ешқандай жауап болмай отырғаны бізді қатты алаңдатады. Газет арқылы тағы да әкімдік назарын аударып, тиісті ескерткіш пен жөндем көше туралы олардың нақты жауаптарын күтеміз. Бір топ ардагерлер атынан: Ерден АБАЕВ, Жеңіс БЕГІМБАЕВ. ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ Ұлы Жеңістің 65 жылдығына бір ай қалды. Барлық қазақ­стандықтар бұл мерекені лайықты атап өту үшін дайындалуда. Жастар жағы да қалыс қалмай кеше “Ерлік даңқы өшпейді” атты акцияның басталғанын жариялады. Акция 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында өтеді. Аталмыш акция аясында 33 шара өткізіледі, оның 17-сі Астана қаласында, 10-ы Алматыда және 12-сі басқа аймақтарға жоспар­ланып отыр. Онда спорт жарыс­тары, дебат турнирлері, флеш-моб акциялары, ардагерлермен кездесу­лер және мәңгілік алауға гүл шоқ­тарын қою шаралары ұйымдас­тырылмақшы. Акцияның басты мақсаты –  бейбітшілік пен бостандықтың кепілі болған ардагерлерге және ел тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Шараны ұйымдастыруда белсенділік танытып, баспасөз мәслихатына қатысқан “Қазақстан Жастар конгрессі” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов, Қазақстанның Ауыл жастары одағының төрағасы Евгений Глотов, “Жасыл Ел” жастар еңбек жасақтары респуб­ликалық штабының жетекшісі Ескендір Салиходжаев, Қазақстан студенттері альянсы жетекшісінің орынбасары – Әлібек Мәдибеков және Ұлттық Дельфий комитетінің директоры – Ұлар Мұқажанов сөз сөйлеп, акция туралы баяндады. “Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын тойлау 2010 жылдың басты оқиғасы болып табы­лады. Жеңіс күні біздің пат­риот­тығымыз шыңдалып, халқы­мыздың бейбітшілікті сезінуге мүмкіндік алатын күндердің бірі. Біз батырларымыздың алдында соғыста көрсеткен ерліктері және біздерге бейбіт өмір сыйлағандығы үшін бас иеміз”, дейді. “ҚЖК” заң­ды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов. Назым ӘШІМХАН.