Саясат • 16 Шілде, 2020

Әкімдер һәм әлеуметтік желі

813 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы «Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн-режімде же­лідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», деген болатын.

Әкімдер һәм әлеуметтік желі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ал әкімдер технология ұсын­ған мол мүмкіндікті қан­шалықты тиімді пайдаланып жүр? Әлеуметтік желі қазақ­стандық әкімдер үшін халықпен байланыс тетігі бола алды ма? Халықтың қызметінде жүр­ген барлық деңгейдегі басшы­лардың қоғаммен, азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі, көпшіліктің, сондай-ақ же­келеген тұрғындардың мұң-мұқтажына, мәселелеріне қаншалықты дең­гейде мән беретіні олардың өз лауазымы құзыретінде атқарып жатқан еңбегінің бір өлшемі іспеттес. Бүгінде халықпен бай­ланысудың бұрыннан қа­лып­тасқан дәстүрлі тетіктерінің бар­лық тарапқа ыңғайлы әрі уа­қыттың ұтымды баламасы саналатын интернет ресурстары, оның ішінде әлеуметтік желілердің түр-тү­рі қолданысқа енгізілген қа­зіргі кезде атқарушы билік өкіл­дерінің халықпен қарым-қатынасының деңгейі олардың аталған желілерді өз қызметінде қолдану белсенділігімен өлше­нетін кезеңге қадам бастық.

Әрине басқаны айтпағанда, билік өкілдерінің, әсіресе барлық деңгейдегі әкімдердің интернет ресурстарындағы, әлеуметтік желілердегі белсенділігін әр қы­рынан қарастыруға бола­ды. Мәселен, бір әкімдер желі­лерді өздерінің жұмысын жарнамалауға, іссапарларын, жиындарда сөйлеген сөздерін насихаттауға, халықты түрлі мерекелермен құттықтауға ғана пайдаланып, біржақты кетуі мүмкін. Бұл Президент тарапынан осы тұрғыда қойылып отырған та­лаптың, халық сұра­нысының түпкі мәнін ашатын іс-әрекет емес. Билік өкіл­­дері өз құзыреттеріне қа­тыс­ты мәселелерді шешуде, оны қоғаммен талқылауда, аза­мат­тардың қоғамдық түйт­кіл­дердің әсерінен туындап жататын жекелеген талап-тілектерін тыңдауда және басқа да қажетті істерде аталған құралдарды ти­імді әрі ұдайы пайдалануы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық тілегімен үн­десіп жатқан талабының өзегі де осы.

Осы орайда бүгін біз респуб­ликалық маңызы бар қалалар мен облыс басшыларының әлеу­мет­тік желілермен «қарым-қа­ты­насына» қатысты байқағанда­ры­мызға қысқаша тоқтала кетсек.

Елорда әкімі А.Көлгіновтің жеке парақшасындағы 788 жазбадан оның әлеуметтік желідегі белсенділігі Батыс Қазақстан облысының әкімі болып жүр­генде басталғанын көреміз. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жаз­баларындағы өтініштер мен шағымдарды елорданың 4 ауданының әкімдіктері мен қала әкімдігіне қарасты iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жіті бақылап отырады.

Тұрғындарға аталған парақ­ша­лар­­дан жауап беріліп, өті­ніш­тері тір­кеуге алынады. 117 мың жа­зы­лу­шысы бар әкім рес­­пуб­ли­ка астанасының ты­ныс-тіршілігімен, жа­ңалық­та­рымен бөлісіп отырады. Бұған қоса әкімнің Twitter-дегі парақшасында да жазбала­ры жарық көреді. Алайда оның осы платформадағы жария­ланым­­дарында тек мерекемен құттық­таулар, Мемлекет бас­шы­­сының жазбалары ғана көрі­ніс береді.

Соңғы күндері елорда тұр­­ғын­­­дарының дәрі-дәрмек жетіс­­пеу­­ші­лі­гіне байланыс­ты ша­ғым­дарына әкімдіктің баспасөз қыз­­мет­­ке­рінің жеке парақ­ша­сынан «жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр» дегенге саятын дайын жа­уаптар қайтарылған. Сонымен қатар жоғарыда аталған iKomek орталығы азаматтардың аты-жөні мен телефон нөмір­ле­рін анықтайды. Алайда анықталған ақ­па­­рат бойынша кері байланыс орнап, не мәселенің шешілгені туралы белгі жоқ.

Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев 2019 жылы 1 шілде­де әлеуметтік желілерде парақ­ша ашқанын хабарлап, қала өмі­рін бірлесіп жақсартуға ша­қыр­ған. 256 мың оқырманы бар әкім парақшасынан халықтың өті­ніштеріне жауап қатқаны бай­қал­май­ды. Дегенмен, Алматы қаласы əкімдігінің қо­ғам­дық қабылдау бөлмесінің атынан «ша­ғым­дарды тіркедік» деген немесе мән-жайды анықтап сұраған жазбаларды кө­ру­ге болады.

2020 жылдың басында Шым­кентке әкім болып тағайын­дал­ған М.Әйтенов жаңа қызметіне тағайындалысымен әлеу­мет­тік желі­де ресми парақшаларын ашты. Па­рақ­шаны 46,3 мың оқырман оқиды. Тұр­ғындардың қызу тал­қы­сы көбіне әкімді жақтау не даттаумен шектеледі. Нақты мә­­се­­­лелер көтеріліп, ша­ғымдар жа­зылған пі­кір­лер­ге жауап қайта­рылмаған. Кейбірі дәрі-дәр­мек­ті қымбатқа сатып жатқан дәрі­­ха­­наларды тіз­ге­ні­мен, әкімдік қыз­мет­кер­ле­рінің ол ақпаратқа қатыс­ты үн қат­қа­ны­­нан белгі жоқ.

Алматы облысының әкімі А.Баталов Instagram желісіне тір­кел­геніне көп болмаған. Алғаш­қы жаз­басын былтыр сәуірдің 14-інде жариялап, әлеуметтік же­лі­ні конс­трук­тивті диалог құ­руға мүмкіндік беретін тың тә­сілдің бірі болады деп есеп­тей­тінін хабарлаған. 25,8 мың оқырманы бар аймақ әкімі парақ­ша­сында жетісулықтарды ме­ре­­­ке­­лерімен құттықтап, өңірдегі жаңа­лық­­­тарды бөлісіп отырады. Алайда жазба астын­да­ғы халықтың пікірі оқы­лып-оқылмайтынынан ақпарат жоқ. Алғашқы жазбаларында әкім өзде­рін қабылдауын сұ­ра­ған аза­маттарға жеке хабарлама жазу­ды өтінсе, одан кейін ке­рі байланыс байқамадық. Ал Амандық Баталов өз кезегінде Алма­ты облысына қарасты аудан­­­дардың әкімдерінің парақ­ша­­ларына жазылған. Бұл әкім­нің облыс аудандары басшыла­ры­мен әлеуметтік желілер арқы­лы байланысып отыратынын біл­діреді.

Батыс өңірінің әкімдері Facebook желісін құп көрсе керек, Батыс Қазақстан, Аты­рау, Ақтөбе, Маңғыстау облыста­ры­ның әкімдері аталған желі­ден парақша ашқан. Ақтөбе облы­сының әкімі Оңдасын Оразалин өз парақшасы арқы­лы ақтөбеліктерді мереке­мен құттықтаумен шектелген. Наурыздың ортасында елде төтен­ше жағдай енгізі­ле­тінін хабар­лағанымен, індет­ке қа­тысты өзге­ріс­тер мен жаңа­­лықтар жария­лан­баған. Деген­мен де наурыз, 1 мамыр мерекелеріне арналған арна­йы құттықтау видеолары бар. Әкім парақшасынан байқағанымыздай, Оңдасын Оразалин жерлестерін мерекелерде видеомен құттықтауды дәстүрге айналдырған.

Ал Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Ғ.Есқалиев әріп­тес­тері секілді желі арқылы жаңа­лықпен бө­лі­су­мен қатар түскен өтініш­тер­дің көбіне жауап жазып, жағ­дай­ды назар­ға алатынын хабарлап отырады. Ал Маңғыстау облысы әкі­мі­нің парақшасынан маң­­ғыс­тау­лық­тардың белсенді екені бай­қа­лады. Халық әкімді белгі­леп, аймақ­тағы мәсе­лелерді ашық жаз­ған. Дегенмен бұған әкім тарапынан жазылған жауап­ты көре алма­­дық.

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің жеке парақшасы та­был­мады. Бірақ Facebook-те Түркістан облысы әкімдігінің па­рақ­шасы бар. Аймақтағы жаңа­лық­­тардың барлығы сол парақшада жарияланған, дегенмен халықпен онлайн байланыс жоқ.

Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Д.Ахметовтің парақ­ша­сынан өңірдегі ахуалдан ақпарат ал­ған­мен, желі арқылы халықпен қарым-қатынастың ақсап тұр­ға­ны көзге ұрып тұр. Әкімнің кейбір мәселе бо­­­йын­ша жауапты тұлғаларды белгі­леп, тапсыр­ма бергенін байқауға болады. Дегенмен ол тапсырманың орын­далғаны туралы ақпарат беріл­ме­ген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың парақ­шасы да әкім жұмысының есебі­мен шектелген. Пікірлерден жамбыл­дықтардың әкімге деген оң көз­қа­расын байқауға болады. Әйтсе де аймақтағы олқылықтарды жаз­ғандар да аз емес. Павлодар, Қостанай, Қызылорда облыстары әкім­дерінің парақшаларынан да ха­лық­пен байланысты көре алмадық.

Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасым­бек­­тің Facebook желісін­де­гі парақ­ша­сында мыңнан астам «досымен» қатар 5 814 жазылушысы бар. Оның басқалардан бір ерекшелігі – әр жазбасынан кейін пайда болатын «диалог алаңына» араласуы. Жеңіс Қасымбек пікір­лер­дің барлығына болмаса да, маңызды дегеніне жауап беріп, халықпен кері байланыс орнатқан жалғыз әкім ретінде көрінді.

Жалпы, індет салдарынан оқшау­ланған азаматтары­мыз электрон­ды үкімет пен виртуалды қызметтерге жүгінуге мәж­бүр болды. Бұл әкімдерге ха­лық­пен кері байланыс орнатуға жақ­сы мүм­кіндік туғызып отыр. Осы мүм­кін­­дікті тиімді пайдалану қажет-ақ.

Жоғарыдағы қысқаша шо­луы­­мыз­дан республикалық ма­ңы­з­ы бар қалалар мен облыс­тар­дың әкімдері әлеуметтік желі­­­лер­дің мүмкіндігін халық­пен кері байланыс орнатуда тиімді қолдана алмай отырғаны аңға­рылады. Мұны сөз болған әкім­дерге ғана емес, барлық атқа­ру­шы билікке тән жағдай деп қарас­тыруға да болатындай.

Қорыта айтқанда, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжы­рым­да­масын іске асыруда негізгі тетік­тер­дің бірі саналатын әлеу­меттік желі­лер­ді тиімді әрі белсенді қолда­ну өмірдің өзі көлденең тартып отыр­ған ма­ңызды міндет. Бұл міндет ең­се­рілмесе, аталған тұжы­рым­да­маның өзегі – халықпен кері бай­ланыс орнату ісі өз жүйесін тап­пайды деген сөз. Қалай десек те, мемлекет халық үніне құлақ асуы тиіс. Президенттің басты талабы, халықтың қалауы осы.