Руханият • 16 Шілде, 2020

Тойдың буы һәм мақтан

603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп ән­де­тіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бү­­гінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босат­қан­ға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлер­мендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сон­дықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуа­лайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғы­лым мен білімнің, еңбектің дәуірі!», деді.

Тойдың буы һәм мақтан

Расында, қазір заман басқа. «Сыналар, ей, жігіттер, келді кезің», деп Абай атамыз айтқандай, бүгінгі қазақ қоғамы сын те­зі­нің қатаң сынағынан алжаспай өткенде ғана баянды болашақпен қауыша алады. Президентіміз айтқандай, дәл қазір той­дың заманы емес. Қазақ тойлап алсын деп ғаламның шалқар көші бізді күтіп тұр­майды. Күн сайын жаңарған, сәт сайын жаңғырған дүние адамзат баласын жой­қын бәсекелестікке шақыруда. Осындай алма­ға­йып, тартысқа толы заманда той жарыс­ты саналы түрде тоқтата тұрмасақ, оңбай ұты­ла­мыз.

Қазір халық тойдың буынан шыға алмай жүр. Атам қазақ «жақсы жігіт ойшыл, жаман жігіт тойшыл» дегендей, тойшылдық психология қауымды есінен айыруға шақ қалды. Абай атамыздың: «Жас баладай жеңсік қой, Байлаулы емес ақыл, ой. Ойлағаны – айт пен той, Ыржың-қылжаң ит мінез», деп ашына айтатыны дәл осы.

Яғни берекесіз тойдың буына шалдық­қан сана жалғаншылдыққа, әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлының сұхбатында айтыл­ған­дай, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіптен аса алмайтын кем­бағал күйге ұшырайды. Бұған ынсапсыз ысы­рап­ты қосыңыз...

Өткен ғасырлардан жеткен кейбір дерекке жүгінсек, 1860 жылы Ұлытау өңірінде өткен Ерден Сандыбаевтың асына 160 жылқы, 200 қой сойылса, 1894 жылы Қарқаралы уезінің байы Жаманбала Құрмановтың асына 160 қой, 100 жылқы сойылыпты. Сол сияқты 1885 жылы округтің аға сұлтаны болған Мұса Шормановтың асында 150 үй тігіліп, 200 жылқы, 400 қой сойылып, ат бәйгесіне 100 жылқы тігілсе, Ерейментауда өткен Сағы­найдың асына жұмсалған шығын әйгілі Тәж-Махал мавзолейін салуға жұмсалған қар­жымен пара-пар түскен дейді.

Бұны неге айтып отырмыз. Жоғарыдағы алапат ас-тойлардан қазақ не ұтты? Ішті, жеді, мақтанды, мал-мүлкін ысырап қылды. Бес тиын пайда көрмеді. Қазақтың осы бір қылығын көзімен көрген Ахмет Байтұр­сы­нов: «Бұл жұрт той деп шашылды, ас деп шашыл­ды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақ­тың қайраты жетеді?!» деп өкініштен аһ ұрып­ты.

Жоғарыда Мемлекет басшысы айтқандай қазіргі тойдың сәніне айналған мақтау мен мақтанға келер болсақ, мұндай келеңсіз құбылыс жұртты шындықты пайымдаудан айырып, адамның ақиқи санасын көмескілері сөзсіз. Нәтижесінде, адам өмірді шынайы парықтау қабілетінен айырылады. Абай атамыз айтқандай, жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер оны шын деп ойлайды.

Осы орайда, қазақтың танымал қалам­гер­лерінің бірі Тұрсынжан Шапай өзінің «Шын жүрек – бір жүрек» атты әдеби-зерт­теу еңбегінде, мақтан және мадақтың бүгінгі қазақ қоғамындағы әлеуметтік сипатын айта келіп: «Ауылдық деңгейдегі мақтанды Алаш­тың деңгейіне көтеруге болмайды, сол сияқты, жалпыұлттық дүниені ауылдың тар қолтығына тықпалауға тағы болмайды. Осы екі мақтангөйліктің орнын ауыстыру арқы­лы ойды тұсауға, бойды шырмауға, көзді байлауға ұрынып жүрміз», депті.

Жарықтық Абай атамыз болса, мақтан дейтін дүниені үлкендік және мақтаншақтық деп екіге бөледі де, үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, бұл мінез – ақыл­дылардың, арлылардың, артықтардың ісі, олар өзін жаман дегізбесем екен деп азап­танады. Мақтаншақтық – бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді, дейді дана қарт.

Сөзімізді түйіндер болсақ, мақтан бар жерде адам баласы рухани жетілмейді. Рухани жетілмеген адам қай тараптан болсын рухты, кемел дүние жасай алмайды. Әр нәрсенің шегі болатын сияқты, мақтау мен мадақтың да шегі бар.

 «Мен қауіп еткеннен айтамын», деп ақын Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы, Президентіміз дәл қазіргі қазақ қоғамының күрделі дертін анық ескертіп отыр. Осыдан сабақ алсақ еді!!!