Медицина • 16 Шілде, 2020

Дәрігерлер атынан ризашылық білдіреміз

608 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде пандемия бүкіл әлемді дүрліктіріп, әлекке салып отыр. Індет еліміздің денсаулық саласының қауіпсіздігіне де қатер төндіріп, эпидемиялық жағдайды күрделендіріп жіберді. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, COVID-19-ды және вирустық пневмонияны ауыздықтау ісі ең алдымен дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне ауыр салмақ түсіруде. Жан алысып, жан беріскен бұл күресті мылтықсыз майданға теңесек, артық айтқандық болмайды. Осындай жауапкершілігі мол, қауіптілігі жоғары «майданның» алдыңғы шебінде ақтөбелік дәрігерлер де уақытпен санаспай еңбек етіп жүр.

Дәрігерлер атынан ризашылық білдіреміз

Олардың ерлікпен пара-пар іс-қимылдары барша қа­зақстандықтар мен науқасқа шалдыққан азаматтардың шек­сіз ризашылығы мен алғыс се­зімін туғызды. Тіпті еліміз үшін үлкен сын болып отырған осынау алмағайып кезеңде күн сайын өз басын қауіп-қатерге тігіп жүрген дә­­рігерлердің іс-әрекеті жау­мен арыстанша арпалысқан ке­шегі күннің батырларын еске түсіреді. Айтайын де­геніміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың та­­ра­пынан дәрігерлердің жан­кешті еңбектері тиісті дең­гейде ескеріліп, бағаланып ке­­­ле жатқаны. Бұл ой-тұ­жы­ры­­мымызға Президенттің пан­демиямен күрестің бел ортасында жүргендерді өз Жар­лығымен марапаттап, кө­термелеп отырғаны ай­қын айғақ. Олардың арасын­да ме­дициналық кластер шең­бе­рінде індетпен күресіп жүр­ген ақтөбелік денсаулық сақтау саласының өкілдері де бар.

Осы орайда біз Ақтөбе ай­мағынан қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжа­нова, отандық медицинаның дамуына сүбелі үлес қосқан Ишан­бай Қарақұлов пен Жақ­сылық Досқалиев және Қа­зақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов сынды медициа майталмандары шыққанын ла­йықты мақтаныш ете аламыз. Аталған белгілі тұлғалардың қатарына індетпен күрес кезінде соңғы демі үзілгенше аза­маттық ар-ұжданымен дәрі­герлік антына кір келтірмей коронавирусқа шалдыққан адамдарға араша түсу кезінде өзі де осы дертке тап болып, соның салдарынан дүниеден өткен ақтөбелік әріптесіміз, осы өңірдің бас инфекционист дәрігері марқұм Қалихан Қо­зыбағаров та қосылғаны кәміл.

Еліміздегі індетпен күрес барысы ел үшін туған халқы­мыздың тағы бір адал ұлын анықтап берді. Оның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елі­міздің ең жоғары мемлекеттік марапаты – Қазақстанның Еңбек Ері атағымен марапат­талуы барша отандық дәрігер­лердің ерен еңбегі үшін беріл­ген биік баға деп білеміз. Сол үшін біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа барша ақ­тө­белік денсаулық сақтау саласы қызметкерлері атынан шексіз ризашылығымыз бен ал­ғы­сымызды білдіргіміз келеді.

Сонымен бірге біз бүгінде елдің өзге өңірлерімен салыс­тырмалы түрде алғанда Ақ­төбе өңірінде эпидемиялық ахуалдың оң үдерісі мен динамикасы байқала бастағанын да айта кеткенді жөн көреміз. Өйткені соңғы апталарда өңірде науқастардың саны біршама кеміп, дерттен сауығып шық­қандардың қатары өсіп келе­ді. Әрине, бұл оң көрініс бо­саңсуға еш негіз бола алмайды. Керісінше, дертті емдеу мен одан сақтандыру шаралары жүйелі түрде жалғасатын бо­лады. Қазіргі күні облыс аумағында бұған қажетті бар­лық алғышарттар жасалған. Маман-кадрлар жеткілікті, қа­жетті медициналық құрал-жаб­дықтар мен қондырғылар науқастарды қамти алады. Ауру­ханалар мен провизорлық госпитальдарда және емханалар жанындағы стационарлық орындарда жаңа науқастарды қабылдауға мүкіндік бар. Дәрі-дәрмекпен қамту ісінде бұған дейін әртүрлі істер орын алғанымен, кейінгі кезде облыс әкімінің тарапынан жедел шаралар жүзеге асырылғаннан соң бұл мәселе де толықтай шешімін тапты дей аламыз.

Береке мен бірлік бар жерде алынбайтын асу, беріл­мейтін қамал жоқ. Бұл рет­те қазіргі кезде облыс тұр­ғындары бір-бі­ріне жанашырлықпен қолдау көрсете білгені де атап айтуға тұрар­лық. Ақ­төбе – еліміздің ірі өнер­кә­сіп орталықтарының бірі. Мұн­дағы ірі кәсіпорын бас­шы­лары мен кәсіпкерлері жә­не мыңдаған ерікті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып індетті ауыздықтауға бір кісідей жұ­мылып келеді. Біз көкейде жүрген ой-пікір­лерімізді елі­міздің бас басылымына жол­дай отырып, барша ел-жұртымыз үшін ауыр сын болып отырған қауіпті індетті жойып, артқа тастау үшін ауыз­біршілік үлгісін көрсете берейік демекпіз.

 

Ақтөбе облыстық дәрігерлер қауымдастығы атынан:

Қайрат САБЫР,

«Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы,

Роман РАХИЕВ,

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Роза ІЗТІЛЕУОВА,

Ақтөбе облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің президенті

 

АҚТӨБЕ