Қоғам • 16 Шілде, 2020

Өмір үшін қиылған өмір

1125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жұқпалы індетпен күрес кезінде қызметтік парызын адал атқарып, дерттен көз жұмған бір топ дәрігер жоғары мемлекеттік наградамен марапатталған болатын. Осы тізімде Алматы облысынан да дәрігерлер бар - деп хабарлайды egemen.kz.

Өмір үшін қиылған өмір

Президент Жарлығымен екінші дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған марқұм Қайрат Баймұхамбетов ақтық демі шыққанша дәрігерлік парызына адал болып өткен жан. Ол Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметінде жүріп, коронавирус пандемиясы басталған алғашқы кезеңнен бастап күрестің алғы шебінде болды. Індеттің алдын алу мен сақтық шараларын ұйымдастыру жұмысының негізгі салмағы санитарлық қызметке түскені белгілі. Қазір де бұл міндетті облыстың санитар дәрігерлері абыроймен атқаруды жалғастыруда.

Ал әскери дәрігер, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы орталық ауруханада ұзақ жыл қызмет атқарған Бегалидин Алашбаев та індет жұқтырған науқастардың өмірі үшін ақырына дейін күрескен антына берік жанның бірі болды. Марқұмның жанқиярлық еңбегі Президент Жарлығымен "Құрмет" орденімен аталып өтіп, оның өмір үшін күрестегі өнегелі ісі мен жарқын бейнесі жүректерде мәңгілік жасайтын болады.

- Берген антқа адал болудың үлгісін біздің әріптестеріміз көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, өмір үшін күресте өз өмірін тәуекел еткен дәрігерлер бар. Аймақтағы марқұм болған, науқастанып қалған ақ халатты жандардың отбасына көңіл айтып, мықтылық тілеймін. Жалпы, бүгінгі қиын-қыстау шақта облыста 3 мыңнан астам медицина қызметкері күн сайын қызметтік парыздарын атқаруда. Оның ішінде 851 дәрігер, 1718 орта топтағы медицина қызметкері және 436 кіші буын қызметкер бар. Барлық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алаңсыз жұмыс істеуі үшін толық жағдай жасап отырмыз, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Айтпақшы, өткен үш айдың ішінде облыстағы 3 мыңнан астам медицина қызметкері жалпы сомасы 1,2 млрд теңге болатын үстемақы алды. Сол сияқты жергілікті бюджет есебінен 1023 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 137 млн теңге сыйақы берілген.