Бизнес • 17 Шілде, 2020

Бизнеске бөгет жоқ

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметовтің және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында бизнесті карантин кезіндегі дамыту және қолдау нәтижелері айтылды.

Бизнеске бөгет жоқ

Әлемдік экономика дамуының қазіргі кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдау тұрақты жұмыс орындарын құру мен экономика өсімінің негізі саналады. Бұл халықтың әл-ауқатының көтерілуіне мультипликативті әсер ететіні белгілі.

– COVID-19 пандемиясы ке­зеңінде халыққа кесел жұқты­рудың алдын алу үшін көптеген жұ­мыс істелуде. Соның ішінде Қазақстандағы ШОБ субъектілері үшін де бірқатар шектеу шаралары бекітілгені көпке аян. Бүгінде оларды қолдау мақсатында Үкі­мет дағдарысқа қарсы бірқатар ша­раларды ұсынды. ШОБ-тың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету мақсатында мемлекеттік бағдар­ламалардың шарттары өзгертілді, – деді Ш.Ахметов.

Оның айтуынша, кәсібін енді бастаған тұлғаларға да арнайы жеңілдіктер қарастырылуда. Банк­тер несие күнтізбесін ұзарт­ты, енді салық бойынша да кедер­гілер болмайды.

Мәселен, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында «Даму» қоры несие сомасы 239 млрд теңге болатын 6,8 мың жобаға қол­дау көрсеткен. Қолдаудың ең қажетті құралдарының бірі – сыйақы мөлшерлемесін субсидия­лау. Бұл құрал бойынша көмекті кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ала алады. Осы кезеңде жалпы сомасы 3 трлн теңге болатын 16 мыңнан астам жоба жүзеге асқан.

Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер кәсіпкерлердің жұмысы ілгерілеу үшін барынша қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

– «Даму» қоры төтенше жағ­дай режімі кезінде және карантин енгізілген сәттен бастап қазақстандық бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуден тынбады. 16 наурыздан бастап қор жалпы сомасы 101 млрд теңге болатын 1 294 жобаға субсидия және кепілдік берді, – деді Ф.Сәрсекеев.

Мұнымен қатар, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру аясында және ТЖ кезіндегі шешім қабылдау процесін оңтайландыру мақсатында «Даму» қоры ШОБ несиелерін қайта құрылымдауға қатысты өзгерістерді мақұлдау­дың оңайлатылған түріне көшіп, жоба қарау мерзімін 5-тен 1 күнге дейін қысқартқан. 16 наурыздан 25 мамыр аралығында қор жаңа жобалармен қатар, жалпы сомасы 467 млрд теңге болатын 6 091 жобаны қарап, қайта құрылымдауды ұсынып отыр.

Кәсіпкерлерді қамту аясын кеңейту үшін «Даму» қоры «Al Hilal» банкі мен «Қазақстан Ид­жара» компаниясына жалпы со­масы 10,5 млрд теңге болатын қаражат салуға келісім жасаған. Бұл қаржы кәсіпкерлерге «Мурабаха» ислам қаржыландыру қағидаттары шарты бойынша беріледі.