Аймақтар • 17 Шілде, 2020

Түркістанда “Өмір” және “Шипа” жобалары жүзеге асырыла басталды

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде елге көмектесу мақсатында  Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен  "ӨМІР" және "ШИПА" атты 2 жоба басталды. Жаңа жобаны партияның "Jas Otan" жастар қанаты және облыстық "Жастар ресурстық орталығы" жанынан құрылған "Jas Turkistan" еріктілер қозғалысы үйлестіріп жүргізеді.

Түркістанда “Өмір” және “Шипа” жобалары жүзеге асырыла басталды

Қазір елімізде тапшы болып отырған оттегі аппараттарын шет мемлекеттерден өңіріміздегі емханаларға жеткізуді мақсат еткен «Өмір» және орта деңгейдегі дәрі-дәрмектер қорапшасын дайындап, оны ауыл-аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тарату көзделген «Шипа» жобалары ресми түрде жүзеге асырыла бастады. Жобалар аясында Қоғамдық денсаулық басқармасына Түркиядан әкелінген екі жасанды тыныс алу аппараты ұсынылса,  20-дан астам науқасқа шалдыққан мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек тапсырылды. Ел жанашырлары, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясының фракция өкілдері мен өзге де азаматтар қолдау көрсетіп, жобаларды жүзеге асыру мақсатындағы қорға 10 миллион теңгеден астам қаржы аударған. Бұл қаржының бір бөлігіне  Түркия және Қытай елдеріне 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, олар алдағы аптада өңірге жеткізіледі. Сонымен бірге әзірге 300 дәрі-дәрмек қорапшасын елге тарату көзделген. Қорапша ішінде Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан ұсынылған, қазір белең алып отырған коронавирус пен пневмония сырқаттарының алдын алуға, емдеуге арналған дәрілер мен құралдар бар.

1
Алғашқы екі жасанды тыныс алу аппара
тын алуға демеушілік көрсеткен Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл жобалар өңірдегі жас еріктілерді игі іске жұмылдырып отырғанын жеткізді. «Қазір Түркістан облысында COVID-19 расталған науқастар саны  2370-тен асты. Өкінішке қарай, жасанды тыныс алу аппараттары мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі де байқалып отыр. Сондықтан да партия бастамасымен өңірдің белсенді жастарынан «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы құрылып, осы жобаларды іске асыруды бастап кетті. Жоба аясындағы жұмыстар Қоғамдық денсаулық басқармасымен де бірлесіп атқарылады. Бұл игі бастамаға партия өкілдері, мәслихат депутаттары қолдау көрсетуде. Пандемиямен күресте, мұқтаж отбасыларға көмектесуде аталған жобалар тиімділігін көрсетеді деп сенемін. Осы қиын кезеңде елге көмектесуге барша азаматтарды атсалысуға шақырамыз», дейді Б.Тәжібаев.

Сондай-ақ өңірде еріктілер ауруханалардағы науқастарға саумал мен қымыз және азық-түлік жеткізуде. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Амалбек Өміртай мен «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жобаларды жүзеге асыруға ауыл-аймақтардағы жастар да үлес қосатынын, сауапты іс тұтас облысты қамтитынын жеткізді.