Елорда • 19 Шілде, 2020

Елордалық жедел жәрдемге қоңыраулар саны екі есе азайды

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жағдайды реттеуде қабылданған шаралар – карантин енгізу, ахуалдық орталық құру маңызды рөл атқарды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Елордалық жедел жәрдемге қоңыраулар саны екі есе азайды

Нұр-Сұлтан жедел жәрдем қызметіне қоңыраулар саны екі есе азайды. Бұл туралы қалалық жедел жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев мәлімдеді.

"Бүгінгі таңда жедел жәрдемге жүргінгендер саны 2200-ді құрайды, карантинге дейін 4000-ға жуық өтініш түскен. Сонымен қатар қоңыраулардың азайғаны байқалады. Қазір күніне 1400-ге жуық қоңырау түседі, бұған дейін олардың саны 3 мыңға жуық болған. Олардың ішінде коронавирус инфекциясына байланысты 500 қоңырау болатын, бүгін таңертең – 182. Яғни, бәрі екі есе азайды", – дейді М.Оразбаев.

Жедел жәрдем директорының айтуынша, ең көп жүктеме маусымның соңында тіркелді. Жағдайды реттеуде қабылданған шаралар – карантин енгізу, ахуалдық орталық құру, науқастарға телефон арқылы кеңес беру маңызды рөл атқарды. Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, босаңсуға әлі ерте.

"Алда күз, ЖРВИ маусымы. КВИ қайта өршуі де мүмкін. Біз бұған дайын болуымыз керек. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы мүмкін екенін ескеріп, біз адамдарымызды, техникаларымызды дайындаудамыз. Автокөлік паркін кеңейтудеміз. Сондай-ақ, тамыз айында 14 реанимобиль келеді деп күтілуде. Медицина колледждері түлектерінің арасынан қызметкерлерді қосымша іріктеу, оларды оқыту және дайындау жүзеге асырылуда", – деп түсіндірді елордалық жедел жәрдем директоры.

Естеріңізге сала кетейік, хабарланғандай, Нұр-Сұлтан емдеу мекемелерінде 360 жас маман жұмыс істей бастайды. Әр медицина ұйымында жастарға кеңес беретін аға маман бар.