Аймақтар • 19 Шілде, 2020

Ескі қалашықтағы жаңа жобалар

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Ақтөбе қаласында қала ішіндегі жолдарға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп келеді, - деп жазады Egemen.kz.

Ескі қалашықтағы жаңа жобалар

Бұл істер карантиндік тәртіп пен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың және қауіпсіздік шараларының мұқият сақталуы жағдайында жүзеге асырылуда. Осылайша жұмыс ауқымы белгіленген кестеге сай атқарылуда.

Қаланың орталық аумақтарына қоса оның көне бөлігіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да қолға алынғаны тұрғындардың ризашылығын туғызып отыр. Біз таяуда Ақтөбедегі осындай байырғы мекенжайлардың бірі – Тұрғынүй қалашығы ауданында болып, нақты істің жай-күйімен танысқан едік. Ескі де болса халық тығыз қоныстанған бұл маңайдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу "Ассана-ДорСтрой" ЖШС-ына тапсырылыпты.  Аталған мердігерлік компанияның құрылысшы мамандары кешенді істің басым бөлігін алдымыздағы қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр екен. Яғни, мұнда сол кезге дейін 1164 метр жолға асфальт-бетон жабдықтары төселмек. Оған қоса, бүйір тастар орнатылып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы жағдайлар туғызылмақ. Ежелгі тұрғындардың айтуынша, аталған аудан аумағына кіретін кейбір жолдардың жөндеу көрмегеніне елу жылға жуықтапты.

Бұған қоса абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары ұмыт қалып қойғанға ұқсайды. Оны жөнге келтіру мен реттеу жөніндегіұсыныс-тілектер жергілікті тұрғындар тарапынан қала және облыс басшыларына да айтылыпты.

Әрине мұны орынсыз деуге болмайды. Әйтсе де тұрғын үйдің айналасын таза ұстау, тал-теректер мен ағаштар отырғызу, мүмкіндігіне қарай қолдан келетін өзге де жеңіл-желпі абаттандыру жұмыстарымен айналысу – тұрғындардың өздеріне де қатысты екені ешқандай талас туғызбайды. Егер олар көлденең жатқан кесекті алу қажет деп таппаса, абаттандыру ісіндегі проблемалар қордаланып қалмағанда қайтеді? Тұрмыс мәдениеті ұсақ-түйек деуге мүлдем болмайтын ұқыпты шаруақорлық көзқарастан басталса, қанша жыл өтсе де Тұрғынүй қалашығы ауданы аумағы дәл қазіргі күйдегідей ыбырсып, ашылып-шашылып кетпеген болар ма еді деген ой келеді.

Дегенмен, қазіргі күні тұрғындар тілегі аяқсыз қалмай, ескі қалашықты қайтадан жаңғырту жөніндегі жоба жасақталғанын да атап айтуға тұрарлық. Соған сәйкес ең алдымен биылғы жылы көне қалашық аумағына кіретін аулаларға да асфальт төселмек. Расында да байырғы тұрғындар атап көрсеткендей мұнда бұл бағыттағы жұмыстар елу жыл уақыт бойы тасадан қалып келіпті. Онымен айналысу жөніндегі ой бұған дейін ешкімнің басына кіріп-шықпапты. Бұған қоса футбол мен көше гимнастикасын жасауға мүмкіндік беретін  – воркаут  алаңдар орнатылмақ.

Осылайша көне қалашықтың елу жылдан бері жинақталып қалған мәселелері мен проблемалары біртіндеп қалпына келетін болады. Онымен іргелес 312-інші атқыштар дивизиясы даңғылы бойында автокөлік жолдарын басқарудың техникалық құралдары орнатылуда. Алдағы тамыз айында Шығанақ Берсиев пен Қазақстанның 30 жылдығы көшелеріндегі асфальт пен жаяу жүргіншілер жолдарын орнату жұмыстары да толықтай аяқталмақ. Осылайша ескі қаладағы жаңа жобалар жалғасын таба бермек деді газет тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.