Аймақтар • 20 Шілде, 2020

Дәрігерге мың алғыс

1176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық медицина ғылымының көрнекті өкілдері пандемия жағдайында ұлттық тағам мен сусын иммунитетті көтеретіні жөнінде ғылыми тұжырым жасады.

Дәрігерге мың алғыс

Осы орайда Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының еріктілері «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясы аясында облыстық клиникалық аурухананың қызметкерлеріне жеткілікті түрде ұлттық сусынның төресі – сертификатталған сапасы жоғары қымыз жеткізіп берді. Бұған дейін олар мұндағы ақ халатты абзал жандарға қуа­ты күшті, құнары мол ыстық тағамдар әкеліп берген еді.

– Біздің қатарымызда белгілі бір кәсіппен айналысуға уақыт тауып, материалдық игілікті өз қолдарымен өндіріп жүргендер де бар. «Дәрігерлерге мың алғыс!» шеңберіндегі қайырымдылық шараларына жұмсалған қаражат негізінен сол волонтерлердің шынайы ниет білдіруі арқылы жинақталды. Әйтсе де олар бізге өз аты-жөндерінің аталмауы жөнінде талап-тілектерін жеткізді. Оны назарға алмауға моральдық құқымыз жоқ, – деді партияның жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының кеңесшісі Мұрат Мұстафин.

Адал көңілден білдірілген ілтипат ризашылық сезіміне бөлейді. Бұл ретте Ақтөбе медицина орталығына қолдау көрсетуге келген жасотандықтарға деген алғыс сезімін осы ұжымның инфекционист-дәрігері Гүлмира Құрманбай жеткізді.

– Мәселе сый мен құрметтің үлкен-кішісінде емес, оның таза жүрекпен жасалуында. Пандемиямен күрес басталған кезінен бері осындай көңіл тол­қытарлық жағдайларға бірнеше рет куә болдық. Сөйтіп қандай қиын кезде де бізге қолдау көр­сетіп жанашырлық таныта алатындар бар екенін сезіне түстік. Мұның өзі бізге мораль­дық және материалдық тұр­ғыдан үлкен дем берді. Міне, бүгін ауруханаға жетекші пар­тиямыздың жас қырандары келіп, өз ықылас-ниеттерін білдіріп отыр. Рахмет, айналайындар, алдарыңнан ақ күн тусын!, – деді ол.

Сондай-ақ аталған акция аясында Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалының өкілдері қаладағы «Дару» медициналық сауықтыру орталығының жанынан ашылған провизорлық бөлімшеде болып, пневмониядан емделіп жатқан науқастарға 500 мың теңгенің азық-түлігін жеткізді.

 

АҚТӨБЕ