Елімізде қауіпті індеттің таралуын азайту үшін ай басында жарияланған карантин режімі Президент шешімімен шілденің соңына дейін созылғаны белгілі. Осы тұста Әділет министрі белгіленген шараларды бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. «Азаматтар мен жеке кәсіпкерлер санитария талаптарын бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша (халықтың санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) жауапқа тартылады. Тиісті санитарлық ережелерді 5 шілдеде Денсаулық сақтау министрі бекіткен», деді М.Бекетаев. Сондай-ақ министр карантин кезінде той жасағандарға 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын айтты. Ал егер мұндай шаралардың барысында азаматтар жаппай вирус жұқтырса, айыппұлдың да көлемі арта түседі. Ал оқиғаның салдары жағымсыз жағдайға апарса, қылмыстық іс қозғалуы ықтимал екен.
Құқықтық мәселелер туындаған кезде тұрғындар Әділет министрлігінің Құқықтық ақпараттық қызметінің 119 немесе 58-00-58 нөмірлеріне, сондай-ақ WhatsApp мессенджері арқылы 87086935631 нөміріне жүгіне алады.