Бүгінде футболдың басы-қасында жүрген атқамінерлер мына жағдайда қайтсек ішкі чемпионатты жалғастырамыз деп бас қатырып жатыр. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшылығы түрлі нұсқаларды ойластырып, ең оңтайлысы дегенді клуб жетекшілеріне жіберуде. Мәселен, елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты арнайы жоспар әзірленіп, клуб басшыларына OLIMPBET-футболдан Қазақстан чемпионатының бірнеше турын бір қалада өткізуге ұсыныс жасалды. Арнайы құрылған Комиссия доп додасын Алматы және Талғар қалаларындағы тексеруден өткен 4 стадионда шілденің 24-інен бастап жалғастыруды көздеп отыр. Алайда бірнеше команда чемпионатты бастауға қарсылық танытқан.
Олардың арасында алты дүркін ел чемпионы «Астана» командасы да бар. Өйткені қазір елорда ұжымында негізгі құрамның төрт футболшысы пневмониямен, тағы төртеуі коронавируспен ауырып жатыр. Оның үстіне клубтың негізгі стадионы саналған «Астана Аренада» әлі күнге дейін ішкі құрылыс жұмысы бітпей жатыр. Осыларды ескерген «Астана» басшылығы біріншілікті кейінге шегере тұруға ниетті.
Ал Лига басшылығы тамыз айының ортасында басталатын Еурокубок бәсекесіне қатысатын командалар сәл болса да ойын тәжірибесін жинап үлгерсін деген ниетпен біріншілікті мейлінше ерте бастауға тырысып бағуда. Дегенмен бұл жоспар әлі Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып жатыр. Егер жауапты мекемелер бұл ұсынысқа келісім бермесе, ішкі чемпионат карантин аяқталғанын күтуге мәжбүр болады.
Ал Бірінші лига командалары арасындағы чемпионатты екі конференцияға бөліп, тек қана бір айналым өткізу ұсынылды. Бұл лиганың кездесулерін де бір локацияда өткізу жоспарлануда, аталған орын кейін белгілі болады. Қазақстан Кубогын өткізу жолдары OLIMPBET-футболдан Қазақстан чемпионаты жалғасқаннан кейін қарастырылады.
Еске сала кетейік, футболдан Қазақстан чемпионатының үшінші турынан кейін «Қайрат» 9 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші және үшінші орынды 7 ұпайы бар «Тобыл» мен «Шахтер» клубтары бөлісіп тұр. Алматылық ұжым басқа клубтарға қарағанда бір тур артық өткізген.