Руханият • 21 Шілде, 2020

Имамдар иландырар кез келді

912 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте Қарағандыдағы Әнет Баба мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа биыл Құрбан айт мерекесінің онлайн-режімде өтетінін мәлімдеді.

Имамдар иландырар кез келді

– Карантин 2 тамызға дейін ұзартылғандықтан, биыл біз Құрбан айт мерекесін онлайн түрінде атап өтеміз. Бұл ұлы күні құрбандық жасалады. Оны қалай өткізетініміз нақты анық­талған жоқ. Бірақ ҚМДБ-ның республикалық онлайн-жиналысында оны онлайн-режім­де өткі­зудің үлгісі жасалды, – деді облыс­тың бас имамы Өмірзақ Бекқожа.

Бәрі дұрыс. Әрине, мұ­сыл­ман қауымы үшін ең қа­сиетті мере­кенің каран­тин­дік шектеулерге байланыс­ты онлайн-режімде өтетіні жа­мағаттың өкінішін тудырары анық. Дегенмен, заң бәріне ортақ, сондықтан оның талаптарын бұлжытпай орындау – міндет.

Осы орайда мына бір жайтты айтпай кетуге тағы болмай­ды. Бүгінгі қалыптасқан күрделі жағдай кезінде дін өкілдерінің жамағатпен, жалпы бұқара ха­лықпен байланысы соншалықты тығыз болмай тұрғаны. Бұлай деуімізге негіз болатын жайт көп-ақ. Мәселен, дәл қазіргі кезде «жаман тұмау» жұқтырғандардың басым көпшілігі қазаға бай­ла­нысты өткізілетін қара­лы жиындарға қатысып жүр­ген­дер арасынан шығып жат­қаны белгілі. Қазалы үйге ат қойып барып көңіл айту, жерлеу рәсімдеріне бастан-аяқ қатысып, ауру жұқтырғаны өз алдына, санитарлық тәртіпті сақтауға атүсті қарайтын бұл аға­йын індетті таратушының рөлін ат­қарып жүргендерін өздері де біле бермейді-ау. Білсе де, «ұят болады» деген түсініктен аттай алмай, түсініктің таяздығын танытып жүр.

Бұл жағдай қазаға барып көңіл айтпаса, ағайын ара­сында «ата жауға» айналып шыға келетін қазақ үшін оңай тиіп тұрған жоқ. Міне, осындай сәтте молда-имам­дар ел алдына белсеніп шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жамағатты тәртіпке шақыруы керек деп бұдан бұрын да айттық, қазір де қай­талаудан жалықпаймыз.

Салқын бөлме, саңқылдаған микрофон жағдайындағы арнайы ұйымдастырылған брифингте Ораза мен Құрбан айт мерекелерінің онлайн өтетінін ғана мәлімдеп, тып-тыныш отырғанды мына жағ­дай көтермейді. Тығылып жа­саған той-томалақ өз алдына, қазақ арасындағы қазіргі қаза, жерлеу рәсімдері індеттің ай­налсоқтап шықпайтын іс-шараларының біріне айналды. Өкінішке қарай, бұл үрейлі үрдіс қалада да, ауылда да айылын жимай тұр.

Брифингте облыстың бас имамы Құрбан айтта мо­биль­ді банктер арқылы әр­бір адам қайырымдылық жа­сай алатынын айтуды ұмыт­пады. «Кейінірек мешіт өкіл­дері жи­налған қаражатқа құрбан­дық шалу рәсімі өткізілгені туралы бейнесептер жібереді», деп сендірді Өмірзақ Бекқожа.

Бақсақ, молда-имамдар қазір ел алдына шығып, бет­пе-бет болса да, онлайн-режім­ді пайдаланса да са­ни­тарлық талаптардың сақ­­талуына байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргіз­геннен бұрын, садақаға, қайы­рымдылыққа ақша жинауға көбірек көңіл бөлетін сияқты.

– Мұндай қиын уақыт­та мұқтаж жандарға көмектес­кендердің барлығына алғы­сым­ды білдіргім келеді. Сон­дықтан, «Ана-Мама», «Батыл жүрек» және «Зекет» қайырымдылық қорлары қажетті аппараттар мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға ақ­ша жинауды бастады. Жеке кәсіпкерлер де COVID-19-бен күресуге көмектеседі, – деді брифингте облыстың бас имамы.

Әлбетте, ел басына күн туған­дағы ортақ мүдде жолына дін өкілдерінің де ат салысқаны өте-мөте мүбәрак іс. Дегенмен, қазаға, қаралы жиынға қалың нөпір болып келетін ағайын арасында түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, жамағатты тәртіпке шақыру имамдар алдындағы басым бағыттағы шаруа болуы керек деп ойлаймыз.

Сонымен қатар  осы бри­­­фингке қатысқан Қара­ғанды облыстық дін істері бас­қармасының басшысы Дулат Халел өңірдегі эпи­демиялық жағдайға байланысты ведомство жұмы­сының толығымен онлайн-режімге көші­ріл­генін  мәлім етті.

– Басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында бүл­діргі діни ағымдардың идеологиясына түсініктер беретін материалдар орналастырылды. Instagram-да дінтанушы, теологтар және дін өкілдерінің қатысуымен тікелей эфирлер өткізіліп жүр, – деді басқарма басшысы.

Шынын айтқанда, бұл іс-шара­ларға қоса ел ішін­де сани­тарлық-эпиде­миялық күрделі жағдай кезін­дегі діни ғұрыптардың карантин талаптарына сай өткі­зілуін қадағалайтын жұмыстар осыдан бірнеше ай бұрын бас­талуы керек-тұғын. Дәл осылай ырғатылып, әне-міне деп жүргенде, дәстүрлі дініміз­дің жамағат арасындағы ықпа­лының әлсірей түспесіне кім кепіл? Дегенмен, «Ештен кеш жақсы». Имамдардың эпи­де­миялық ахуалдың ушыққан жағдайында қалың нөпір жиынның қауіптің нағыз ошағы екеніне елді илан­дыру ісінде енді кідіретін жөні жоқ. Бұған барынша бел шеше, білек сыбана кірісу керек болып тұр.

Сөздің соңында айтпа­ғы­мыз: дін мұсылман қауымға Құр­­бан айттың қалай, қайтіп той­ланатынын білмек керек, әрине. Әйткенмен, елдің мына құты­рынған індет алдында құрбан бол­мауын ойлаудың ең бірінші кезек­тегі маңызды шаруа екенін естен шығармаған жөн!

 

ҚАРАҒАНДЫ