Мысалы, Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғындары жергілікті кәсіпкерлерге шексіз алғыстарын білдіруде. Оның өзіндік себебі де бар. Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мағауия Тұрысбеков Түркиядан 5 жасанды тыныс алу аппаратын алдыртып, аудандық орталық ауруханаға табыс етпек. «Індет белең алып тұрғанда, мұндай оттегі концентраторларының науқастар үшін пайдасы зор. Адам өкпесі зақымданғанда оттегі жетпей қиналады. Бұл аппарат көптеген адамның өміріне араша болады. Осы уақытқа дейін кәсіпкер Базарбай Нұрланов 2 оттегі концентратын сыйға тартты. Жалпы, ауданның азаматтарына үлкен алғысымды айтамын. Атын атамауды өтінген тағы бір кәсіпкер аурудың ортасында жүрген дәрігер, медбике, санитар, науқас жандарға құнарлы тамаққа деп 300 мың теңгенің ас-ауқатын ауруханаға жеткізіп берді. Таукент кентіндегі провизорлық орталыққа «Сауран» ЖШС-ның бас директоры Марат Оспан, жеке кәсіпкер Нұржан Мұханов есімді азаматтар қой сойды. Гүлзада Төленова өз қаржысынан медицина қызметкерлеріне арнап 100 дана бетперде тікті», дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Қалдыбеков.
Ауданның тумасы Мағауия Тұрысбеков жомарттығымен жұртқа жақсы танылған жан. Ол өз қаржысына аудандық ардагерлер үйін, Nur Otan партиясының ғимаратын салып берген болатын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз!» акциясы аясында жағдайы төмен 200 отбасына азық-түлік таратқан азамат, енді науқастарға қиын сәтте де көмек беруді мақсат етіп отыр.
Ауруханаларға қажетті құрылғылар алу, дәрігерлерді қолдау бағытындағы сауапты іс жасап жүрген жомарт жандар облыстың барлық аудандарында бар. Мысалы, Түлкібас ауданының ерікті тұрғындары аудандық ауруханаға қазіргі таңда тазалық үшін аса қажетті 5 бірдей автоматтандырылған кір жуу машинасын тарту етті. Ал Абайыл мен Жаскешу ауылының азаматтары ортаға қаржы жинап, 30 мұқтаж отбасына құрбандыққа шалынған 2 ірі қара мен 2 қойдың етін, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік жинағымен бірге таратты. Бұған дейін түлкібастық демеушілер мен еріктілер орталық ауруханаға 210 оттегі баллонын тарту еткен болатын.
Жалғасын табар қайырымдылық істердің бірқатарын ғана айтып өттік. Жомарт жандардың қолдауынан жақсы хабардар өңір тұрғындарына адам бірінші кезекте өзінің денсаулығын сақтау арқылы да айналасындағы жандарға пайдасын тигізетіні жиі ескертілуде.
Түркістан облысы