Руханият • 21 Шілде, 2020

Медициналық жабдық алуға көмектесті

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының бір топ кәсіпкері облыстық көпбейінді ауруханаға 2 оттегі концентраторы мен 400 пульсоксиметр аппаратын сыйға тартты. «Бұл жабдықтар covid-19 індетімен күресте дәрігерлерге өте қажет көмекші құрал», дейді аурухана директоры Арман Байдеуов.

Медициналық жабдық алуға көмектесті

Суретті түсірген Оқас АМАНҒАЛИ

Дүниені дүрліктірген пандемияға қарсы күрес елімізде жалпыхалықтық майданға айналды. Жұрт болып жұмылып, дәрігерлерге дем беруші, ауруханаларға көмектесіп жатқан ағайын көп.

– Коронавирус пандемиясына қарсы күреске кәсіпкерлеріміз тағы да жұмылды. Бізге әкелінген 10 литрлік оттегі концентраторлары – ауруханаға ауыр жағдайда түскен науқастар үшін өте қажетті қондырғылар. Пульсоксиметр құралы науқас қанының құра­­мындағы оттегі мөлшерін анықтап, дәл диагнос­тика қоюға таптырмас көмекші. Дәл қазір облыстық ауруханадағы провизорлық стационарда 148 науқас жатыр. Олардың 80 пайызы оттегі концентраторына қосылған. Ал 10-15 пайызы өкпені жасанды тыныстандыратын аппараттың көмегіне мұқтаж. Айта кететін жайт, науқастардың көбі үйде емделіп, 10-12 күн уақыт өткізіп, ауруды асқындырып келеді. Осы жерде ғана нақты диагнозы анықталып, кәсіби медициналық жәрдем алады, – дейді облыстық көпбейінді аурухана директоры.

Медициналық жабдықтар Ресей Федерация­сынан әкелінген. Көрші мемлекетпен арадағы келі­сімдерге сәйкес қажетті құралдар жеңіл­дікпен, жедел жеткізілуде.

– Елде осындай қиын жағдай болып жатқанда біз, кәсіпкерлер, қарап қара алмадық. Біз – елмен біргеміз. «Бай болсаң, елге пайдаң тисін» деген аталы сөзді ескеріп, өз әлімізше азды-көпті қаражат бөліп, індетке қарсы күресте керекті құрал-жабдықтарды жеткізіп жатырмыз. Осы бастама өзге әріптестерімізге де үлгі болса дейміз. Індетті бірге еңсерейік! – дейді кәсіпкерлер атынан сөз алған Дидар Әсетов.

Облыстық ішкі саясат басқармасы бас­шы­сының орынбасары Дархан Қаны­бек­ұлының айтуынша, «Ақжайық» қорына осы кезге дейін облыс кәсіпкерлерінен 100 млн теңгенің үстінде қаражат аударылған. Мұның бәрі орталықтандырылған сатып алу жүйесі бойынша коронавирус індетімен күреске қажетті дәрі-дәрмек пен жабдықтар алуға жұмсалуда. Жақында ғана 160 оттегі концентраторы Мәскеу қаласынан Оралға жеткізіліп, тиісті емдеу мекемелеріне таратылды.

 

Батыс Қазақстан облысы