Праймериз деп аталатын шараның басты мақсаты – партияның өз ішінде ең үздік үміткерлерін халық алдында ашық сайлау арқылы таңдап алу. Праймеризде жеңіске жеткен белсенділер кейіннен партия атынан республикалық сайлауға түсуге мүмкіндік алады. Осыған дейін партия атынан ұсынылғандар тізім бойынша сайланып келген еді.
Праймериз сөзі ағылшын тілінен аударғанда «алдын ала сайлау» дегенді білдіреді. Жалпы, праймериз, яғни партия ішінде алдын ала сайлау өткізу АҚШ-та қалыптасқан. Ең алғашқы праймериз 1842 жылы өткенімен, заң бойынша бекітілген жоқ-ты. Негізгі сайлау алдында міндетті түрде праймериз өткізу туралы заң тек 1903 жылы Висконсин штатында қабылданды. Кейінірек 25 жылдың ішінде барлық штатта алдын ала сайлау өткізу міндетті шараға айналды. Праймериз өткізудің баршаға ортақ үлгісі жоқ, әр ел тәртіпті өз ыңғайына қарай белгілейді. АҚШ-та партия ішінде үміткерлерді анықтау үшін праймериз билік тарапынан өткізілсе, Еуропада жекелеген партиялар ұйымдастырады. Одан бөлек праймериздің ашық және жабық түрі де бар.
Жалпы, алдын ала сайлау институты демократияға бастайтын жол екеніне көпшілік сенім артады. АҚШ-та солай болды. Өздерін демократияның отаны санайтын америкалықтар үшін елдегі саяси ахуал мен оқиғалар үлкен маңызға ие. Саясаткерлерін де жіті бақылап, кез келген мәселеге қатысты пікірін белсенді білдіріп отырады. Былайша айтқанда, әр азамат қоғамда дау туғызған жайтқа қатысты ойын ашық жеткізуді борышы санайды. Бұл – Қазақстан көздеген азаматтық қоғам қалыптастыруда керек қасиеттің бірі. Өйткені еліміздің тұрғындары қарапайым халық сөзінің билікке жететініне және одан бір нәтиже шығатынына күмәнмен қарайды.
Қазіргі саяси институттар үшін халықтың белсенділігін арттыру басты сын болып тұр. Осы тұста партия аймақтық деңгейде көшбасшыларын анықтау арқылы әр адамның пікірі ескерілетінін көрсете алар еді. Мәселен, шалғайдағы ауыл тұрғындары өз арасынан нағыз мықтыны таңдап, өздері дауыс бере отырып сол адамды партияның белсенді мүшелерінің қатарына қоса алса, өз дауыстарының маңызды екеніне сенімі арта түспекші. Осылайша кез келген мәселеге келгенде ойын ашық айтудан тартынбай, алдағы уақытта белсендірек болуға ұмтылады. Біз көксеген азаматтық қоғам осы емес пе?!
Әзірге қазақ қоғамында қай деңгейдегі депутаттардың топ ішінде байқалмай, үнсіз отыра беруі үрдіске айналғандай. Шетелдің өркениет үлгілерін қолданып, сол межеге жетуге ұмтылып жатқанда неге Батыс саясаткерлерін мысалға келтірмеске? Ұлыбритания парламентінде депутаттардың адуынды сөйлеп, бәсекелестерін жермен-жексен етіп жатқанына талай мәрте куә болдық. Оны көрген халық қошеметтеп, депутаттардың батыл әрекеттеріне қолдау көрсетіп жатады. Біздің қоғамға да ойын ашық жеткізетін, халықтың мүддесін өткір қозғайтын депутаттар керек-ақ.
Nur Otan партиясы ұйымдастырып отырған праймериздің халықты әуреге салған пандемиямен тұспа-тұс келгені де бекер болмаса керек. Өйткені еліміздегі ахуал қиын. Билік пен халық арасындағы қарым-қатынас қызу диалогқа ұласып отыр. Халық өз өмірін жақсартуға бағытталған өзгеріске мүдделі, соны жүзеге асыратын белсенділердің саяси аренада бой көрсетуінен үміт етеді. Осы тұста партияның бетке ұстар белсенділерімен жеке танысып, ұсынатын бағдарламасы мен жоспарын бағалап, әлеуетін көтеретін кез келді.
Nur Otan ұйытқы болып отырған праймериз 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта өтетіні белгілі. Бұл уақытта үміткерлер партия мүшелерімен кездесу өткізіп, БАҚ-та, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, пікірсайыстарға қатысуы керек. Бұл – саясаткерлер шыңдалатын бірден-бір орта. Сондай-ақ үгіт жүргізу барысында қатысушылар нақты елді мекеннің мәселесін өз кәсіби қызметіне қарай шешудің жолдарын қарастыруы тиіс. Осындай тәжірибеде ысылған көшбасшылар ертең кез келген пікірсайысқа дайын болары сөзсіз. Қазірше халықтың мінбеден депутаттардың ана тілінде сөйлегенінің өзіне мәз болып отырған жайы бар. Жүзден жүйрік шыққандар білімі не біліктілігімен ғана емес, кез келген істі дөңгелете алатын табандылығын, қайсар мінезін де танытуы қажет. Жылдар бойы құрғақ уәдеден, жалынды сөзден әбден діңкелеген жұрт ендігі жерде нақты іс күтетіні белгілі. Сондықтан да алдағы праймериз көшбасшыларға нағыз сын болмақ. Сондай-ақ үгіт-насихатты әр үміткер өз қаржысына жүргізетінін де айта кеткен жөн. Бұл тұста сайлауға қатысатын адамдардың даярлығына да көңіл бөлу маңызды. Праймериз елімізде алғаш рет өтейін деп жатқандықтан, ешкімнің тәжірибесі жоқ екенін де ескерген жөн. Бұл сайлаудың келесілеріне үлгі болары тағы бар. Сол себепті де халық еліміздегі қиын жағдайға қарамастан, ішкі мәдениеті жоғары әрі дайындығы нық көшбасшыларды көргісі келетіні тағы мәлім.
Партия жариялаған праймериз ережесінде баса назар аударатын бір жайт бар. Жаңа заңға сәйкес, партиялық тізімде кем дегенде 30% әйелдердің және 20% 35 жасқа дейінгі жастардың болуы міндеттеледі. Жалпы, әйелдердің сайлауға қатысуына келгенде дәстүр, мәдениет тұрғысында, қоғамдағы рөліне, жеке өмірі мен саяси қызметі туралы сұрақтар көп. Еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі тәжірибе осылай. Қазіргі парламенттегі әйелдердің үлесі тарихта ешқашан мұндай жоғары болмағаны айтылады. Статистикаға сәйкес, әлем бойынша ұлттық парламенттер құрамында 1997 жылы небәрі 11,6 пайыз әйел депутат болса, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге, яғни, 24,6 пайызға көтерілген. Дүниежүзілік банктің есебіне сенсек, Қазақстан парламентінде әйелдердің үлесі 27,1 пайыз. Бұл көрсеткіш Шығыс Еуропаның кейбір елдерімен қатар болса, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Одан бөлек қоғамда көп талқыланатын мәселелердің бірі – депутаттардың жасына қатысты. Парламентаралық одақтың мәліметіне сүйенсек, екі жыл бұрын елімізде парламенттегі 40 жасқа дейінгі депутаттардың пайыздық үлесі 7,55 болған екен. Жағдайды өзгерту үшін праймеризде жеңіске жеткен жастардың саны көп болуы керек. Ол үшін ең алдымен, өз идеясының айналасында жастарды топтастыра алатын, олардың саяси белсенділігін арттыратын көшбасшылардың партияда болуға, осы қызметті таңдауына жол ашылуы шарт.
Дәл қазір қоғамға халықтың сөзін сөйлеп, елдің мүддесін қорғайтын депутаттар ауадай қажет. Еліміздегі коронавирус пандемиясына қатысты ахуал билік пен халық арасындағы қарым-қатынасты одан сайын күрделендіріп жіберді. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге аса бастауы билік партиясының іс-қимылына қатысты. Мәселе демократиялық қоғамның өлшемі саналатын шараның атауында емес, ең бастысы халықтың сенімін оятуда болмақшы. Праймериз бұрын-соңды өткізіліп келе жатқан кезекті шараның біріне айналса, онда «партия халық үнін ести алмады» деген сөз...