Пікір • 21 Шілде, 2020

Керіс пен кикілжің емес – ұлттық ұжым керек бізге!

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осынау ел басына күн туған кезде билікті кінәлап, біреуіміз олай, біреуіміз бұлай тартпай, еліміздің егемендігін сақтаудың қам-қаракетіне кірісуіміз керек. Бір қоғамдық-экономикалық формация кетіп, екіншісі келген кезде орны ойсыраған кемшілік пен қателіктер болмай қоймайды. Өркениетті елдердің бәрі де біз өткен өткелектен өткен! Оларды бір кезде жабайы батыс деген, қазір өркениетті елдер деп өзіміз айтамыз! Бір-бірімізді кінәлауды тоқтатып, ұлтты аман алып қалуымыз қажет! Ең бастысы – тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланды! Бұл – тарихи факт.

Керіс пен кикілжің емес – ұлттық ұжым керек бізге!

Тарихтың не бір өткелегінде Атырау-Арқа-Алатау-Алтайға дейінгі ұлан байтақ жерді сақтап қалған қазақ – ұлы халық! Оның буржуазиясының да (егер ол ұлттық буржуазия болса?) сол кемеңгер ұлтқа лайық өзінің тарихи шешімін қабылдайтын кезі келді! Ұлттық экономиканы осы дағдарыстан аман алып шығатын осылар! Елдің ырзығын құзғынша бауырына басып жемей, қыранша шашып жейтін заман келді! Осынау сындарлы сәтте өзінің байлығының, ең болмаса 50 пайызын мемлекеттік займға айырбас­тап, не көрсе де кіндік қаны тамған ел-жұртымен бірге көріп, тұралаған жұртын тұйықтан шығарып алса, тарих ақтап, Алла жарылқайды оны!

Дінде «исповедь» деген ұғым бар, күнәһар адам баласының Алланың алдына барып, күнәдан арылу дұғасы! Бүгін біздің бәріміз де қос қолымызды ұстап, сол Тәңірінің алдында тұрмыз!

Кінә көп. Мемлекет, қоғам, билік қана емес, біздің бәріміз де кінәліміз: аға-іні, қарындас-бауырларымызды тосыннан келген індеттен сақтап кала алмадық қой? Бәрі де Адам үшін – адамның игілігі үшін дейтін қоғам құра алмадық қой?!

О, Тәңірі! Кеше гөр біздей күнәһар пендеңді!

Тарихтың бір сабағы – кедей ел өркениет өріне шыға алмайды! Президенттің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, бүгіннен бастап, міне, осы мәселемен айналысса, шешілмейтін түйін, алынбайтын асу жоқ бізге! Осыған ұлт, ұлысымызға қарамай, бәріміз бір кісідей ат салысайық! Ойланайық! Ғаламға қазақтың қандай ұлт екенін көрсететін күн келді!

Бір-бірімізді бай, кедей демей, бір жеңнен қол, бір жерден сөз шығарып, Президентіміздің маңына жиналуымыз керек! Кедейге де, байға да Қазақстанның Тәуелсіздігінен басқа Тарихи Құндылық жоқ! Бізге Қазақстаннан басқа ел жоқ! Одан басқа барар жер, басар тау жоқ бізге! Бір-бірімізді жағадан алып, қырқысуды қойып, ұлттық келісімге келейік!

Ертең кеш болады...

Ұрлық ауруы біздің етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен екен; шетелден келген гуманитарлық көмекке ауыз сала бастағандар шықты! Емханаларда дәрі жоқ! Бар болса, тістегеннің аузы, ұстағанның қолында көрінеді?! Бұл не сұмдық?!

Әлеуметтік желілерге қарасаң, зәрең ұшады! Қазақ кімнің дос, кімнің қас екенін әлі білмей жатыр. Отыз жыл қордаланған ұлттың көкейкесті мәселелерін бір күнде шешу мүмкін емес қой?

Президент туралы жақсы лебіз айту, мен қазақпын, Қазақстан – менің Отаным дейтін елдің өзіне жақсы. Бұл – біздің еліміз! Бізде бұдан басқа ел де, мемлекет те жоқ енді! Біздің бұдан басқа Президентіміз де жоқ! Президенттің жүзі жарқын болмаса, қазақтың болашағы да көмескі болады... Оған келесі сайлауға дейін уақыт берейік! Алғашқы қадамының өзі келешектен көп үміт күттіріп отыр! Тайпалық-тобырлық-құлдық психологиядан құлан-таза арылып, қазаққа өркениетті ұлт болатын кезең келді!

Осы сындарлы сәтте біздің бәріміз де Президенттің маңайына топтасуымыз керек! Оның адалдығы мен биік интеллектісіне сеніп, бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып, Қазақстанның тәуелсіздігін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет! Мәселе осында!

Кеудеңді қысқан қыжылың ішіңе сыймай бара жатса, алда көсіле сөйлейтін уақыт бар ғой?! Қалай ел боламыз, қайтып өркениет өріне шығамыз, өткеннен қалай сабақ аламыз деген нақты ұсыныс, пікір, ойларыңыз болса ортаға салыңыз?

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Қарағанды облысы