Қоғам • 21 Шілде, 2020

Емхана дәрігерлерінің бақылауында

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кең жайылған індетті жамағандардың 80%-дан көбі вирустың жеңіл немесе симптомсыз түріне ұшыраған. Мұндай науқастардың жағдайы ауырлап кетпеуін емхана дәрігерлері қатаң қадағалап отыр.

Емхана дәрігерлерінің бақылауында

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 ем­ха­наның директоры Алтыншаш Табул­дина және №9 емхананың директоры Сәуле Смағұлова пандемия жағдайындағы амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қызметі жөнінде айтып берді.

Алгоритмге сәйкес емхана мамандары күн сайын КВИ-дің жеңіл және симптомсыз түрімен ауырған тұрғындарға қоңырау шалып, хабар алып тұрады. Жалпы дәрігерлер науқастардың жағдайын, дене қызуын біліп, жөтел, тыныс алудың нашарлауы, әлсіздік, тершеңдік, диарея, бөртпе сияқты белгілердің бар-жоғын анықтайды.

«Клиникалық симптомдар пайда бо­лып, жағдайы нашарлаған науқас­тар­ды ауруханаға жатқызу қарасты­рылады. Он­дай тұрғындарды компью­тер­лік томографиядан өткізіп, қажетті талдау­лар жүргізіп, әрі қарай ауруханаға жатқы­зылады. Дене қызуы үш күннен артық емес және симптомдар болмаған жағ­дайда ПТР-тестті қайта тапсыру қажет­сіз науқасты бақылаудан алып тастаймыз. Сондай-ақ COVID-19 анықталған, бірақ симптомсыз науқастар санаты бар. Біз оларды 14 күн бойы байқаймыз. Егер осы кезеңде ешқандай симптомдар бай­қалмаса, науқас өзін жақсы сезінсе, біз оны қандай да бір зерттеу жүргізбестен, соның ішінде ПТР-диагностикадан өткізбестен бақылаудан алып тастай аламыз», деді Алтыншаш Табулдина.

Оның айтуынша, амбулаторлық кезеңде адамдардың өзін өзі емдеуі, дәрі-дәрмектерді өз бетінше сатып алуы, тіпті кейбіреуі тамшылатып дәрі егуі күрделі мәселе болып тұр.

Ал №9 емхананың директоры Сәу­ле Смағұлова барлық амбулатория-
лық-клиникалық ұйымдарда COVID-19 анықтау үшін ПТР-диагностика үшін био­ма­териал алынатын провизорлық бө­лім­ше­лер, науқастарды шұғыл қабылдауға ар­нал­ған қосымша фильтр-кабинеттер ашылғанын жеткізді.

Емханаларда жұмыс істейтін мобильді бригадалар науқастарды үйіне барып қа­райды, температурасын, артериялық қан қысымын, тамырдың соғуын, қандағы оттегі мөлшерін өлшейді. Аурудың белгі­лері байқалған жағдайда, ПТР-диагнос­тикаға биоматериал алады. Соның қоры­тындысы бойынша емдеу тағайындалады.

Сонымен қатар емханаларда амбу­латориялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бригадалары жұмыс істейді. Олар созыл­малы аурулары бар адамдарға дәрі-дәрмекті үйге жеткізіп береді.

Барлық бейінді мамандар мен учас­келік терапевттер қашықтан онлайн-режім­де жұмыс істейді. Ол үшін мобильді қосымша арқылы учаскелік дәрігердің қабыл­дауына алдын ала жазылуға және онлайн-режімде медициналық кеңес алуға болады. Қажет болған жағдайда учас­келік дәрігер бейінді маманға кеңес алуға жібереді.

Сұрақ-жауап барысында дәрігерлер тұмауға қарсы екпе егу туралы айтты.

«Тұмауға қарсы екпе егу Ұлттық егу күнтізбесіне кірмейді. Бірақ жергілікті бюд­жет есебінен диспансерлік есепте тұр­ған, созылмалы аурулары бар адам­дарға, қауіпті топтағы балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ медицина қызмет­кер­леріне жыл сайын екпе сатып алынады. Менің ойымша, осы жылы бұл жұмыс жалғасын табады және вакцинаны қажет болған жағдайда ертерек өткіземіз», деді №5 емхананың директоры.

Аталған емханада COVID-19 індетінің жеңіл түрі анықталған 16 жүкті әйел дәрігерлердің ұдайы бақылауында болып, нәтижесінде барлығы дені сау баланы дүниеге әкелді.