Аталған жұмыстардың аясында министрлік өкілдері бас шаһардың маңындағы заңсыз қоқыс орындарына арнайы барып қайтты. Бұл республика көлемінде жүргізілетін ауқымды жұмыстың басы ғана деп сендірді жауапты ведомстводағылар. Мұндай тексеру жұмыстары бүкіл елде жасалады деп көзделуде.
Салалық орган өңірлердегі бейберекет қоқыс үйінділер жайлы ақпаратты жинау үшін жедел желіні іске қосты. Бүгінде 250-ден астам шағым келіп түскен. Оның көбі Алматы облысы (40 шағым) мен Алматы қаласына (апта ішінде 18 хабарлама), сол секілді Ақтөбе, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысындарындағы тұрмыстық қалдық үйінділеріне қатысты. Жедел желіге ақпаратты Қарағанды (15), Ақтөбе (14) облыстарының, сондай-ақ Алматының (11) тұрғындары көп берген.
Таяуда Twitter-дегі парақшасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл желіге Қазақстанның кез келген тұрғыны хабарласып, өз шаһарларындағы немесе аудандағы заңсыз қоқыс орындарына қатысты деректерді, сол секілді фото және бейнематериалдарды жібере алатынын айтқан еді.
«Сіздермен, сондай-ақ ішкі істер департаменті және әкімдіктермен бірге жағдайды бақылап, сол жерде шара қабылдайтын боламыз», деді жазбада министр. Құзырлы орган бір ай ішінде еліміздегі барлық қоқыс полигондарына толықтай мониторинг жүргізбек.
Ғарыштан жүргізілген бақылау арқылы министрлік өңірлердегі үйінділерді жоюдың жаңа кестесін құрып, әкімдіктерге жолдады. Бүгінде бұлардың 18-і жойылды.
Жуырда өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде уақыт өткен сайын экологиялық проблемалар күрделеніп бара жатқанын айтып, оны шешудің жолдарын тездетуді жүктеген-ді. Осыған байланысты Үкіметке заңнамалық базаны әзірлеп, Waste to energy (Қалдықтар энергияға) технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдайды жақсартуды тапсырған болатын.