10 Сәуір, 2010

МАҚСАТПЕН ӨРІЛГЕН ПАРЫЗ

745 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Задында халыққа еңбегіңді сіңіріп, ел азаматы атану үшін міндетті түрде орталықта оралымды қызмет істеп, төмендегіге шарапатыңды төбеден шашып отыру шарт емес екен. Бұған арамызда ғұмыр бойы ел ішінде еңбек ете жүріп, туған халқының рухани өсіп-толысуына, ұлттың ұйысуына сүбелі үлес қосып келе жатқан атпал азаматтардың шоқтығын көргенде көзіміз жете түседі. Бұл баянның кейіпкері есімі елге таныс Әлмұхан Исақты сондай жандардың санатынан санаймын. Төменде айтылатын естеліктер шоғыры осы сөзімді сан қырынан нықтай түседі деп ойлаймын. Ұзақ жылдар Жамбыл облы­сын­да идеология саласын бас­қарып, өңірдің мәдени-әлеуметтік тынысы­ның кеңейіп, рухани өрлеуіне зор үлес қосқан Әлмұхан Исақты жұрт­шылық тек білімді де білікті шенеу­нік ретінде ғана емес, саясаттану­шы, журналист, жазушы ретінде ерекше қадірлейді. Әр жылдары халқымыздың тарихында терең із қалдырған Төле би, Сәмен, Сыпа­тай батырлар сияқты тарихи тұлға­лардың қазақ халқының ел болып етек-жеңін жинауына қос­қан тарихи рөлдерін ғылыми зерт­теп, көпші­лікке ұсынып келеді. Ұлт тұлғалары Д.Қонаев, А.Асқаров, Б.Мо­мыш­ұлы, Қ.Қайсенов, Ө.Жә­ні­­­беков, Х.Бектұрғанов, Ә.Ис­майлов сынды қазақтың қайсар ұлдары туралы көркемдігімен көз тартып, баян­далуымен баурап ала­тын эсселер жазды. Ә.Бөкей­ханов, А.Байтұр­сынов, Т.Рысқұлов­тар­дың ғылыми өмірбаяндары туралы жазыл­ған жинақты майын тамызып қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, Әлмұхан Әбдірахманұлының қала­мы­­нан туған “Өткен күнде белгі бар”, “Өтпелінің өкпек желі”, “Өмір­дің тағылымды мезеттері”, “Үрдіс пен үдеріс” көркем-публи­цистикалық, ғылыми-көпшілік кітап­тары кезінде көрнекті жазу­шы­­ларымыздан жақсы бағасын алғаны өз алдына, әлі күнге өзекті­лі­гін жойған жоқ. Бұл жерде Қазақ­станның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың Әлекең туралы айтқан мына бір жылы лебізін еске алған артық етпес: “Коммунистік жүйенің бір зияны – Әлмұханды жазушы болуға көп ден қойдыр­ма­ғаны. Әйтпесе Әлмұхан үлкен жазу­шы, сыншы болатын адам. Қазір де ол жазушы. Қызмет емес, әдебиет­ке мықтап кіріскенде нағыз мықты болатын еді”. Бұған Әлекең өкін­бейді. Ол ел басқаруға араласып, қабілеті мен қасиетін, өмірінің маз­мұн-мағынасын, білімі мен білік­тілігін халыққа арнаған, антқа адал, сертке берік, өз елін өзегім деп тани­тын Өмірбек Байгел­ди, Сары­бай Қалмырзаев, Әнуар Жақыпов, Ғайникен Бибатырова, Елубай Ол­жа­баев, Лида Ахметова, Сейілхан Аққозиев сияқты өресі биік азамат­тармен әр кезеңде иық тірестіріп, қанат­тас болған тағ­дырына дән риза. Өткен күндерге оралсақ, 1986 жылдың жазында Жамбыл облыс­тық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, қазақ қыздары­ның ішіндегі білгірлерінің бірі Ғайникен Бибатырова республика Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне жоғарылап кетті де, ор­ны­на Әлмұхан Исақ келді. Соның алдында ғана мен аупарткомның хатшылығынан обкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекіген едім. Енді, міне, ежел­гі таныс, алпысыншы жыл­дары КазГУ-дің филология факуль­тетін бізден бір курс алда оқыған, суреті лениндік стипендиаттардың санаулы ғана шоғыры ілінген тақтадан түспейтін, кейіннен Меркі аудандық партия комитетінің екін­ші, Красногор, Луговой аудандары­ның бірінші хатшылығы қызмет­терін абыроймен атқарып, ел аузы­на іліккен, КОКП Орталық коми­теті жанындағы Мәскеу Жоғары партия мектебінде оқыған жылдары түрлі пікірталастарда адам құқығы­ның бұзылуына, демократияның жұтаңдығына, мемлекеттік монопо­лизм­нің экономикадағы, идеоло­гия­дағы үстемдігіне сын көзбен қарау туралы тосын ойларымен партия функционерлерін елең еткізген саясаттың сардарымен қызметтес болу мүмкіндігі бұйырып тұр. Бөлім қызметкерлерімен таны­су­дағы алғашқы әңгіме ауанынан-ақ жаңа леп келгенін ұқтық, идеология жұмысының өзегі – ұлттық санада сілкініс, тәрбие жұмысында серпіліс тудыру, халқы­мыздың тарихи зердесін жаңғырту, аға ұрпақтың әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, ұлттық құндылық­тарды жастардың бойына терең сіңіру, қоғамдық ойға қозғау салу туралы оның ұстанымдары, әдет­тегі­дей “қанша лекция оқылды, қанша әңгіме өткізілді” емес, мүлде жаңа әуендер. Жаңа хатшының алдынан ендігі жерде идеология жұмысына жаңаша бағыт беру қажеттігін ұғынып шықтық. Елдегі саяси жағдайдың өзі мәз емес еді. Сол кезеңнің өзінде кадр мәсе­лесінде Мәскеу ұстанып келген түрі “ұлттық”, мазмұны “ұлыдержава­лық өркөкіректік” саясат “дамыған социализмді” түбінде не орға, не сорға жығатындығы белгілі болды. Жүйелі түрде ұлттық қадір-қасиет­ті кеміту, ой-сананы сансырату қоғамда көкірек көзі ояулар тара­пы­нан бұрын да іштей қарсылық тудырып келсе, қайта құру кезінде әсіресе жастар жағынан қандай жолмен болса да еңкіш тартқан ұлттық рухтың, жалы жығылған намыстың еңсесін тіктеуге ділгерлік басым еді. Ол 1986 жылғы Алматы­дағы төрткүл дүниеге түгел таныл­ған ауқымы мен өткірлігі жағынан Кеңестер Одағындағы демократия­лық қозғалыстардың көшбасшысы атанған желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының бұлқынысы арқылы көрініс тапты. Күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер кімнің кім екендігін көрсетті. Облыс қалаларындағы оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, жұмысшы және студенттер жатақ­хана­ларында сағаттап әңгіме өткізу, мән-жайды түсіндіру толассыз жүріп жатты. Салмақтың дені идеологияға жауап беретін хатшыға артылды. Ол кезде тұзымыз жеңіл еді ғой, кемші­лік атаулыны бізге – идеологтарға аудара салатын. Әлекеңнің кейбір лауазымды әріптестері жастармен кездесулер кезінде артық әрекет­терге барып, күш көрсету, өктем сөйлеу, “абайлаңдар, партияның құрығы ұзын” деп қорқыту, тағы да түрлі бопсалауға ерік беріп жатқанда, Әлмұхан Исақ байсалды ойы мен байыпты ісінен айныған жоқ, идеология қызметкерлеріне барлық мүмкіндікті пайдаланып, қандай да болсын арандатуға, он­сыз да ширы­ғып тұрған жағдай­ды шиеленістіруге жол бермеу мақ­сатын ұстанып отырды. Алматы­дағы жастар шеруі күшпен басыл­ды. Енді оларды қудалау, қуғындау басталды. Тиісті органдардың мәлі­меттері бойынша оқиғаға тіптен кездейсоқ тап болған студенттердің, жұмысшы жастардың, іссапармен астанада болып суретке түсіп қал­ған қызметкерлердің тізім­дері шара қолдану үшін обкомдарға келіп жатты. Осы кездегі Әлмұхан Әбдірах­ман­ұлының азаматтығын айтпай кетпеске болмайды. Обком­ның бірінші хатшысының бұрыш­тамасымен бөлімге шара қолдануға ұсыныс дайындау үшін түрлі себептермен көтеріліс күндері алаң­да болған 89 адамның тізімі келіп түсті, 89 тағдыр тәлкекке ұшыраға­лы тұр. Әлекеңе кіріп едім: “Не істей­тін ойыңыз бар?” – деп сұра­ды. Мен: “Ең дұрысы темір жәшік­тегі көп қағаздың арасына көміп тастау”, – дедім. Әлекең: “Дұрыс, екеуміздің тағдырымыз осыншама азаматтардың тағдырынан әулие емес. Не болса да мойынмен көте­рер­­­міз”, – деді. Бұл адалдықты аяла­ған ұлтжанды адамның шешімі еді. Жалпақ жұрттың ұлттық сана­сын­да сілкініс пайда болған сол кез бізге идеологиялық жұмысты адам­дардың талап-тілегімен, әлеуметтік-рухани сұранысымен байланыстыра жүргізуді талап етті. Соғыс кезінде депортацияланған облыстың кейбір аудандарында қоныс тепкен түрік ұлтының өкіл­­дері атақонысы – Месхетияға кету мәселесін көтеріп шағымданбаған инстанциясы қал­мады. Талаптарына арқау болған уәждері: балаларының ұлттық білім алмауы, салт-дәстүрлерінің, мәде­ниетінің ұмыт бола бастауы. Ол шындық болатын. Бірақ, қазақ­тардың өзі өз елінде, өз жерінде жетімдік көріп жүргенде облысты мекендеген жүзден астам ұлт өкіл­дері үшін арнайы мектеп ашу мүм­кін емес еді. Не істеу керек? Ұлт­тық тілі сабағын қалай оқу бағдар­ламасына кіргіземіз? Ол шешілген жағдайда оқу құралы қайда? Алдымен түрік тілінің әліппесін тауып, оны баспаханада көбейту керек деп шештік. Іздеу салып жатып 1936 жылы Мәскеуде басыл­ған латын әрпімен жазылған тозы­ғы жеткен “TURK DІLІ” әліппесін тауып, 100 дана етіп бастырып шығардық. Обком хатшысы түрік­тер жинақы тұратын ауылдарға барып оқулықты таратқан кездегі көріністі айтып жеткізу қиын. Түрік туыстар мерекедегідей киініп, сыр­най­латып, тайлы-тұяғымен жина­лып, ақсақалдары кітапты емірене сүйіп, маңдайларына басып тарам-тарам көз жастарын тыя алмай тебі­ренген сәттерін көргенде ұлт­тық тілдің құдіретіне тағзым етудің куәсі болғанбыз. Сөйтіп, Әлмұхан Исақтың қолдауымен барымен базар жасап, түрік бауырлардың жүрегіне де жол табылған еді. Әлмұхан Әбдірахманұлы өзіне тән проблеманың жанды жерінен ұстап, осал тұстарын талмай шира­та беретін қайраткерлік қасиетінен еш танған жоқ. Әлеуметтік топтар­дың рухани-мәдени сұраныстарын қанағаттандыру мақсатымен орыс, украин, түрік, күрді, әзірбайжан, неміс, татар-башқұрт мәдени орта­лықтары құрылып, “Фройндшафт” неміс, “Найник”, “Стерк” күрді, “Дәстегюл” түрік, әзірбайжан ұлттық ансамбльдері көрермендерді көзайым етті. Облыстың әр өңірін­де айтыскер ақындар: Шорабек Айдаровтың, Әзімхан Жанқұлиев­тің, Серік Қалиевтің мектептері қалыптасты. Кезінде таңғалдырған, қазірде елді аузына қаратып жүрген Айнұр Тұрсынбаева, Күміс Сәрсен­баева, Шырынбек Қойлыбаев, Ал­тынкүл Қасымбекова, Мұхамеджан Тазабеков, тағы басқалары аталған ұстаздардан тәлім алған ақындар. Ұлтымыздың ұмытыла бастаған жыршы, жырау, терме өнерлері қайта тірілді. Жалпы, ел тізгінін ұстаған бірін­­ші басшының көргені мол көшелі болып, оның жанындағы орынбасарларының ойға ой қоса алатын орнықты да салиқалы болуы жұртшылық үшін шын мәнінде ырыс-құт емес пе. Сол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, бүгінде тәуелсіз еліміздің тұлғалы қайрат­кері Өмірбек Байгелди мен Әл­мұхан Исақтың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара бірлесіп қызмет етуі Жамбыл өңірінің жан-жақты гүлденуіне, тыңнан түр­ленуіне айрықша серпін бергенін айтуымыз керек. Қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да жеке басының қамын ойлап дәмегөй, бақай есеппен жұмыс істеу Әлмұханға жат қылық. Қатарынан екі рет, 1991 және 1999 жылдары президенттік сайлауларда Елбасының сенімді өкілі болып, облыстағы сайлауалды штабын басқаруы оның халық арасындағы беделін, азаматтығын, Мемлекет басшысына деген ақ адал ниетін бағалағандық еді. Әлмұхан Исақ қай кезде де Президентті қолдауы арқылы өз елінің келешегі үшін үлес қосу ұстанымынан еш тайған емес. 1999 жылы наурыз айында “Отан” партиясын құруға қатысты. Әлмұхан Әбдірахманұлы “Отан” партиясы Саяси кеңесінің мүше­лігі­не сайланып, 2002-2006 жыл­дары партияның Жамбыл облыс­тық филиалының төрағасы, кейін­нен төрағалық облыс әкіміне ауыс­қанда оның бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Әлі күнге дейін “Нұр Отан” ХДП-ның об­лыс­тық филиалындағы іс-шаралар Ә.Исақтың қатысуынсыз өткен емес. Облыстық ақпарат құрал­дары­нан Әлмұханның материал­дарын жиі оқуға, жиі көруге бола­ды. Оны жергілікті теледидардың жұлдызы десе болғандай. Әлмұхан саяси қызметін облыс жастарын тәрбиелеу-білім беру жұмыстары­мен ұштастырып, “Тараз” инс­ти­тутының саясаттану профессоры ретінде студенттерге дәріс оқумен де айналысқан жайы бар. Жаңа қоғам адами құндылық­тарға ұмтылған шақта Ә.Исақ үшін уақытын босқа өткізу өкініш. Қашан да жұртқа пайдалы іспен шұғылданатын әдетімен ол 2007 жылдан бері Ұлы Отан соғысына қатысып аман оралып, бейбіт ең­бек­ке араласқан жасы жетіп өмір­ден озған ардагерлер туралы кітап шығару­мен айналысатын редак­ция­лық топтың жетекшісі. Ұлы Жеңіс­тің 65 жылдығын атап өту құрметі­не жақын арада кітап 3 том болып егемен еліміздің ертеңі – жастарға тәу етуге ұсынылғалы отыр. Бұл күндері жетпіс жастың белесіне шыққан Ә.Исақ әкеден ерте айырылып, балалық дәуреннің балын емес, кермек дәмін татып, түрлі қиындықты анасы Күлзада­мен бірге қайсарлықпен жеңіп, еш қолдау-қолпаштаусыз өзінің сали­қалы тірлігі, салмақты болмысымен республикаға танымал қайраткерлік деңгейге жетті. Университетте бір курста оқып тағдыр қосқан жары Гүлдірайхан шаңырақтың сәнін келтіріп, отбасына мейірін тосып, ақылын қосып, асықтай ұлдарын ұяға, ақықтай қыздарын қияға қондырып, немерелерін аялап, екеуі жұптарын жазбай бақытты ғұмыр кешіп келеді. “Жары жақсының – бәрі жақсы” деген осы. Елге елеулі, перзенттік парызын алға қойған азаматтық мақсатымен тынымсыз, тыңғылықты өріп, парасат биігінде тұрған Жамбыл облысының құрметті азаматы Әлмұхан Әбдірахманұлы Исақ туралы айтпағым осы еді Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, саясаттанушы.