Аймақтар • 23 Шілде, 2020

Алматыда күзде бір мезетте 7 700 науқасты қамту көзделіп отыр

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күзде COVID-19 симптомдары бар 7700 пациентке стационарлық емдеуді бір мезгілде қамтамасыз ету жоспарлануда, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда күзде бір мезетте 7 700 науқасты қамту көзделіп отыр

Бұл күзгі-қысқы кезең басталғанға дейін қосымша төсек-орындарға қажеттілік өскен жағдайда алдын-ала жасалады.

Бұл туралы "Алматы" телеарнасында өткен Akimat Live бағдарламасы барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

Белгілі болғандай, пандемияны тоқтатудың ең тиімді екі жолы бар – бұл қолданыстағы шектеу шаралары және төсек-орын санын арттыру. Пандемия басталғалы бері инфекциялық стационарлардың саны 2-ден 26-ға дейін (500 төсек-орыннан 6096 дейін) өсті. Күзде COVID-19 симптомдары бар 7700 пациентке стационарлық емдеуді бір мезгілде қамтамасыз ету жоспарлануда.

"Алдағы күндері жаңа ковидтік стационарлар енгізілетін болады. Оларды алдын-ала санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен өткен, денсаулық сақтау объектілерінің базасында ашатын боламыз. Қазіргі уақытта жауапты мамандар құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Олардың ішінде 250 төсектік "Қазақстан", 376 төсектік "Көктем", 140 төсектік "Самал" пансионаты, 230 төсектік "Астана" қонақ үйі, 360 төсектік ҚазАТК жатақханасы, 100 төсектік ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь, 500 орынға шақталған Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жаңа стационарлар жұмыс істеп тұрған нысандарға қосымша тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады", - деп атап өтті Б.Сағынтаев.

1

Сонымен қатар әкімдік ана мен баланың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Барлық әйел-ананың бүгінгідей пандемия кезеңінде қауіпсіз жағдайда босануы, босанғанға дейін және босанғаннан кейін де үздіксіз күтімде болуы аса маңызды.

Қалада 45 төсектік №4 перзентхана жұмыс істейді. Жақын арада осы перзентхананың 60 төсек-орынға арналған жаңа корпусы іске қосылады. Сонда мұндағы жалпы орын саны 105-ке жетеді.

Пациенттерді шұғыл орналастыру үшін уақытша стационарлар болу мүмкіндігі бар деген объектілерге күнделікті мониторинг жүргізіледі.

"Бүгінгі таңда біз бұған дейін ешқашан жасалмаған шараларды қолға алдық. Шұғыл әрі өте қысқа мерзімде ауқымды жаңа стационарлар ашып, оларды қажетті барлық техникамен жабдықтаудамыз. Ғимараттардың бөлмелерін қайта жоспарлап, шлюздер мен оқшауланған бокстар құрылуда. Барлық деңгейдегі медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру үшін денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізудеміз", - деді қала әкімі.

Айта кетейік, мегаполисте қосымша төсек-орындар жасақтау, қаланың барлық кадрлық резервін жұмылдыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда пандемиямен күрестегі алдыңғы шепке 4464 медицина қызметкері (2681 дәрігер мен орта медицина мамандары) жұмылдырылды. 1526 маманнан (дәрігерлер – 246, орта қызметкерлер – 1009, кіші медициналық қызметкерлер және басқалары – 145, волонтерлер – 106) кадрлық резерв жасақталды. Барлығы 328 адам жұмысқа орналастырылды (оның ішінде 96 дәрігер, 160 орта медицина қызметкері, 72 кіші медицина қызметкері және басқалар).