Спорт • 23 Шілде, 2020

Токио-2020 ұйымдастыру комитеті бірқатар іс-шаралар өткізеді

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың 24 наурызы күні Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапония билігі өте ауыр әрі маңызды шешімдердің бірін қабылдады. Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылды, - деп жазады Egemen.kz

Токио-2020 ұйымдастыру комитеті бірқатар іс-шаралар өткізеді

ХОК пен Жапония үкіметінің бірлескен шешімі әлем халқы үшін айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Себебі, COVID-19 індеті ушығып, жағдай күн санап қиындап бара жатыр еді. Көптеген елдер каранин және төтенше жағдай режимін жариялады. Ал бұл өз кезегінде іріктеу кезеңдерін өткізуге кедергі келтірді. Спортшылардың ойын қарсаңында бабына енуі үшін де бұл қиын кезең саналды. Осы орайда, Олимпиаданы ұйымдастырушылар тарихта маңызды шешім қабылдап, жазғы ойындарды 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығына ауыстырды.

Бүгін, 2020 жылдың 23 шілдесінде әлем жанкүйерлері маңызды датаны атап өтуде. Төртжылдықтың ең маңызды әрі ауқымды спорттық додасы – Токио Олимпиадасының басталуына тура бір жыл қалды. Індеттің жалғасуына байланысты ұйымдастыру комитеті барлық іс-шараларды онлайн режимде өткізуді жөн санаған.

"Ойынның басталуына бір жыл ғана уақыт қалды. Бізді алда үлкен міндеттер күтіп тұр. Осы орайда, біздің жапониялық әріптестеріміз премьер-министр Синдзо Абэ, "Токио-2020" президенті Мори Ёсиро, губернатор Коике Юрико, сондай-ақ, спортшылар мен барлық Жазғы Олимпиадалық халықаралық федерацияларға, ҰОК-тер мен демеушілерге, теле-радиотарату құқығын иеленгендерге алғысымды айтамын. Олардың қолдауынсыз біз мұндай тарихи шешімді қабылдай алмас едік. Біз жапон тарапымен бірлесе отырып, барлық маңызды қадамдарды жасауға дайынбыз. Осылайша, біз ұйымдастыру комитетімен бірге кейінге қалдырылған Токио-2020 ойындарын естен кетпейтін мерекеге, адамзаттың ынтымақ-бірлігін паш ететін дода ретінде өткіземіз. Бірлік болса, бізден мықты ешкім жоқ екенін көрсетеміз", - деді ХОК президенті Томас Бах мырза.

Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті ойынға қолдау көрсеткен барша жанкүйерге және спортшыларға алғыс ретінде видеофильм көрсетеді. Ал іс-шаралар олимпиадалық каналдың платформасында тікелей эфирде көрсетіледі.