Руханият • 24 Шілде, 2020

Әуені әуеде қалықтаған

863 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абайша айтқанда, «шен та­ғып, шекпен киюді» мақсат етпеген бір азамат болса, ол осы біз сөз еткелі отырған керекулік белгілі сазгер Қайыр­бек Сатиев ағамыз болар... Бала шағынан өнер десе­ ішкен асын жерге қойып, жас­тарды музы­ка нә­рімен су­сындатып, ұс­таз­дық жолында да өшпес із қал­дырды ол.

Әуені әуеде қалықтаған

«Жазмыштан озмыш жоқ», Қайырбек аға өткен жылдың ші­ліңгір шілдесінде келместің ке­месіне мініп кете барды. Ал оның артында Ертістің Павлодар өл­кесін жан-тәнімен сүйіп әнге қос­қан өлмес мұрасы қалды...

Шығыс Қазақстан универ­ситетінің музыка факультеті­нің түлегі, 1994 жылы ұйым­дас­тырылған облыстық композиторлар одағының лауреаты, 2000 жылы «Жыл композиторы» атанған, ұзақ жылдар Павлодардағы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледж­дің аға оқытушысы болған композитор Қайырбек Сатиевтің есімі көпшілікке жақсы таныс еді.

«Ақ қайың», «Шаңырақ», «Пав­лодарым», «Әке тілегі», «Ұстазы­ма», «Бөбегім», «На Иртыше», «В мире любви», «Ақмарал», «Жауқазын», «Студент» секілді ондаған ән жазып, әсіресе соңғы үш әні республикалық түрлі өнер шараларында жиі шырқалған талантты композитордың соңында тамаша әндері мен «Әнім әнге жалғассын» атты әндер жинағы, сонан соң, әрине, өзі өнер әлеміне шыңдаған шәкірттері қалды.

Қайырбек Мұфтанұлы 1948 жылы Новосібір қаласында дүние­ге келді. Қазақтың басына нәубет болып төнген өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ауырт­палық Қалиасқар әулетіне де оңай тимеген, ашаршылықта Ресейге ауып кеткен. Кейін біраз жылдар өтіп, ел бауырын көтере бастаған тұста бұл әулет Май ауданының Ақшиман ауылына көшіп келген екен. Қайырбек Мұфтанұлы ауылда орта мектеп болмауы се­бепті жоғары сыныпты аудан ор­та­лығы Көктөбедегі интернатта оқып бітірді. Оқушы кезінен сырнайда ойнап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. Сонау жыл­дардағы облыстық телеарнада ұйымдастырылатын «Майра» ат­ты ел ішіндегі таланттарды та­нытқан бағдарлама ел есінде болар. Осы бағдарлама көктөбелік та­лантты жас буынды танытты, олар­дың қатарында сырнайшы, әнші Қайырбек Сатиев те бар еді.

Қайырбек аға көзі тірісінде об­­­лыстық «Сарыарқа самалы» га­­­зе­тінің шығармашылық ұжы­мы­­мен тығыз қарым-қатынаста бол­ды. Екі мыңыншы жылдардың басында осы басылымда еңбек еткен журналист Қайрат Әбілданың (қазір республикалық «Egemen Qa­zaqstan» газетінің қызметкері – авт.) сөзіне жазған «Ақ қайың», «Павлодарым» атты әндері көпші­лік­тің көңілінен шыққан еді. Одан беріде талантты композитор «Са­ры­­арқа самалы» газетінің 90 жыл­дық мерейтойына ән жазып, тарту етті.

«Әлем ән салып тұрады, ол – тыл­сым құдіретінің сазы. Оны тыңдап, ұғыну үшін сана мен сезім керек. Дүние, өмір, тіршілік – үшеуі бір ұғым. Үшеуі де әннен құралған. Аспанға қара, тыңда, күмбір күй жетеді, желді тыңда, сыбыр-күбір... Мен кейде жол жүріп келе жатып, сайын даланың дыбысын тыңдағанды ұнатамын. Сондайда құлағыма әлдебір әуен келеді. Өмір – әуен, тылсымның әні – құдіреттің күші осы ғой деп ойлаймын», деген еді бір сұхбатында Қайырбек аға толғанып отырып. Рас, сазгер ағаның өз ортасында да, шәкірттері, қалың көпшілік арасында да беделді, сыйлы, құр­меті бөлек азамат еді.

Өнерге, білім саласына қызмет етіп, шен-шекпенге ұмтылмай, әділдікті ту етіп көтерген, өмір бойы жүрегі ән деп соққан Қай­рекеңдей – Қайырбек Сатиевтей өнер қайраткерінің жарқын бейнесі ұмытылмайды деп сенеміз.

 

Сая МОЛДАЙЫП,

Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі

 

ПАВЛОДАР