Туризм • 24 Шілде, 2020

Үміт отын үрлейді

163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаман тұмау жалпақ әлемді жабырқатып тұрғанымен, Ақмола облысының туризм саласы ішкі туризмнен үмітті. Ат ізін салған адамға Айнакөл тіл жетпейтін тілек айтып, Бурабай бауырындағы бар қадірлісін сайлауда.

Үміт отын үрлейді

Қазіргі таңда өңірдегі бар­лық туристік нысандар бекі­тіл­ген талаптарға сай қызмет ат­қа­­руға дайын. Өңірлік туризм бас­қармасының басшысы Уәли­хан Ғабдуллиннің айтуына қа­ра­ғанда, демалыс нысандары жазғы маусымға тас-түйін да­­­й­ын­дықпен келді. Кейбір сарапшылар туризмнен түсетін табыс биыл едәуір азаяды дегенмен, басқарманың мамандары өткен жылдан кем болмайды деген үмітті болжам ай­туда. Ал өткен жылы бұл көр­сеткіш 1 миллион 300 мыңнан асқан болатын.

– Барлық нысандардың әзір­лігі сарапталып, тиісті актілер тол­тырылды. Шекара жабық бол­ғанымен, үмітіміз ішкі туризмде, – дейді басқарма басшысы Уәлихан Ғабдуллин.

Бизнес өкілдері өткен екі айда­ғы шығын­дарын есептеп, енді со­ны өтеу жолда­рын іздестіруде. Ал турис­тер болса ғаламтор желісін шар­лап жүр. Оларға тиімдісі ке­рек. Бұл орайда облыстық дем­алыс және туризм индустрия­сы қауымдастығының төраға­сы Шынарбек Батырханов­тың айтуы­на қарағанда, ел іші ақпа­раттық сайттарға мейлінше көп назар аударып отырған. Демек, отан­дық демалыс орындарын іш­кі туристік ағынмен мелтектей толтыруға мүмкіндік мол. Соң­ғы уақытта туристік биз­нес сан­дық маркетингтің мол мүм­кін­дігін жаңаша бағалай баста­ған. Қауымдастық екі ай бойы ішкі мүмкіндік пен демалыс орын­­дарының бар жақсысын жан-жақты жарнамалаған екен. Нә­ти­жесі алдағы уақытта белгілі бо­лады.

Бір қуаныштысы, маусым бас­талмай жатып, ел адамдары демалыс орындарына алдын ала тапсырыс бере бастаған. Жоғарыда біз айтқан ішкі туризмдегі үміттің отын жағып тұрған да осы жайт. Ал баға туралы бір ауыз сөз айтатын болсақ, сарапшылар бизнес құрылымдардың шығындары мен нарықтағы аумалы-төкпелі өзгерістерді ескере келіп, биылғы жылғы жолдама 15 пайыз шамасында қымбаттауы әбден мүмкін деген болжам айтып отыр.

Қалай болған күнде де об­лыс­тағы туризм кластері жадыраған жаз айларында тынығып, дем ала­мын деген келушінің бар жағ­да­йын жасауға әзір. Туризм сала­сын­да 700-ге жуық кәсіпорын жұ­мыс істейді. Облыстың ту­ризм­ді дамыту қуаты тек жаз­да ғана емес, қақаған қыста да қо­лайлы жағдай туғызуға әзір. Сөз арасында тау шаңғысы база­­сын, бірнеше қызықты да маз­мұн­ды туризм бағыттарын айта кетуге болады. Оның үс­ті­не соңғы жылдары емдеу-сауық­­тыру, мәдени-танымдық, эко­ло­гия­лық, бұқаралық спорт­тық және іскер­­лік туризм салала­ры­на басымдық беріліп отыр. 2019 жылы «Бурабай» курорты – тәуелсіз мемлекеттер дос­тастығы шеңберінде Ресейдің бе­­делді «Тур­Стат» басылымы­ның зерт­теуіне қарағанда, көш бастап тұр­ған­дығы белгілі болған.

Халықтың дүмеп келетін кезі суға шомылу мүмкіндігі бар жанға жайлы жазғы маусым. Әдетте маусымнан қыркүйекке дейін жергілікті сауықтыру орындары 500 мыңнан астам туристерді қабылдап, қызмет көрсетеді. Ал сауықтыру орындарының тар­мақталған желісі тәулігіне 9 мың­нан астам туристі қабыл­дау­ға мүмкіндігі бар. Соңғы жыл­­дары туризмді дамытуға айтар­­лықтай көңіл бөлінуде. Бұл жай­ға 2019 жылғы 31 мамыр­да Қа­зақ­стан Республикасы Үкі­ме­тінің Қаулысы мен туристік са­ланы дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шарапаты тиіп тұр. Осы бағдарлама аясын­да 30 шара жүзеге асырылуда. Облыстың Щучье–Бурабай курорт­ты аймағын дамытудың үшін­ші кезеңі шеңберінде 27 шараны жүзеге асыру белгіленіп, бекі­тілген болатын.

Жаңаша серпін алған туризм саласындағы нысандардың са­ны жыл санап, ай санап өсіп ке­леді. Жоғарыда аталған жоба шең­берінде жалпы құны 100 миллиард теңгені құрайтын аумағы 232 гектар алаң болатын Үлкен Шабақты мен Текекөл көлдерінің арасында «AQBURA Resort» курортты аймағының құрылысы жүргізілуде. Бұл негізінен отбасымен демалушыларға арналған курортты аймақ. Оқырманның көз алдына елестету үшін сәл ғана таратып айтатын болсақ, 800 кірпияз көңілдің талғамынан шығатын бөлмелері бар қонақүйлер. Оған қоса, Бурабай кентінде құны 6 миллиард теңге болатын 14 гек­тар алаңда бір негізгі жоба жү­зеге асырылуда. Бұл кешен жаңа заманның үлгісі бойынша жар­қырай бой көтеруде. 

Курортты аймақты барынша абаттандырып, айнадай жар­қы­ратып қою үшін «Шале» бірыңғай стилі құрылды. Тарихы тасында тұнып тұрған туристік бағыттар тазартылып, мұнтаздай жарқырап тұр. Айналма жолдың айрығын, алаңдарды рәсімдеу, орталық аллеяларды безендіру, «LED» экрандарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Үйдегі ой толайым жү­зеге ас­са, ауасы дертке дауа, жан­ға ши­па Бурабай баурайы жаз бойы елі­міздің түкпір-түкпірінен келген меймандармен толып буыр­қанып тұрмақ.

 

Ақмола облысы