Қазақстан • 24 Шілде, 2020

Сәтбаевтағы ахуал тұрақты, жағдай бақылауға алынған

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласында жергілікті полиция бөлімшесіне бес жасар қыз баланың жоғалып кеткені туралы арыз түскен болатын, – деп жазады Egemen.kz.

Сәтбаевтағы ахуал тұрақты, жағдай бақылауға алынған

Дабылдан кейін іле-шала жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылған болатын. Бұл іске жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен еріктілер жұмылдырылды. Бірнеше сағаттан кейін іздеушілер жоғалған қыз баланы көп қабатты үйдің төменіндегі пәтерлердің бірінен тауып алды. Сол жерде күдікті ретінде 1958 жылы туған ер адам ұсталды.

Жантүршігерлік бұл оқиға Сәтбаев қаласының тұрғындарын дүр сілкіндірді. Ашу-ызаға бой алдырған олар қылмыс болған үйдің жанынан жиылып, азғынды өз қолдарына беруді талап етті. Сол жерде қоғамдық тәртіпті сақтауға және заңсыздыққа жол бермеуге келген полиция қызметкерлері болмағанда, істің насырға шабатыны анық еді.

Соның өзінде, расталмаған кейбір деректерге қарағанда, ашулы топ автокөліктерге зақым келтіріп, заңға томпақ келетін басқа да бұзақы әрекеттерге барған. Дегенмен, дер кезінде ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесінде жаппай тәртіп бұзкшылыққа жол берілмеді.

Сәтбаевтағы сұмдық оқиғаның қоғамды дүр сілкіндіргені соншалықты, тіпті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевтың өзі тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады.

"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдіктінің әрекеттері қылмыстық кодекстің екі бабы – "Адамды ұрлау", "Жас балаларды зорлау" бойынша сараланады. Болған оқиғаға қатысты қала тұрғындары ашу шығарып, наразылық білдірді. Олар оқиға орнына жиналды. Кейбір тұлғалар бұзақылық әрекеттер жасауға, мүлікті қасақана бүлдіруге әрекет етті. Қоғамдық тәртіпті бұзғандарды полиция заңға сәйкес анықтап, жауапкершілікке тартады", – деді ол.

Қазір Сәтбаев қаласында өмір өзінің қалыпты арнасына түскен. Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша қажетті қосымша шаралар қабылдаған.

Әзірге расталмаған хабарға қарағанда, зорлық көрген қыз бала үйінде, анасының жанында екен.

Қазіргі уақытта облыс әкімі Жеңіс Қасымбек оқиға болған Сәтбаев қаласында жүр. Ондағы ахуал тұрақты, жағдай бақылауға алынған.

Қарағанды облысы