Аймақтар • 24 Шілде, 2020

Ақтөбенің әлеуеті артып келеді

666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе еліміздегі өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Мұнда өндірістік кәсіпорындардың өрісін өсіру ісі екі бағыт бойынша жүргізілуде. Оның біріншісі бұрыннан бар. Өз дәстүрі қалыптасқан байырғы кәсіпорындарды жаңғырту жөніндегі жобалар, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбенің әлеуеті артып келеді

Бұдан 3-4 жыл бұрын басталған модернизациялық іс-шараларды сатылай жүргізіп, әр жыл сайын оның көлемін өсіру көзделген. Негізінен отандық компаниялардың өз қаражаты есебінен жүргізілетін жаңғырту жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі жарты триллион тенгенің төңірегінде болмақ.

Ал екінші бағыт нарықтағы сұранысқа сәйкес жаңа кәсіпорындар құру. Бұл іс шашыраңқы емес, керісінше оған шоғырлану мен топтасу сипатындағы үрдістер тән. Бұл бағытта "Ақтөбе индустриялық аймағының" атқаратын рөлі мен қызметі айырықша. Бүгінгі күнге дейін аталған индустриялық аймақтың әлеуетін одан әрі көтеру ісінде жүзеге аса қоймаған мүмкіндіктер молырақ болса, қазіргі күні оның пайдаланылу коэфициенті толығып келеді. Айталық биыл Ақтөбе қаласында жыл аяғына дейін жалпы құны 21,8 миллиард тенге тұратын бес кәсіпорын ашу қолға алынған. Осы арқылы 315 жаңа жұмыс орнын құру белгіленген. Бұл индустриялық аймақтың әлеуетін одан әрі өсіру ісіне қосыла алатын елеулі күш болмақ. Егер оның жай-күйіне тереңірек зер салсақ бәрі де нарық сұранысынан туындаған өміршең жобалар екеніне көз жеткізе аламыз.

Бұл жөнінде өңірлік үйлестіру кеңесінде биылғы жылы жүзеге асырылатын жұмыстардың тізбесі жасалған. Атап айтқанда бұлар құрылыс индустриясы өнімдері, қолданылған мотор майларын қайта өңдеу, күрделі металл құрылымдар және металл бұйымдарын дайындайтын зауыт болып табылады. Аталған кеңес құны 10 миллион тенгеге жуық сегіз жобаны мақұлдаған екен. Мұндай сүйекті де салмақты өндірістік күштерді топтастыру арқылы индустриялық аймақта жыл соңына дейін кем дегенде 600 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндіктер туғызылмақ. Сондай-ақ артық-кемі жоқ 25 компания индустриялық аймақтың Президенті екендігі де оның преспективалық мүмкіндіктерінен хабар бере алады.

Елімізде кенжелеу дамыған ерекше өндірістің бірі –қағаз шығару өндірісі екені белгілі. "Ақтөбе индустриялық аймағында" осы олқылықтың орнын толтыруға қатысты қағаз өндіретін заводтың құрылысы басталып кеткені де атап айтуға тұрарлық. Бұл кәсіпорын инвестициялық қаражат есебінен тұрғызылуда. Құны 300 миллион тенге құрайтын өндіріс орны жылына 3335 тонна қағаз немесе 23 миллион орама дәретхана қағазын, 3 миллион орам қағаз сүзгілерін және 7,5 миллион пакет майлықтарын шығармақ. Бұған қажетті шикізат көздерін толықтырудың бірнеше жолдары қарастырылған. Бұл үшін біріншіден макулатураны жинау жоспары жасалған. Мұндай үдеріс өндірістік цехтың жанынан салынған сұрыптауға және сақтауға арналған қойма арқылы жүргізіледі. Бұған дейін барлық шикізат Ресейден сатып алыныпты. Жрба жаңашылдары енді бұл кіріптарлықтан толықтай арылуды мақсат етуде. Бұл маңызды мәселені толық өндірістік циклды құру және еліміздің ішкі нарығын сапалы қағаз өнімдерімен қамту жөніндегі кешенді іс-қимыл арқылы шешу қарастырылған.

"Ақтөбе индустриялық аймағының" әлеуеті осылайша жыл сайын артып келеді.

 

АҚТӨБЕ