Аймақтар • 24 Шілде, 2020

Тараздық мың отбасы азық-түлікпен қамтылады

587 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз қаласында тұратын көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеті таратылды. Аталған қайырымдылық шарасы Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Тараздық мың отбасы азық-түлікпен қамтылады

Азық-түлік пакеті тараздық кәсіпкерлер мен «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атынан берілді. Карантин талаптарына сәйкес, қала еріктілері аталған көмекті мұқтаж отбасылардың тұрғылықты мекенжайларына жеткізіп берді.
Азық-түлік жинағының ішінде макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, ұн, шай, сүт секілді өнімдер бар. Сондай-ақ, балалар үшін тәтті нан өнімдері де қамтылған. Айта кету керек, аталған акция бір аптаға созылады. Бірінші күні 200 отбасына азық-түлік үлестірілді.

«Карантин кезінде көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында осы акцияны ұйымдастырдық. Бұл шара барша мұсылман баласы үшін қасиетті мереке саналатын Құрбан айт қарсаңында қолға алынып отыр. Бір аптаға созылатын акция аясында шамамен 1000 отбасыны дәл осындай азық-түлік жинағымен қамтамасыз ету жоспарлануда», дейді Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев. Жергілікті жомарт жандар да әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созуда. Мұндай акция көне шаһар топырағында әлі де жалғасын табатын болады. Мәселен, күн сайын демеуші азаматтардың есебінен ауруханаларға ыстық тамақ жеткізіліп, аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек табысталуда. Сондай-ақ, «Садыхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Тәтті себет» дүкендер желісінің басшылығы да дәл осы қамқорлық акциясын әрі қарай жалғастыруға ниеттеніп отыр.

 

Жамбыл облысы