Ал аймақтағы дәрі-дәрімек қоры мен тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі де оң шешімін тапқандай. Мәлімет бойынша, қазір қажетті дәрі-дәрмек қорында 250,9 мың таблетка дене қызуын түсіретін дәрі, 475 мың дана антибиотик және 40,5 мың дана вирусқа қарсы препарат бар екен. Яғни, емдеу мекемелері қажетті дәрімен толықтай қамтылған. Сондай-ақ, облыс бюджетінен бөлінген қаржыға 50 дана өкпені жасанды тыныс алдыру құрылғысы сатып алынды. Осы мақсатқа 625 млн теңге бөлінген екен. Тағы 127 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс берліген. Ал демеушілердің көмегімен осындай 11 құрылығы сатып алынып, облыстың ауруханаларына табысталыпты. Кәсіпкерлер қосымша қаржы жинап, тағы 19 аппарат сыйға тартпақшы. Қазір облыс бойынша өкпеге жасанды жолмен тыныс беретін құрылығылар саны 407 бірлікті құрады. Оның ішінде 60 аппарат балаларға арналған екен.
Кәсіпкер демекші, қалталы азаматтардың қайырым ісінен қалыс қалмағаны қуантады. Бұл бастамаға жетісулықтар бір кісідей жұмылып, үлес қосып отыр десек, жаңылыспаймыз. Тіпті, өз қаржысына ауруханаға қажетті құрылғы сатып алып беріп, аты-жөнін атамауды өтінген жомарт жандар да бар екен. Мысалға, Кербұлақ ауданының тұрғыны орталық ауруханаға 15 оттегі концентраторын сыйға тартқан. "Оң қолыңның бергенін, сол қолың көрмесін" деген ұстанымда болған кәсіпкер өзі туралы ақпарат беруден бас тартыпты. Жақында осы аудандық ауруханаға тағы 5 аппарат жеткізілмек. Нәтижесінде,емдеу мекемесі қажетті құрылғымен толықтай жабдықталмақшы.
- Аудандық ауруханада 55 науқас пневмониядан емделуде, оның бесеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Сондықтан оттегі концентраторы бізге өте қажет болатын. Құрылғының мүмкіндігі зор. Аталған аппараттарды бір тәулікте жеткізіп, көмек көрсеткен демеушіге аудан тұрғындары атынан және дәрігерлер атынан айтар алғысымыз шексіз. Енді дәрігерлер емделушілерге оттегі концентраторының көмегімен уақытылы жәрдем көрсете алады,- дейді Кербұлақ аудандық ауруханасының директоры Қайрат Ержанов.
Осындай игі іске Алакөл ауданының қалталы азаматары да өз үлесін қосуда. Кәсіпкерлер емдеу мекемелеріне медициналық құрал-жабдықтарды сыйға тартуда. Сол арқылы жерлестерінің өмірін сақтап қалуға барынша ат салысуда. Олар індетке шалдыққан науқастардың еміне шипа болар деген сеніммен қолдау көрсетіп, 11 оттегі концентрантын табыс етті.
Алматы облысы