Аймақтар • 26 Шілде, 2020

Академик Кенжеғали Сағадиев өмірден өтті

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық экономист әрі қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев қайтыс болды. Академиктің  25 шілде күні жүрегі тоқтаған, - деп хабарлайды Egemen.kz

Академик Кенжеғали Сағадиев өмірден өтті

"Өкінішке қарай, жаппай тараған ауру біздің отбасымызға да жетті. Оны танитындардың бәрі оның терең ой-өрісін, жан дүниесін және жақын адамдарына деген қамқорлығын жақсы біледі. Өте жақсы өмір сүрген ұлы адам", - деді оның отбасы.

Олар жерлеу рәсіміне тек отбасы мүшелері қатысатынын айтты. Кенжеғали Сағадиевті еске алуға арналған басқа іс-шаралар 2021 жылы 25 шілдеде өтеді. Бұл оның өсиеті екен. 

Кенжеғали Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысы, Ақкөл ауылында дүниеге келген.

1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. 1966 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасына түсті.

1977 жылы экономика ғылымдарының докторы, 1978 жылы профессор, 1994 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі атағын алды. Қазақстан ғылымы мен техника саласының құрметті қызметкері ретінде танылған.

Ол Қазақстандағы 5 ірі жоғары оқу орнын басқарды. Целиноград ауылшаруашылық институты мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Халықаралық бизнес университетінің және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті болды.

Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым-хатшысы және президенті болып сайланды. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің директорлар кеңесінің төрағасы атанды.

Парламент мәжілісінің үшінші (2004-2007 ж) және төртінші (2007-2011 ж) шақырылым депутаты болып сайланып, мәжілістегі қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды (2004-2007 ж.).

Академик Сағадиев өзінің ғылыми мектебін құрды. 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы. Оның республикалық газет-журнал беттеріндегі жарияланымдары көпке мәлім.

Ол ғалым және экономист ретінде халықаралық аренада танымал. АҚШ-тың Нью-Йорк академиясы мен Америкалық экономикалық ғалымдар қауымдастығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының академигі, Халықаралық жоғары білім академиясының академигі болып сайланған.