Қазақстан • 26 Шілде, 2020

Президент кеңесшісі педофилдерге қатысты пікір білдірді

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин 14 жасқа толмаған баланы зорлаған адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына сотталатынын айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 



Президент кеңесшісі педофилдерге қатысты пікір білдірді

"Соңғы оқиғаларға байланысты желі пайдаланушылары балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту керек деп жазып жүр. Шын мәнінде мұндай шаралар Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы қабылданған еді. Президент 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында сексуалдық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қарсы басқа да ауыр қылмыстар жазасын жедел түрде қатаңдатуды тапсырды", - деп жазды ол өзінің телеграмдағы парақшасында.

Президент кеңесшісі тиісті заң жобасының күзде Парламентке түскенін атап өтті.

Ал 30 желтоқсанда Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды және ол 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді.

"Заңның жаңа нормаларына сәйкес, орташа ауырлықтағы зорлық-зомбылық қылмысы ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. 14 жасқа толмаған балаларға зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау жазасы көзделеді. Одан бөлек, педофилия фактілерін жеткізбеу, жасыру, бұрмалау үшін де жауапкершілік белгіленген. Бұл енді 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін ауыр қылмыс болады. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі - біздің мемлекет үшін басым бағыттардың бірі", - деді Ерлан Қарин.