Экология • 26 Шілде, 2020

Заңсыз қоқыс орындары туралы 376 шағым түскен

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология министрлігінің жедел желісіне алғашқы жұмыс аптасында 376 шағым түскен, - деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа  сілтеме жасап. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеген.

Заңсыз қоқыс орындары туралы 376 шағым түскен

Заңсыз қоқыс орындары туралы хабардың басым бөлігі Алматы (61) және Қарағанды ​​(41) облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласынан (47) түскен. Азаматтардан түскен өтініштердің саны бойынша "бестікке" Ақтөбе (35) және Шығыс Қазақстан (32) облыстары кіреді. 376 шағымның 269-ы - стихиялық қоқысқа қатысты, 107-сі - толып кеткен контейнерлер туралы шағымдар.

"23 шілдедегі жағдай бойынша, әкімдіктермен бірлесіп, 132 полигон жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Шағым түскеннен кейін ақпарат дереу жергілікті экология департаменттеріне, әкімдіктер мен ішкі істер департаменттері қызметтеріне жіберіледі. Мамандар дереу тексеру орнына барып, сол жерде шара қолданады. Кінәлілер жазаланады, соның ішінде айыппұл да салынады", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Экология министрлігі таяуда жедел желіні іске қосқан еді. Оның нөмірі - +7 (775) 952-49-00. Бұл нөмірге WhatsApp арқылы кез келген қазақстандық өз қаласындағы немесе ауылындағы стихиялық қоқыстар туралы ақпаратты фотосурет пен бейнетүсірілім арқылы растай отырып, қолдана алады.

"Біз барлық тұрғындарды мәселеге бейжай қарамай, жедел желіге өз аумағындағы стихиялық қоқыс немесе контейнерлердің толып кету фактілері туралы дереу хабарлап, өздеріңіз оларға ескерту жасап, полицияға хабарласуды сұраймыз. Тек бірлескен жағдайда ғана біз бұл саланы тәртіпке келтіре аламыз", - деп атап өтті вице-министр Ахметжан Пірімқұлов.