Шағын елдердің интернеті екі есе жылдам
Әлемдік өлшемді жоққа шығарғанымызбен отандық ғаламтордың сапасы сын көтермейтінін коронавирус пандемиясы дәлелдеді. Стресс-тестке шыдамаған интернет жүйесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет сынап, ақыры салаға жауапты «цифрлы офицерлер» жұмсақ орындарымен қош айтысты.
Speedtest Global Index-те жарияланған көрсеткіште маусымда мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан секундына 21,25 мегабит жүктелімімен екі сатыға жоғарылап, Мозамбик және Кениядан кейін 95-орында тұрақтады. Бұл санатта Болгария, Хорватия және Албания секілді Балқан елдері үздік жиырмалықтан орын алды. Бұрынғы кеңестік аумақта ұшқыр интернет Балтық жағалауында байқалған. Атап айтқанда, жаһандық тізімде Литва 19-шы, Эстония 29-шы қатардан көрінді. Дегенмен бұл елдердің Еуропаға бет бұрғаны қашан?! Кеңжолақты интернетке келсек, еліміз секундына 46,31 мегабит жылдамдығымен 200-ге жуық мемлекеттің арасында 65-ші орынды меншіктеп алды. Осы негізгі санатта Қазақстаннан жиырма сатыға жоғары тағы бір аралдық мемлекет, дәлірек айтқанда Барбадос секундына 79,77 мегабит жүктелімімен 42-ші қатарда орналасқан. Ішкі жалпы өнім бойынша бұл ел дүниежүзілік рейтингте 161-орында тұр. Аталған тізімде Қазақстан 56-шы позицияда орналасқанын айта кетейік.
Жүйелі кемшіліктерді жоюды тапсырды
Қош, сонымен отандық цифрландырудың негізгі проблемаларын тарқатсақ. Қазір интернет бұрынғыдай екінің бірінің мүмкіндігі жете бермейтін қымбат қызмет емес. Керісінше ол жарық, су, жол, газ сынды инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналып, оған деген қажеттілік уақыт санап артуда. Бірақ көктемде қарқын алған пандемия еліміздегі байланыс жүйлерін нағыз сынақтан өткізіп, жанды жерімізді ашып бергендей. Айталық, төтенше жағдай енгізілген бойда жұмыссыз қалған яки табысынан айырылған азаматтар Үкімет тағайындаған 42 500 теңге көлеміндегі жəрдемақыны алуға eGov.kz порталына өтініш беруге асықты. Күнделікті порталға сағатына 6 мың адам кірсе, карантин кезінде бұл көрсеткіш 15 млн-ға артып, Үкіметтік сервердің ауқымды көлемдегі жүктемені өңдеуге қауқары жетпеді. Цифрлық даму, инновация жəне аэроғарыш өнеркəсібінің экс-министрі мұны кибершабуылмен байланыстыруға тырысып бақты. Білім беру саласында ахуал тіптен ушығып кеткені жасырын емес. Қашықтан білім алуға қамданған оқушылардың, студенттердің және ұстаздардың көрші ауылдар мен тау-тасты аралап, уақыттары байланыс желісін іздеумен өткен фактілер аз болған жоқ.
Қоғамдағы резонансты жағдайларды ескерген Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасындағы жүйелік кемшіліктерді түзетіп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қашықтан оқыту әдісіне көшу инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. 20%-дан астам мұғалімдердің үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40%-ы ғана іске жарамды. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті жабдықтармен қамту тиіс. 1-қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұған толық дайын екеніне күмәнім бар», деген еді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жауапты компания міндетін атқармайды
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасиловтың айтуынша, Қазақстандағы цифрландыру саясаты дұрыс жолға қойылған және қолға алынған реформалар да әлемдегі озық тәжірибелердің негізінде әзірленген. Алайда оны іске асыру тетігі ақсап тұр. IT маманы мемлекеттік органдардың цифрлы жүйелері ортақ ақпараттық базаға біріктірілмеген соң, салада осындай бейберекет ахуал қалыптасқан деп санайды. Сәйкесінше, әрқайсысы қалаған бағытында жұмыс істеп келеді. Ал осыған жауапты ведомстволар негізгі міндеттерін атқарудан қалды. Басты жүйелік кемшілік осыда жатыр деді ол. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері де шаруаның шатқаяқтауына тағы бір себеп.
«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ – еліміздегі цифрландыру ісіне жауапты басты орган. Салалық министрлік тек реттеуші ведомствоның міндетін атқарып, тиісті заңдарды әзірлеумен бірге нарықты қадағалап қана отыру керек еді. Ал еліміздің IT архитектурасын «Зерде» дайындауы тиіс. Ұлттық холдинг бұл міндетін қазір атқармайды. Оның бұл процестен шеттетіліп, бүгінде қандай жұмыспен айналысып жатқаны белгісіз. Тек өтініштерді жинақтап, оны келесі органдарға жіберумен шұғылданып жатқанын естідік. Яғни таратушы ұйымға айналып, өзінің негізгі міндетін орындаудан қалды. «Зерде» жұмысын атқармағаннан кейін барлық мемлекеттік IT операторлары, нақты айтсақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өзінің eGov.kz жобасымен, мемлекеттік сатып алу порталы, сол секілді әкімдіктер жеке өздерінің цифрлы жүйлерін әзірлеп, аталған ақпараттық бағдарламалар цифрландырудың ортақ арнасына біріктірілген жоқ. Шартты түрде айтқанда, ауылдық, қалалық немесе облыстық әкімдікте ақпараттық жүйені әзірлеу қажет. Бұл үшін біріншіден «Зерде» холдингінің келісімін алып, ұлттық компания жергілікті порталдың құрылуына және оның ортақ жүйеде үйлесім табуына көмектесу керек. Мұндағы басты идея – кез келген цифрлы жүйені әзірлеу арқылы тұтастай ортақ базаны қалыптастыру», деді А.Абдрасилов.
Бар мәліметті қайтадан сұрастырады
Бұл жұмыстарды Цифрлық даму, инновация жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі бақыламағаннан кейін нарықта білікті мамандардың жетіспеушілігі, сондай-ақ әр ведомствоның қалаған жағына қарай қозғалу үрдісі байқалғанын айтады сарапшы. Мәселен, электронды қызмет түрлері жақсы дамыған аймақтар бар. Кейбір өңірлерде бұл қызметтер мүлдем жоқтың қасы. Цифрлы қызметтердің белгілі бір бағыты ғана жолға қойылған облыстар да жоқ емес. Қарапайым мысал келтірсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды еңбек кітапшасын құрып, барлық жұмыс берушілерге қарамағындағы қызметкерлер жайлы мәліметтерді толтыруға кеңес береді. Әйтсе де бұл мәліметтер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында бұрыннан жинақтаулы. Егер де адам қызмет етсе, оның зейнетақы төлемдері аударылып тұратыны айтпаса да түсінікті. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының өкілі, қажетсіз жұмысты қайталағаннан гөрі бар деректі БЖЗҚ-ның базасынан алған әлдеқайда тиімді әрі үнемді болатынын және халықты тектен-тек мазаламаудың оңтайлы шешімі деп санайды.
Цифрландыруға мүдделі топ қарсы
Цифрлы технологиялардың ұлттық экономикадағы көрсеткіштерді жақсартуда пайдасы орасан. Десе де оның пайдасын Үкімет пен халықтың көріп жатқаны шамалы. Әсіресе, мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарын реттеуге, көлеңкелі экономиканы азайтуға, офшордағы ақшаның көлемін анықтауға, қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың үлесін ұлғайтуға, бөлінген қаражаттың орындалуын қадағалауға, сол секілді сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту сынды игілікті тұстары жетерлік.
GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, цифрландырудың мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын қадағалауда септігі мол болғанымен елімізде оның енгізілуіне қарсы топ бар.
«Цифрлы технологиялардың енгізілуімен мемлекеттегі көлеңкелі экономиканың көлемі азаяды. Оның жарқын көрінісі банк қызметінде анық байқалуда. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуда тың технологияның оңтайлы әсері көп. Былтыр банктер азаматтардың табысын жасырып жатыр деген желеумен Үкімет цифрлы аударымдарды тежеп, арнайы салықты енгізуге ұсыныс тастаған болатын. Президент бұл ұсынысты кері қайтарды. Бұл шешім дұрыс болды деп ойлаймын. Өйткені аталған жүйе көлеңкеде жатқан айтарлықтай қаражаттың шығуына септігін тигізді. Тағы да бір айта кетерлігі, мемлекеттік бюджеттің шығыстарын қарасақ, түсініксіз тұстары аз емес. Қаражат қайда жұмсалып және қалай беріліп жатыр? Мысалы, өңірлерде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы арқылы әлеуметтік нысандар салынуда. Бірақ бөлінген қаражат мектепті салуға толығымен жете ме? Әлде ақша талан-таражға ұшырап кете ме? Осының барлығы қазір белгісіз болып тұр. Егер де блокчейн және басқа да цифрлы технологиялар енгізілсе, жоғарыдағы тәуекелдер тежелетін еді. Неге екені белгісіз, бұл үрдіс әлі күнге дейін жүзеге аспай жатыр?! Яғни оның іске асуын қаламайтын мүдделі топ бар. Нақты статистикаға тоқталсақ, соңғы мәліметтер бойынша ішкі жалпы өнімге шаққанда көлеңкелі экономиканың көрсеткіші 30%-ға жетті деп айтылады», деді М.Халық.
Экономист бұл көрсеткішті өсіп кетті деп есептейді. Өйткені екі-үш жылғы мәлімет бойынша оның мөлшері 26% болатын. Осы жылдың қорытындысына сәйкес, ішкі жалпы өнім 70 трлн теңгеге жуықтайды деп болжануда. Енді соның 30%-ын есептегенде 21 трлн теңге шығады. Демек, 21 трлн теңге қандай да бір фискалды чексіз, еш тіркеусіз айналымда жүрсе керек.
Цифрландыруды цифрландыру үшін іске асырған мемлекет
Сала мамандары Қазақстанда қаржыландыруы жағынан бүкіл Орталық Азия мен көршіліс елдердегі бәсекелестерінен басып озатын ұлттық IT компаниялары жетіп артылатынын айтты. Дей тұрғанымен олардың атқарып жатқан жұмыстары мардымсыз әрі бөлінген қыруар қаражаттың біраз бөлігіне де татымайтынына қапалы.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бюджет көлемі бойынша Орталық Азиядағы ең ірі IT компания. Және де осындай тағы бірнеше компания бар. Бұл ұйымдар білікті мамандарды дайындап, тартымды жобалар ұсынуы тиіс еді. Алайда қомақты қаражат бөлінсе де лайықты жемісін көріп отырғанымыз жоқ. Қажет уақытында ірі сома берілгенімен олардан тек жарамсыз ескі технологияларды ғана алдық. Мәселен, пандемия кезінде бұл электронды қызметтер халықтың сұранысын өтеуге жарамады. Цифрландыру не үшін енгізіледі? Басты мақсат – барлық әкімшілік процестерді оңтайландыру, адамдардың көмегіне жүгінбей қажетті қызметті аз уақытта алуға жағдай жасау. Бізде керісінше үрдіс байқалады. Цифрландыруды цифрландыру үшін жасап жатқандай әсер қалдырады. Мемлекеттік аппараттың саны өсіп жатыр. Алайда мемлекеттік ұйымдардың санын қысқартып, барлық процестерді автоматтандыруды енгізу көзделген болатын. Егер де eGov.kz порталы жұмыс істесе, онда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының не қажеті бар? Мемлекеттік сайт дұрыс істемегендіктен адамдар қызмет көрсету орталықтарына баруға мәжбүр. Ең бастысы, цифрландыру ашықтық үшін қажет. Бірақ мемлекеттік сатып алулар болсын және тағы да басқа мәліметтерді білу үшін қосымша сұраныс жіберу қажет. Миллиардтап жұмсалған ақшаның нәтижесі қандай болғанын айту қиын. Бұл ретте арнайы жұмыс тобын құрып, атқарылған жұмысты талдауымыз қажет деп есептеймін», деді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры.
Отандық IT секторында олқылықтар жеткілікті. Дегенмен оны түзетудің жолдары қарастырылған. Дәлірек айтқанда, сарапшылар қоғамдық ықпалды арттырып, барлық басқару жүйесін қайта қарауға кеңес береді. Бұдан бөлек, нәтижелерді бағалау мен тексеріс жұмыстарын күшейтіп, кейбір жобалардан бас тарту қажет. IT архитектурасын да қайта қарастырып, тиімсіз жүйелерден мүлдем құтылған артық болмас. Өзін-өзі бақылау тетігі тиімсіз екенін дәлелдегендіктен тәуелсіз сарапшыларды жұмылдыру кезек күттірмейтін мәселе деп нақтылады қазақстандық мамандар.