Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Президент кеңес өткізді
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауында сот төрелігінде гуманизацияға бой алдырып, қатал жазалау шараларынан алшақтап кеткенімізді сынға алып, заңнаманы ізгілендіру азаматтардың негізгі құқықтарын ұмытуға негіз болмауы тиістігін, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажеттігін Үкіметке тапсырған болатын.
Өткен аптада Сәтбаев қаласында орын алған оқиғаға да Президент назар аударды. Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен және құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді.
«Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ. Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді», деп хабарлады бұл туралы Президенттің баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли.
Иә, «қазанның қайнағанын қара, баланың ойнағанын қара» дейтін халқымыз үшін баланы көзден таса етпеуге бағзыдан үлкен мән берілген. Бірақ бұрынғы қауіп басқадан – оттан, судан, тілсіз жаудан сақтандырар еді. Ал қазіргі адам қолы деп атауға келмейтін азғындық әрекеттердің әр жерден көрініс беруін қалай түсінуге болады? Заман азды ма, адам азды ма?!
Жағдай бақылауға алынды
Көңілге медет тұтарлығы, күллі қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырған Сәтбаев қаласындағы жағдай бақылауға алынды.
Айталық, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 23 шілдеде кешкі сағат 21.00-де Сәтбаев қаласындағы ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түскенін, жедел іздестіру нәтижесінде балдырған қаладағы бір үйден табылғанын, жас қызды зорлады деген күдікпен бір адам қамауға алынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министр күдіктіні тұрғындар өздері жазаламақшы болғанын атап өтті.
«Бірнеше адам күдіктіні өз қолдарына беруді талап етіп, жанжал шығарды. Олар бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылды, жағдай бақылауға алынды. Бұл жағдай бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды», деді Е.Тұрғымбаев.
Сондай-ақ ведомство басшысы қазақстандықтарды желідегі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеңіздер және оны таратпаңыздар! Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер! Ішкі істер министрлігі үнемі мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылап отыр. Жалған, негізсіз ақпарат таратуға қатысты заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», деді ведомство басшысы.
Ал еліміздегі Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин баланың анасымен телефон арқылы сөйлесіп отырғанын, сот-медицина сараптамасы жүргізілгенін, заң органдарымен, сондай-ақ психологиялық көмек көрсету жөнінде ары қарайғы іс-қимыл туралы сөйлескенін және оқиғаны барлық бағыт бойынша қадағалайтынын жеткізді. Яғни уәкіл Ішкі істер министрімен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасарымен байланысқа шығып, зардап шеккен баланың отбасы осы іс бойынша ювенальды адвокатпен, сонымен қатар жақсы психолог-маманның көмегіне сүйенуі керегін жеткізген.
«Бірнеше жыл қатарынан біз балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету бойынша істермен шұғылданып келеміз. Тіпті осындай әр қылмыстық істі тыңдаудың өзі қиын, ал оны балалар мен олардың ата-аналары қалай өткеретінін елестету мүмкін емес. Балаға қарсы мұндай қылмысты жасаған әрбір қылмыскердің барынша жауап беруіне қол жеткізетін боламыз», деді ол.
Жаза жеңілдетілмейді
Десе де әлеуметтік желіде қылмыскерлердің жазасын лайықты өтемейтіні жөніндегі мәселе жиі қозғалып, осы орайда қаладағы тәртіпсіздіктің осы әділетсіздікке қарсы көрініс екенін айтушылар да болды.
Бұл ретте Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Президент Қ.Тоқаевтың жыныстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты өзге де қылмыстарды жазалауды қатайту туралы тапсырмасына сәйкес заң шығарушы орган атынан тиісті заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізілгенін айтады.
«Сәтбаев қаласында орын алған оқиға бәріміздің жанымызды ауыртты. Ана ретінде елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың тыйылмай тұрғаны қатты алаңдатады. Бұл мәселені өзіміз де, қоғам белсенділері де жиі көтеріп келеміз. Себебі бәріміз үшін балаларымыздың қауіпсіз, жарқын өмірі – негізгі басымдық. Соңғы жылдары бұл бағыттағы заң нормаларында оң өзгерістер бар екенін айтуымыз керек. Қылмысқа барған адам заң алдында қатаң жазалануы керек. Себебі қолданыстағы заңнама оған мүмкіндік береді. Сонымен бірге балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Бұл тараптардың татуласуына мүмкіндік жоқ деген сөз. Ал бұрын татуласуға жол берілетін. Бұл бағытта жазалау шаралары мұнымен шектелмейді. Заңдағы соңғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес мұндай қылмыс жасаған адам түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға алмайды. Сондай-ақ қылмысы үшін тағайындалған жаза түрі өзгеріссіз қалады, ол жеңілдетілмейді және мұндай жағдайда кешірім актісі қолданылмайды. Осы орайда айта кетейін, бір топ депутат болып бастама көтеріп, қазіргі таңда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарап жатырмыз. Біздің мақсатымыз – осыған дейін қалыптасқан, бірақ өзін ақтамай отырған заң нормаларына іргелі өзгерістер енгізу. Бұл бағытта бізге мемлекеттік органдардың бірлесе әрекет етуге деген құлшынысы аса маңызды. Жаңарған, қоғам талабына жауап беретін заң нормалары – мәселені шешудің тегеурінді жолы. Аталған оқиға қаншалықты ауыр болса да, мәселе заң аясында шешілуі және қылмыскер қатаң заңдық жазасын алуы тиіс. Біз осылай заңға арқа сүйегенде ғана қоғамдағы тәртіпті және әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», деді сенатор.
Сенімге түскен селкеу
Әлеуметтанушы Ерлан Саиров бұл мәселеге орай аймақтарды дамытуға көңіл бөлетін уақыт жеткенін, Сәтбаевтағы жағдай шағын қалалар проблемасын анықтап бергенін айтады. Сарапшының айтуынша, кеңес заманынан мұра болып қалған қала құраушы кәсіпорындардағы кәсіпорынның иесі капиталиске айналып кеткен, қаланың инфрақұрылымына, әлеуметтік нысандарға жауап бергісі келмейді. Ал бүгінде елімізде отызға тарта осындай қалалар бар.
«Бұл қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымы, адамдардың жұмыспен қамтылу дәрежесі, бюджет мәселесі сын көтермейді. Сондықтан әлеуметтік проблема осы қалалардан шығатыны заңды. Мемлекет осы қалалардың инфрақұрылымының дамуына, жергілікті халықтың сапалы жұмыспен қамтылуына жіті көңіл бөлуі керек. Ірі бизнес өкілдері, өздері қомақты пайда тауып отырған қалалардың халқына пана бола білуді үйренуі шарт. Бұл қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын жөндемей, елімізде халықтың наразылығы жүйелі түрде және тегеуірінді шығатыны анық, дейді Е.Саиров.
Әлеуметтанушы сонымен бірге Сәтбаев қаласының тұрғындары сол педофилді халықтың қолына беруді талап етіп, көшеге шыққанын, азаматтардың көшеге шығуының басты себебі полицияға сенбейтінін, бұл нигилизмнің пайда болуына әкелетінін, дегенмен, халық пен билік арасындағы диалог өте маңызды екенін айтады.
«Полиция өкілдеріне ақпаратты уақтылы беруді басты назарда ұстау керек. Педофилдерге заңды күшейткені өте дұрыс болған. Бұларды қатаң соттаумен қатар, (педофилдік факт дәлелденген жағдайда) лезде химиялық кастрация жасау керек. Мұндай адамдар өмір бойы түрмеде өтуі тиіс!», деді ол.
Міне, осылайша бір оқиғаның барысында қоғамда күрделене түскен бірнеше мәселенің барына көз жете түсті. Яғни әр істі кешенді түрде жан-жақты атқарудың өзектілігі айқындалғандай... Сәтбаевтағы оқиғадан алар сабақ – осы.