Сұхбат • 28 Шілде, 2020

Жүрекжұтқан полицей II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды

564 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл өмірде көзсіз ерлікке бара алатын мықты азаматтар бар. Бірақ көп жағдайда мұндай үлкен жүректің иелері көзге түсе бермейді немесе олардың ісін бағалайтын орта болмай жатады. Ал осы заманның қаһармандары мұны жұмыс талабына балап, қарапайым ғана тіршілік кешіп жатыр.

Жүрекжұтқан полицей II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды

Сондай бейбіт күннің батыры – нағыз полицей Бақытжан Бәкіровтің басқаларға ғибрат боларлық тамаша ерлігі туралы осыдан бірер күн бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне мақала жазған едік («На­ғыз полицей күдіктіні ұстау үшін 13-қа­баттан секірді», 24.07.2020 ж.). Осы мақала жарық көргеннен кейін көп күттірмей, қуанышты хабар да келіп жетті. Алматыда педофилді ұстаған полиция майоры Бақытжан Бәкі­ров Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Ай­бын» орденімен марапатталды! «Қызметтік борышын орындау кезінде көр­сеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Алматы қала­сы полиция де­партаменті Түрксіб ау­дандық полиция бас­қар­масының жедел уәкілі Бақытжан Әнуар­бекұлы Бәкіров II дәрежелі «Ай­бын» орденімен марапаттал­сын», де­лін­ген Президент Жарлы­ғының мәтінінде.

Қазақстандық полиция қызметкер­лерінің абыройын асқақтатқан Бақытжан Бәкіров тепсе темір үзетін жаста. Түркістан облысы Жетісай қаласының тумасы. Бақытжан бала күнінен күреске, самбоға қатысып, шымырлығын шыңдап өскен. Ол әділет жолында күрескен тұлғалар туралы шығармалар, фильмдер көріп, оларды өзіне үлгі етіп ер жетеді.

Ерлік жасау, момын мен әлсізге араша түсу, қылмыстың жолын кесу қашан да нағыз жігіттің жүрегінің түкпірінде жататын жасырын арманы болса керек. Осы тілек құқық қорғау саласын таң­даған Бақытжанды адастырмаған екен.

Арман – осылайша бүкіл тағдырыңа айналады. Алайда, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің заң факультетін тәмамдап, туған жеріне прокуратура саласында тәжірибе жинақтауға келген маманға бастапқыда қызметі сүреңсіз көрінсе керек. Дәл кинодағыдай мұнда шым-шытырық оқиғалар, алашапқын өмір жоқ. Бірақ қадағалау органына жұмыс бабымен келген аса қауіпті қыл­мыскерлерді жедел іздестіру тобындағы жігіттердің әңгімесі қызық, нағыз поли­цейлердің өмірі дерсің.

Осыдан кейін бейбіт күннің батыры атанған Бақытжан бәрін тастап, Алматыға қарай асығады.  Өйткені дәл осы кезде қалалық полиция қызметіне іріктеу жүріп жатады. Үш айлық даярлықтан сүрінбей өткен маман қаладағы Түрксіб ауданына қызметке алынады. Сол 2006 жылдан бері талай жаз, талай қыс өтеді. Осы аралықта жас маман полиция майоры атанады.

Естеріңізге сала кетейік, нағыз полицейге «Айбын» орденін «әпер­ген» оқиға биылғы 11 шіл­деде Түрксіб ауданында жеке үй­лер алабында болған. Түсте По­кров­ская көшесінде орналасқан үй­лердің біріне күдікті кілтті таң­дау арқылы кірген. Үйде 2 бала – төрт жастағы ұл бала мен оның 15 жастағы әпкесі болған. Қаскөй пышақпен қорқытып, 17 мың долларды иемденіп, содан кейін қызды қорлаған. Кейін әл-Фараби даңғылындағы үйде жасырынған күдікті полициядан қашып тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан секіріп кеткен. Сол кезде полиция майоры Бақытжан Бәкіров оның соңынан секіріп, мертіккеніне қарамастан қылмыскерді құрықтады. Өкшесі мен табанынан ауыр жарақат ал­ған полицейге үш рет ота жасалды.

– Бақытжан, сол күнгі оқиға қалай өрбіп еді?

– Бізге бір пәтерде жасы кә­ме­летке жетпеген қыз баланың зор­ланып, сол жерде ақша тонау, яғни, ауыр қарақшылық әре­кеттердің болғаны туралы мә­лі­меттер келіп түскен соң, тер­геу-іздестіру тобы құры­лып, күдіктінің ізіне түстік. Айт­қан­дай, ол бұрын да қылмыстық жауап­кершілікке тартылған адам. Төртінші күні бізге оның жал­дап жатқан пәтері мен үй иесін анықтаудың сәті түсті. 11 шілде күні серіктесім – аға лей­тенант Мейір Несіпбай екеу­міз күдікті жасырынып жат­қан ме­кенжайға аттандық. Әрі қарай қалай болғанын білесіздер.

Ол күтпеген жерден келген «сантехниктерден» сезіктеніп, терезеден секіріп қашпақ болды. Менде ойланып жататын уақыт болған жоқ. Қалайда оны қолға түсіруге міндетті едік. Күдіктінің соңынан секіріп, екеуміз де 11 қабаттың балконына құладық. Ол жанталасып сытылып кетпекші болған, бірақ серіктесім жеткенше оны ұстап тұрдым. Аяғым мертіккенін сол кезде білдім. Аяғыма жасалған үш ота да жақсы өтті. Негізінен үйде ем­делдім. Ауырсынуды басатын дәрілер қабылдап жүрмін.

– Көпбалалы әке екенсіз? Өзіңіз туралы айта кетсеңіз.

– 19 шілдеде 37 жасқа толдым. Төрт ұлым, екі қызым бар. Жұбайым бала тәрбиелеп, үйде біздің жағдайымызды жасап отыр. Ұлымның үлкені – 11-де. Кенже туған егіздеріміз (бір ұл, бір қыз) енді төрт айлық болды.

Шынымды айтсам, жексенбі күні ғана балаларға қарайласа аламын. Ұлдарымның спортпен шұғылдануын қадағалаймын. Еркін күреске барады. Қызы­мыз­ды би өнеріне бердік. Үлкен балам дәрігер болғысы келеді. Өзім­нің уақытым тапшы, қолым қалт еткенде жаттығу залына барамын.

– Балаларыңыз да сіздің Пре­зидент Жарлығымен «Ай­бын» орденін алғаныңызға қуанып жат­қан болар?

– Әрине бәрі де қуанып жатыр. Бүгін бізді құттықтап гене­ралдың өзі келді. Содан кейін Іш­кі істер министрі де хабар­ла­сып құттықтады. Тезірек сауы­ғып кетуімізді тілеп жатыр. Жұ­мыс­­тағы жігіттер де құт­тық­тап жатыр. Новосібір, Крас­но­дар­дағы достарым хабарлас­ты. Олар бірін­ші мені сол 13-қабаттан 1-қабатқа секірді деп ойлапты. Көз­дері шарадай болған. Мемле­кеттік марапатыммен әлі де құт­тықтап жатқандар бар.

Біз де өз тарапымыздан бейбіт күннің батыры – Бақытжанды жоғары деңгейлі марапатымен құттықтап, оған «ізіңізден ерген батырлар көбейе берсін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын», деген тілегімізді жеткіздік.

 

АЛМАТЫ