Оқиға • 28 Шілде, 2020

Жанқожа сыйлаған қылыш

1378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазыналы Қазалы өңірінде осы топы­рақтан шыққан Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түкті­баев есімін иеленген ауыл бар.

Жанқожа сыйлаған қылыш

Осы ауыл­да жастар тәрбиесіне, рухани құндылықты қадір­леуге үлес қосып келе жатқан Ғабдулла Іззатов деген азамат тұрады. «Орынбет ишан» мешітінің бас имамы Ғаб­дулла Інаятұлы – елі үшін ат үстінен түс­пеген жолбарыс жүректі Жан­қожа батырдың пірі болған Дәрменқұл ишан­ның ұрпағы. Қазір оның қолында кезін­де бабасына батыр сыйға тартқан қылыш сақталып тұр.

Ел аузынан жеткен деректерде елін жауға талатпаймын деп жетпіс жыл ат арқасынан түспеген Жанқожа батырдың сенімді сері­гінің бірі Сәйеке ишан болғаны айтылады. Кейін Сәйеке ханның шақыруымен Хиуаға аттанып, қазірет лауазымын иеленіп, орнына Дәрменқұл ишанды қалдырады. Дәрменқұл баба да батыр­дың қасында 40 жылға тарта жүріпті. Бес уа­қыт намазын қаза қылмаған батыр ишанның батасын алмай жауға шаппаған деседі.

Патшалық Ресей дендей ене бастаған тұста Жанқожа батырға Хиуа ханынан жаушы же­тіпті. Біраз тарту-таралғы арқалай келген ол жай­ғасып болған соң «Батыр орыс­тарға қарсы ғазауат бастаса, қолдауға біз дайынбыз» деген ханының қолқасын жеткізсе керек.

 Ишанның ұрпағы Ғабдулла Іззатов ел аузын­да сақталған осы оқиға жайлы мынадай бір қызық дерек айтты.

– Батыр ханның сәлемін жеткізген жанға пірімен ақылдасатынын айтып, сәл мұрсат сұ­райды. Сонда Құран кітап ашқан Дәрменқұл ишан батырға: «ханның бұл тілегін құп алма­ға­ның жөн-ау, дініміз бір болса да олар осы жолы бұғып қалып, бізді оққа байлағалы отыр. Ша­риғатта сыйлықты қабылдау бар, хадиясын алып, өзіміз хабар береміз деп шығарып салыңыз» деген ақыл қосыпты. Пірінің айтқанын құп алған батыр ертесі жаушыларды жолға салса керек. Ханнан келген тартудың арасында асыл темірден соққан қос қылыш та бар екен. Соның бірін батыр алып, екіншісін ұсталардың пірі Дәуіт пайғамбар қолдасын деген ниетпен Дәрменқұл ишанға беріпті, – дейді Ғабдулла Інаятұлы.

Жанқожаның қазасынан көп кейін көз жұмған ишанның қы­лышы ұрпақтарында қалса керек. Солардың бірі өткен ға­сырдың оты­зыншы жылдары осы өңірде қы­зылдарға қарсы өткен Асандар көте­рілісінде осы қаруды ұстап шы­ғыпты. Толқу күшпен басылып, Кеңес өкіметінің ұжымдастыру сая­сатына, есепсіз алым-салыққа қар­сы бас көтергендер, оларға бас бол­ған қожа-молдалар аяусыз жазалана бастағанда ишандар әулетінің алдын көрген мүриттері қылышты ортасынан сындырып, мұқият орап, көміп тастаған екен. Кейін заман түзеле бастағасын қазып алып, қайта жалғатыпты. Қылыштың өздерінде болуын қалағанмен Дәрменқұл ишан түстеріне еніп, «Аманат затты ұрпақ­тарыма қайтарыңдар» деген аян берген деседі. Осылайша, өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарынан кейін ғана, араға жүздеген жылдар салып құнды жәдігер өз иесін тапты.

 

ҚЫЗЫЛОРДА