Сенат депутаты аталған заң бұзушылықтың зардабы ауыр екеніне және құлқынның құлы болған мұндай кәсіпкерлердің іс-әрекетіне дер кезінде тосқауыл қою керектігіне назар аударған.
«Қазір әрбір дәрілік препарат пен медициналық бұйым есепке алынып, дәрігерлеріміз әрбір сырқаттың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан кезде мұндай сұмпайы кәсіпкерлердің ашкөздігі мен арамзалығы жағаны ұстатады. Олардың арам пиғылының ауқымы біздің мыңдаған отандасымыздың өміріне қауіп төндіріп, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне орасан зор нұқсан келтіре жаздады», делінген хатта.
Сонымен қатар сенатор бұл бассыздық тек отандық медицинаға емес, тұтас ұлтқа төнген қатер екенін де тілге тиек еткен. Шын мәнінде, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңына сәйкес азаматтардың өмірі, денсаулығы және амандығының жай-күйі ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі болып табылады. Сондықтан хатта қылмыстық іздестіру органдары фальсификат өнімдерді таратудан туындайтын ауыр салдарларды дәлелдеу керектігіне де баса мән берілген.
«Қазірдің өзінде халқымыз өте қиын жағдайды бастан кешіріп отырған жағдайда мұндай сорақы қылмыстың орын алуы ел қауіпсіздігіне төнген зор қатер деп бағалануға тиіс. Осыған орай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату, тарату және сақтаумен айналысатын мекемелерді шұғыл түрде тексеру керек. Мұндай астыртын цехтың қанша уақыт жұмыс істеп, фальсификат өнімдердің қанша мөлшерін таратып үлгеру мүмкіндігі де арнайы тексеруді қажет етеді», дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Бұдан басқа, хатта осы саладағы халықаралық тәжірибе де сүзгіден өткізіліп, мұндай қылмыстың ауқымы, адам өмірі мен денсаулығына тигізетін ауыр зардаптары қылмыстық жауапкершілік тұрғысынан саралануға тиіс екені айтылған. Сондай-ақ жалған дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарды даярлау, олардың атауы мен қораптарын заңсыз жолмен пайдалану да дербес қылмыстық құрам ретінде қарастырылуы қажеттігі жазылған.
Осыған байланысты Сенат депутаты дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарды пайдалану саласындағы қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін жедел қолға алу керектігін алға тартып, бұл істе Жоғарғы палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қолдау мен көмек көрсетуге әзір екенін жеткізген.
Сенатордың мәлімдемесі жария етілген күні түстен кейін алдамшы дәрі-дәрмек жасаушылар мен оны ұйымдастырушылардың қамауға алынғаны хабарланды. Бірақ күдіктілердің аты-жөні көрсетілмеуіне қарағанда, олардың артында дүмі мықты біреулер тұрғандай көрінеді.