Онлайн отырысты ашқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халықтың денсаулығы қоршаған ортаның тазалығымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Адам бойындағы түрлі аурулардың қоршаған ортадағы келеңсіз өзгерістерге тікелей немесе жанама түрде байланысты екені анықталған. Алайда осы жағдайға, халық денсаулығының нашарлануына экологиялық факторлардың себеп болатыны әзірге елімізде жеткілікті деңгейде ескерілмей келеді. Экологиялық сауатсыздықты жою халық арасында жүргізілетін маңызды мәселеге айналуы тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі жалпыхалықтық экологиялық сауат ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі», деді ведомство басшысы.
Жиында сөз алған эко белсенді Арман Хайрулин келесі жылды Экология жылы деп жариялауды ұсынды. Оның ойынша, соңғы 20 жыл ішінде Экология жылы жарияланбаған. «Біз көршіміз Өзбекстаннан халықтың өсімі бойынша бірнеше есеге артта қалып келе жатырмыз. Бұл проблема шын мәнінде дәл осы экологиялық жағдайдан туып отыр. Біз ашаршылықты геноцид деп танысақ, қазір сол нәубетпен пара-пар экоцид жағдайында тұрмыз. Сондықтан нақты іске кірісетін кез келді. Егер Экология мәселелерімен айналысатын арнайы министрлікті құрған Президентіміз Қ.Тоқаев келесі жылды экология жылы деп жарияласа, біраз негізгі түйткілдердің түйіні тарқатылар еді», деді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Білім және ғылым министрлігінде арнайы құрылған жұмыс тобы экология пәнін мектеп бағдарламасына енгізу бойынша жұмысты бастады. Бірақ ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов экологиялық білім мәселені толығымен шешпейтінін жеткізді. «Экологияны қорғауға бағытталған жұмыстарды жүргізуге мемлекеттен қаржы бөлуді қою керек. Оның ешқандай нәтиже бермейтінін, жай ғана Үкімет қаржысын желге ұшыратынын тәжірибеден анық көрдік. Негізі, экологияны қорғау әр адамның өзінен басталуы керек. Мен, мысалы, өзімнің жеке көлігімді тастадым. Қазір қоғамдық көлікпен жүремін», деді ол.
Осыған қарамастан кейінгі ұрпаққа экологиялық білім беру қашан да, қай елде де өзекті болып отыр. Соның бір дәлелі болар, дөңгелек үстелге Ресейден қатысқан танымал экоблогер Роман Саблин онлайн-мектептердің жұмысы нәтиже беретінін, сондай-ақ осы тәжірибені Қазақстанға да енгізуге болатынын айтты. Қазір экологиялық білім беретін ресейлік онлайн-мектептерде қазақстандық оқушылар да оқиды екен.