Қазақстан • 28 Шілде, 2020

Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің маңыздылығын көрсетті - министр

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров "Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жеке секторлары арасындағы азық-түлік жеткізу тізбегін дамытудағы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының рөлі" атты веб-конференцияға қатысты, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің маңыздылығын көрсетті - министр

Іс-шараға ИЫҰ-на мүше елдердің өкілдері, сондай-ақ Ислам сауда, өнеркәсіп және ауылшаруашылық палатасының (ICCIA) бас хатшысы Юсеф Халави және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (IOFS) бас директоры Ерлан Байдаулет қатысты.

Айта кету керек, Юсеф Халави мырза - ірі халықаралық инвестициялар жөніндегі маман, бірқатар халықаралық компаниялардың директорлар кеңесінің мүшесі. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Хатшылығының шақыруымен 2020 жылы шілдеде АҚИҰ мен ICCIA арасындағы ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азиядағы халал стандартын дамыту мақсатында Қазақстанға сапармен келу керек болатын. Алайда, пандемияға байланысты бұл сапар кейінге шегерілді.

Онлайн-конференция барысында инвестициялар мен исламдық қаржыландыру, сауда-саттық төңірегіндегі, ақпараттық технологиялар, сақтандыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ИЫҰ-ға мүше елдердің жеке секторында байланыс орнату туралы ақпарат пен пікірлер ортаға салынды.

Сапархан Омаров азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінде халықаралық ұйымдар рөлінің маңыздылығына тоқталды.

"Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлері азық-түлік өнімдерін қайта өңдеудің ислам қауымдастығын (IFPA) құруға шешім қабылдады. Бұл біздің сапа стандарттары саласындағы ынтымақтастығымызды және азық-түлік өнімдерін өндіру мен сатуды ұлғайту үшін берік негіз болады деп сенемін. Қауымдастықтың  мақсаты - сауданы кеңейту, исламдық қаржыландыруды тарту, ақпарат алмасу, байланыс орнату, ұйымға мүше елдер арасында экспорт пен импортты арттыру", - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сапархан Омаров коронавирус пандемиясы азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, сондай-ақ халықты уақтылы және тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығын айқындап бергенін атап өтті.