Қоғам • 29 Шілде, 2020

«Жау жағадан алғанда...»

835 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аяғына тұсау, мойнына шалма салдырмай діңкелеткен асаудай көрінетін сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің абыройына нұқсан келтіріп қана қоймай, экономикалық тұрғыда дамуымызға да барынша кері әсерін тигізіп отырғанын қоғамымыздағы барлық тарап қымсынбай мойындайды.

«Жау жағадан алғанда...»

Бұл тұрғыдағы жағымсыз көрсеткіштер қол жеткізілген үлкен табыстарды сөз еткендей мәнерде баяндала беретін болды. Сыбайлас жемқорлықтың жалпы ел дамуы­на қаншалықты кедергі жасап отырғанын цифрлық көрсеткіштермен жобалап болса да нақты ешкім есептеп бере алмайды. Егер оның тежегіштік күшінің деңгейі, әуре-сарсаңы, уақыт­тан ұтылдыруы, халық сеніміне кері әсері, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ке­сірі, қаржылық-экономикалық зардабы есеп­те­ліп шығарылып, қорытынды статистика ұсы­нылса, оның ешкімге оңай әсер ете қоймасы анық.

Сыбайлас жемқорлықтың негізгі пайда болу себебі – ашкөздік, ел мүддесін ойланбай сату, салдары – жазылуы қиын ауыр дерт, өтелуі қиын қыруар шығын және т.б. Халық бұл «тажалдың» еркін тасыраңдауына бірінші кезекте мемлекеттік атқарушы органдарды, бюджеттік мекемелерді, дәлірегі олардағы шенділерді кінәлі санайды. Бұған түсіністікпен қарауға болады. Өйткені сыбайлас жемқорлық оқиғаларының басты кейіпкерлері аталған салалардан көптеп шығып жатқанын, әсіресе жоғары лауазым иелерінің жиі әшкере болатынын қоғам көріп отыр. Сондықтан ел-жұрттың «бәріне кінәлі – билік» деп, бір жақты ой түймесіне амалы жоқтай. Мәселен, осы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен әшкереленген тұлғалар саны артқан. Олардың әр бесіншісі мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы екен.

Әрине, бұл жерде қарапайым халық өкілдері­нің де белгілі бір деңгейде жауапкершілігі бар. Олар да бұл жауапкершіліктерін орындама­ғандықтан кінәлі саналуы мүмкін. Бірақ азаматтар өздерін сыбайласуға, пара беруге мәжбүр етушілердің, жең ұшынан жалғасуға итермелеушілердің құрбаны санап, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін арқасынан оңай аударып тастай салады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек», деп атап көрсеткен-ді. Президенттің бұл талабын қоғам кезінде қызу қолдап, «бәре­келді» дескен. Алайда қойылған талапқа сәй­кес қолға алынған жұмыстар туралы, «мына меке­медегі мемлекеттік қызметкер сыбайлас жем­қорлықпен ұсталғандықтан, сол мекеменің бірінші басшысы мынадай жаза арқалады» деген мазмұндағы ақпараттардың үні естілмейді. Әрине, бұл бағытта азды-көпті жұмыстарды жоққа шығара алмаспыз, бірақ ол Президент талабына, халық тілегіне лайықты жауап бола алмайды.

Кез келген келеңсіздікті қоғам көзінен жасырып, бүркемелеуге болар. Бірақ ол уақытша тір­лік, бос әурешілік. Өйткені әйтеуір бір күні оның шындығымен бетпе-бет келуге тура келе­ді. Оның асқынған жағымсыз иісі бір жерден «тесіп» шығып, әлемге жайылғанда, көресіні сонда көрсетеді. Мұндай жағдай ел басына іс түс­кенде етектен тартқан бөрідей болатыны жаман.

Біздегі жасырып, бүркемелеуге қанша жерден тырыссаң да ырыққа көнбейтін ашкөздік пен жемқорлық азу тісін, шеңгелінің тікенін ең болмаса дәл қазіргі пандемия жағдайында жасыра тұруы тиіс еді. Жұрт солай ойлаған да болуы мүмкін. Бірақ ел басына іс түскенде жемқорлық пен қанағатсыздық тісі мен тікенін қоғамға қаттырақ батыра түскені кімді де болса ойлантуы тиіс. Бұл бір жағынан біздегі жемқорлық ахуалының тамырлап, өзектеп кеткенін көрсетсе керек.

Қысылтаяңда қыр көрсеткен кейбір сыбай­лас жемқорлық оқиғалары, оған қатысу­шы­лардың іс-әрекеті қауіп дендегенде ауырт­палықты бірлесе жеңуге бет бұрған халқымызға бұрынғыға қарағанда өте қатты кері әсер етуде. Қоғамның ашу-ызасын арттырды.

Індеттің таралуына қатысты өткен селек­тор­лық отырыста Мемлекет басшысы кей­бір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын тегіннен-тегін айтқан жоқ.

Қорыта айтқанда, мемлекет қазіргі таңда тек індетке қарсы ғана емес, жемқорлықпен де жо­ғары деңгейде күресуге мәжбүр болып отыр. Яғни бар мүмкіндік, қолдағы ресурс бір ғана бағытқа жұмсалып отырған жоқ. Бір жағынан індет, бір жағынан жемқорлар қысқанда ортақ жеңіске қол жеткізу ұзақ уақытты, көп шығынды талап ететіні белгілі. Қос майданда қатар күресу жеңісті алыстата береді. Есті ел жау жағадан ала қалса, бөрідей етектен тартуы мүмкін мәселелерді күні бұрын еңсеріп тас­тайды. Әзірге «бөрілердің әрекеті» жанға да, экономикаға да қатты батып тұр...