Ел адамдарының айтуына сүйенсек, Халел бұл аса жауапты да қатерлі тапсырманы орындауда батыл шешімді болғанға ұқсайды. Оба ауруы кезінде ауыл мен ауылды бір-біріне қатыстырмай, карантин жасатқызған. Ауру шығып, кісісі өлген қыстақтарды бөлек бақылауда ұстап, дәрігерлік көмек көрсетіп отырған, қора-қопсысын өртетіп, тышқандарды аулатып, құртқызып, кеселдің одан әрі жаппай жайылуына тосқауыл қойғызған. Тайсойған құмында өртелген қыстаулар орындары сол бір алыста қалған обыр жылдардың ескерткіштеріндей томпайып әлі жатыр. Бұл төмпешіктерге халық «Үш оба», «Бес оба» деп атау берген. Ерекше елегізетін бір жайт, бұдан жүз жылдан астам бұрынғы оба ауруының зардапты ізі бүгінге дейін жойылмай отырғаны. Тек соңғы 30-40 жылдың ішінде Атырау облысының Қызылқоға ауданында екі-үш дүркін оба ауруы қылаң беріп, елді үрейлендіріп, әбігер астында қалдырды. Қазіргі үрейлену құдайға шүкір, техника мен медицина арқылы шапшаң сейіледі ғой. Ал жүз жылдан астам бұрынғы үрейленуді көз алдыңа әкелетін жыр жолдарын оқығанда төбе шашың тік тұрады. Сондай ұзақ толғаудың бірі біздің қолымызда. Оны маған Миялыдағы Нәсіп Кенжиева есімді әжей берді. Ол – Халелдің жиені Сарман Ғапуриннің әйелі. Толғау бір дәптерге бөлек жазылған. Сыртында «Оба» деген жазу бар. Өкінішке қарай, сірә, алашордашыға байланысты деп қорыққандықтан болар, жазған кісінің, яғни автордың кім екені көрсетілмеген. Дәптердің бірінші бетіне «1913 жылы Калмыков қаласы Есім төбесінен оба ауруы шыққанда ішінде болған адам айтқан сөзі екен» делінген.
Дәптердің сыртында осылай делінуіне қарағанда жазған емес, айтқан кісінікі. Олай дейтініміз, Халелдің жеке архивінде бұл толғау сақталмаған. Осы пікірді ғалымның әдебиетшілігін зерттеп, ғылыми түйін жасаған филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұқанова да қоштайды. Сонымен қатар толғаудың жазылуында Халелмен шығармашылық бірлестікте болған ақын Ығылман Шөрекұлына тән өзіндік өрнектер, стильдік ерекшеліктер, жиырмасыншы жылдарға дейінгі өлеңді ауызша шығарудан жазуға ауысқандағы төселмеген қолтаңбасы байқалады. Қалай болғанда да бұл дәрігер Халел Досмұхамедұлының өмірі мен қызметінің елеулі бір парағы.
Оба туралы осы жан түршіктіретін жыр-дерек әлемді коронавирус індеті жайлап, пандемия алқымнан қысқанда ойға еріксіз қайта оралды. Оба да коронавирус сияқты шапшаң жұққыш, тез тарайтын қасіретті кеселдің өзі. Екеуінің ұқсастығы, пәле-жаласы бірдей, халыққа қырғидай тиеді. Ол кезде өлеңде айтылғандай «...Көреміз көз алдыңда ойран үйді//Ызбырай, зілмәңкесін-бәрін жағып//Қарайтып керегесін қойған үйді// Көбі өліп, азы қалды осы дерттен//Кем емес үшбу апат жанған өрттен//Секілді қара сия жұққыштығы//Ақыры себеппенен дағдыр жеткен//Хал білген, бата оқыған адамдардың// Бәрі де үлес алды келіп-кеткен...» болып, елге қасірет-қайғы әкелген. Егер коронавируспен дер кезінде күреспесек сондай күйкі көріністің кебін кимесімізге кім кепіл. Сондықтан карантин жариялап, жұртқа «Үйде болайық», «Жақыныңа жанашыр бол» деп ескертпелер беріп, орынсыз кезбелікке салынуға жол бермеудің алдын алу орынды-ақ. Бұдан бір ғасыр және жеті жыл бұрынғы эпидемия тұсында әлі де болса медицина дамымаған уақыт болатын. Сол себепті де шығын көп болды. Қазір шүкір, бетперде, үстіге киетін киім, қолғап, көзілдірік тәрізді сақтану құралдары пайда болды. Әсіресе, коронавирус жұқтырғандардың қақ ортасында жүрген медицина қызметкерлері оны оңтайлы пайдалана бастады.
Әділін айту керек, індеттің жолын кесу шаралары жаман емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап бүкіл халық болып онымен мігірсіз күресіп жатқаны қуантады, алғашқы кезеңде жіберілген кемшіліктерді, білместіктерді жою жұмыстары өріс алды.
«Оба» атты өлеңде «Сау бөлек, ауру бөлек, өлген бөлек//Айнала қарауыл тұр дөп-дөңгелек//Араннан қарғып өткен сұр киіктей// Қатысқан қаза тапты елден бөлек» дегеніндей жағдай бүгіндері де қайталанып отыр. Адамдар ауруды бір-біріне жұқтырады, білгеннің тілін алмайды. Садақаға барады, той тойлайды. Оқыған, тоқыған жақсылар мен жайсаңдардың өздері көңіл қимастықпен қайтыс болғандарды соңғы сапарға шығарып салуға барып, арандап қалып, коронавирус, пневмония (өкпе қабынуын) кеселдерін жұқтырып, арты қайғылы жағдайға ұласып жатқан жайт жетерлік.
Бір жақсысы, өңірімізде індеттің жаппай етек алуына жол бермеу жолдары қарастырылып жатыр. Карантин, кеселге шалдыққандарды бөлектеп емдеу, күдікке іліккендерді оқшаулау, көшеде жүруге, той-топырға шектеу қою, жаңа емдеу орындары құрылыстарын қысқа мерзімде тұрғызу және тағы басқа шаралар көңілге медеу береді. Өкінішке қарай, осындай қат-қабат жұмыстарды көрмей босқа даурығушылық, түймедей кем-кетікті түйедей етіп жариялау барып тұрған оңбағандық. Ел ішіне іріткі салуға неге үйірміз?! Мұндай кер ауыздарға тосқауыл қоймауға болмайды. Әлеуметтік желідегі ауыздарына не келсе соны айтатындар, әншейінде екі сөздің басын құрай алмайтын, бүгінде көсемсіп, «білгірге айналғандар» көбейіп барады. Оның есесіне бәріміз, бүкіл адамзат болып індетпен жұмыла күресуіміз қажет-ақ. «Үйде бол» десе үйде болайық, «Қыдырма» десе қыдырмайық. «Садақаға барудан тыйыл» десе тыйылайық. Шыдайық! Жаугершілікті де, ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де, бодандықты да бастан өткеріп, жеме-жемде жеңе білген қазақ халқы бұл тығырықтан да шығары кәміл. Соған имандай сенейік. Біз біргеміз, әлеумет!
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы
АТЫРАУ