Елорда • 29 Шілде, 2020

Елорда стационарларынан бір күнде 300-ден астам адам емделіп шықты

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала тұрғындары өздерін ажалдан арашалап қалған жандарға, медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда стационарларынан бір күнде 300-ден астам адам емделіп шықты

Бүгін қалалық стационарлардан 305 астам адам емделіп шықты. Олардың көбі пневмония мен коронавирус инфекциясына шалдыққан егде жастағы адамдар.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Біржан Абдуллин бүгін ауруханадан шыққандардың бірі. 

"Елді ауру сырқаудан арашалап қалып жатқан Қазақстанның денсаулық сақтау қызметкерлеріне мың алғыс! Республика даңғылында орналасқан емдеу орталығына өкпенің қабынуы бойынша ем алуға келгенмін. Қатты ауырып келіп едім, қазір үйге оралғалы тұрмын. Қуанышта шек жоқ, мың алғыс", – дейді ақсақал.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Петр Васильев екі жақты өкпе қабынуымен ауруханаға жатқызылған.

"Дәрігерлерге, барлық медицина қызметкерлеріне кәсіби біліктілігі үшін үлкен рахмет! Он төрт күнде мені аяғыма тұрғызды. Бәрі жақсы, қазір өзімді жақсы сезінемін!" – дейді зейнеткер.

Қазақстан астанасында COVID-19 және пневмонияны емдеу бойынша оң нәтиже байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі коронавирус инфекциясымен және пневмониямен күрес бойынша пәрменді шаралар қабылдауда.

Бұл шілденің басынан бастап ауруханаларға түскен науқастар санының төмендеуінен байқалады. 5 шілдеден бастап қабылданған карантин шаралары мен амбулаториялық емдеуді күшейтуден кейін стационарлардағы пневмониямен ауыратын науқастардың саны 1348-ден 633 адамға дейін (екі еседен астам) азайды. Жедел жәрдем станциясына шақыртулар саны тәулігіне 3 мыңнан 1100-ге дейін үш есе қысқарды.

Нұр-Сұлтандағы коронавирус инфекциясынан емделіп шыққандар саны 70% – 10 320 науқастың 7 260-ы сауығып шықты. Төсек-орын қорының жүктемесі 99%-дан 38%-ға дейін азайды. COVID-19 инфекциясының оң динамикасын сақтау үшін, барлық қала тұрғындары қатаң санитария нормаларын: маска тағып, қашықтық сақтауы қажет.